Accessibility links

Оралда тәуелсіз бақылаушылардың нөмірін жарнама сайттарына жариялап тастаған

"Жария" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекнұр Сыражанов (оң жақта) және ұйым мүшесі Хәкім Меңдібай. Орал қаласы, 13 наурыз 2026 жыл.
"Жария" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекнұр Сыражанов (оң жақта) және ұйым мүшесі Хәкім Меңдібай. Орал қаласы, 13 наурыз 2026 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында референдумды бақылайын деп отырған “Жария” қоғамдық бірлестігінің екі өкілі Хакім Меңдібай мен Самал Ғилманованың атынан белгісіз біреулер Olx пен хабарландыру жарияланатын мессенжерлерге өтірік жарнама жазып, нөмірлерін жариялаған.

“Осының салдарынан бақылаушылардың телефонында тыным жоқ, жұмыс істеуіне кедергі жасалып жатыр” деді ұйымның төрағасы Бекнұр Сыражанов 14 наурызда Азаттыққа.

“Кеше видео түсіріп, ол видео Facebook-та тұр, қарап көрсеңіздер болады, “Орал қаласындағы учаскелердің бәрін қамтимыз ба деп отырмыз, бірақ бақылаушылар жетіспей жатыр. Бақылаушы болғысы келетін азаматтар болса, міне, мына нөмірге хабарласыңыз” деп Хакім мен Самалдың нөмірін қалдырған едік. Сол видео жарияланғаннан кейін бүгін таңертеңнен бастап, сол жарияланған екі нөмірдің біреуін olx-қа салып жіберген, кір машинасын сатады деп. Екіншісін мына оңтүстік жақта жұмысқа шақыратын WhatsApp-топтар бар ғой. Сондай топқа салып жіберген. Енді сол “жұмыс керек” деп қайта-қайта хабарласып, мазасын алып жатыр” деді ол.

Бақылаушылар полицияға арыз түсірген. Полициядағылар арызды қабылдап алған.

Ұйым төрағасының сөзінше, аймақта тәуелсіз бақылаушы боламын деген азаматтарға қысым жасалып жатыр, соның салдарынан кемінде 10 адам бақылаушы болудан бас тартқан.

“Оларға “ермеңдер” деп айтылғаннан, қазір енді бақылаушы болуға ниет білдірген қыз-жігіттер бақылаушы болудан бас тартып жатыр. Оларға енді жұмыс керек қой. Жұмыстарынан айырылмау үшін бас тартады. Отбасыларын асырау керек, несиелерін төлеу керек деген сияқты. Біз оларға "бақылаушы бол" деп талап қоя алмаймыз” деді Бекнұр Сыражанов.

Ақпан айының соңында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы "Жария" тәуелсіз байқаушылар бірлестігіне "сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізгені үшін" (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 120-бап 3-бөлігі) 65 мың теңге көлемінде айыппұл салған еді. Бұған Facebook желісінде Jaria парақшасында жарияланған "15 наурыз күнгі референдумды бақылау керек пе?" деген "тақырыпта жариялаған сауалнамасы түрткі болған".

XS
SM
MD
LG