Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержанов екі айға қамалды. Бұл жөнінде адвокат Виталий Вороновқа сүйенген журналист Вадим Борейко хабарлады.
“Бүгін, 5 наурызда 20:50-ден кейін, Оразалы Ержановтың 10 күндік қамау мерзімі аяқталған кезде, оны екі айға қамады. Мұны маған адвокат Виталий Воронов хабарлады” деп жазды журналист.
Бұған дейін адвокаты оның 10 күнге қамалуына қатысты шағым түсіргенмен шағымы қаралмағанын хабарлаған.
Адвокат Виталий Вороновтың Азаттыққа айтуынша, Оразалы Ержановтың бұрын жарақаттанған қолы қайта іріңдеп, оны мазалай бастапты.
“Кеше сот процесі болды, оны онлайн режимде көрдім. Көрдім, сұрадым. Оған суық тиген, жөтеледі. Қолы жарақаттанған еді, сол іріңдей бастаған. Өзі айтты. Ал жалпы қамау жағдайына шағымы жоқ. Маған экран арқылы көрінбейді ғой, оның сөзіне сүйеніп айтып отырмын, оны қолы мазалай бастапты. Оған мекемедегі медицина бөліміне көрінуге кеңес бердім” деді адвокат.
Әзірге, мекеме өкілдері түсініктеме бермеді.
Жаңа Конституция жобасын сынаған, заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержанов 23 ақпанда Алматыда ұсталған. 25 ақпанда тергеу соты он күнге қамаған. Оның әйелі тінту болғанын да айтқан еді.
Алматы полициясы 26 ақпанда сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген қоғам белсендісі жуырда ол референдумға “ақылды бойкот” жариялау идеясын ұсынған еді. Ержановтың Facebook-тағы парақшасы кейінгі кезде "тазаланып", қазір соңғы жазба ретінде 8 ақпан күнгі пост болып тұр.