Жексенбі, 1 маусым күні Ресейдің бірнеше өңіріндегі әскери әуе базаларына дрондар шабуыл жасады. Украинаның арнаулы қызметі Ресейдің 40 әскери ұшағын жоюды көздеген "Өрмек" ("Паутина") операциясы жайлы хабарлады.
"Осторожно, новости" telegram-арнасы Мурманск облысындағы Оленегорск қаласының тұрғындары жарылыстар мен өрт болғанын хабарлады деп жазды. Қаланың іргесінде "Оленья" әскери аэродромы бар. Supernova+ telegram-арнасы кемінде он жарылыс естілген дейді.
Baza telegram-арнасының мәліметінше, дрондар автотұрақта тұрған жүк көліктерінен ұшып шыққан. Бір жүк көлігінің жүргізушісі ұсталған.
Әлеуметтік желілерде ақпарат тарап кеткеннен кейін Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис аймаққа дрондар шабуыл жасағанын растады. Алайда ол шабуылдардың нақты қай жерде және қандай нысандарға жасалғаны жайлы ақпарат бермеді. Шенеунік халықты дрондарға қатысты фото және видеоларды әлеуметтік желіге жүктемеуге және ешкімге жібермеуге үндеді.
Сонымен қатар, Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастаған 2022 жылдан бері алғаш рет Сібірге дрон шабуылы жасалды. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің айтуынша, Средний кентіндегі әскери бөлім шабуылға ұшыраған.
"Новомальтинск елді мекеніндегі ескі ғимаратқа бір дрон түсті. Дрондардың нақты саны әлі анықталған жоқ", – деді ол.
Бұған қоса, Кобзев дрондар ұшып шыққан жүк көлігі "бұғатталғанын" хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Иркутск облысы Усольск ауданында әуеге түтін көтеріліп жатқаны көрінетін фотосуреттер мен видеолар жарияланған. Ол жерде ресейлік Ту-22М3 бомбалаушы ұшақтары жайғасқан "Белая" әскери аэродромы бар.
Рязань облысының губернаторы Павел Малков та өзі басқаратын өңірге дрондар шабуылдағанын хабарлады. Оның айтуынша, ешкім зардап шекпеген.
"Атып түсірілген дронның сынығы бір тұрғын үйдің шатырын зақымдады, қандай материалдық шығын келгені есептеліп жатыр", – деп жазды ол.
Рязань қаласының іргесінде "Дягилево" әскери аэродромы орналасқан.
Украиналық "Бабель" басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, Украина арнаулы қызметтері 40-тан астам ресейлік әскери ұшақты (арасында А-50, Ту-95 және Ту-22М3 бар) жоюды көздеген "Өрмек" операциясын іске асырды деп хабарлады.
Журналистер бірнеше видео да жариялады. Солардың бірінде Иркутск облысындағы "Белая" әскери аэродромына дрон шабуылы жасалған сәт деп көрсетілген бейнежазба бар.
Кейінірек "Бабель" басылымының Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздері украин дрондары Ресейдегі төрт әскери нысанды – "Белая", "Дягилево", "Оленья" және "Иваново" аэродромдарына шабуыл жасағанын растаған.
Дереккөздердің айтуынша, Украина арнаулы қызметтері Ресей әскери аэродромдарына шабуыл жасау операциясына бір жарым жыл бойы дайындалған. Оны Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі тікелей қадағалаған, ал операцияны Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк пен оның қоластындағы қызметкерлер жүзеге асырған.
Алдымен Ресейге дрондарды, одан соң арнаулы контейнерлерді жеткізген. Кейінірек сол контейнерлерге дрондарды жасырып орналастырған. Ал контейнерлер қақпағын ашуды және ішіне жасырылған дрондарды ұшыруды қашықтан басқарған.
Украина арнаулы қызметі "жиынтығы 41 ресейлік ұшаққа шабуыл жасалды, бұл операцияға қатысқан адамдар қазір Украинада" деп хабарлады.
Axios басылымы аты-жөні аталмаған украин шенеунігінің сөзіне сүйеніп, Украина бұл операция жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін алдын ала хабардар еткен деп жазды. Ал CBS News дереккөздері болса, Ақ үй бұл шабуылдан хабарсыз болған деп айтқан.