28 тамызда Орал қаласының тұрғыны Қуаныш Молдалиев қала орталығындағы Абай алаңында жалғыз адамдық пикет өткізді. "Ханституция" деген жазуы бар плакатпен шамамен жарты сағаттай тұрды. Молдалиев "шыдамы таусылғанын" және жоғары билік айтып жүрген "заң мен тәртіп" әуелі жоғары жақтан басталуы керектігін айтты.
Акция кезінде Молдалиев телефоннан тікелей эфир жүргізді.
"Ертең Түркіменстан немесе Солтүстік Кореяға айналамыз – бізге қандай шаш үлгісі немесе қандай киім кию керектігін айтатын болды. Қазірдің өзінде бізге қалай амандасу керектігін айтып жатыр" деді ол трансляция кезінде.
Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ерлердің амандасу нормасы туралы сын айтты. Ол ер адамдардың құшақтасып, сүйісіп амандасуын салт-дәстүрімізде болмаған, жат нәрсе деп сипаттап, «байырғы құндылықтарға оралу керек» деді.
Жергілікті Umarovnews басылымының жазуынша, пикет кезінде Молдалиевке бірнеше рет полиция қызметкерлері, әкімдік пен прокуратура өкілдері келген. Олар акцияның заңсыз екенін алға тартып, тоқтатуды талап етті.
Молдалиев пикетті тоқтатудан бас тартты. Біраз уақыттан кейін полицейлер оны қызметтік көліке отырғызып, полиция бөліміне жеткізген.
Кейін белсендінің әлеуметтік желідегі парақшасында "бейбіт митинг үшін 10 тәулікке қамады" деген хабарлама пайда болды.
Қуаныш Молдалиев әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазақстанда жалақы аз болғандықтан тұрғындар отбасын асырау үшін Еуропаға кетуге мәжбүр екендіктерін бірнеше рет жазды. Молдалиевтің екі баласы бар, біріне тұрақты күтім керек.