АҚШ президенті Ормуз бұғазы блокадаға алынатынын мәлімдеді. Дональд Трамптың айтуынша, АҚШ теңіз күштері Ормуз бұғазына кіретін не шығатын кемелердің барлығын тоқтатпақ.
АҚШ орталық қолбасшылығы жексенбінің кешіндегі мәлімдемесінде блокада 13 сәуірдің таңында басталатынын, оған Иранның барлық порты кіретінін хабарлады.
Трамп сондай-ақ халықаралық теңіз суларында Иранға бұғаздан өту үшін ақы төлеген кемелерді анықтап, оларды ұстауды тапсырған.
"Заңсыз баж төлегендер ашық теңізден қауіпсіз түрде өте алмайды" деді ол.
Баспасөз құралдарының хабарлауынша, кейінгі апталарда Иран кей кемелерден бұғаздан өту үшін миллион долларға жуық ақы алған. Мұндай шартқа 250-ге тарта кеме келіскені, оның көбі Иранға және көлеңкелі флотқа қатысы бары айтылады.
Бұл – Ормуз бұғазындағы алғашқы дағдарыс емес. Теңіз тасымалын шектеп, әлемдік жанармай нарығын теріс ықпал еткен оқиға 1980 жылдары да болған.
"ЖАҢҒЫРҒАН ЕСТЕЛІКТЕР"
Арильд Сивертсон – Ормуздағы қазіргі дағдарысты ауыр қабылдаған бұрынғы теңізшілердің бірі. Ол жан жарасы қайта ашылғанын айтады.
"Осы соғыс кезінде бойымыздағы [посттравмалық күйзеліс] қайта қозды" деді ол Азаттыққа Норвегиядағы үйінен. "1980 жылдары сонда болған теңізшілерге қиын тиді, өйткені сол кездегі ауыр естеліктері оралып жатыр".
Сивертсон "танкерлер соғысы" кезінде Ормуз бұғазынан өткен кемелердің бірінде капитан болған. 1981-1988 жылдары болған сол соғыс Парсы шығанағындағы бүгінгі дағдарыстың жаңғырығы десе де болады.
"Танкерлер соғысы" 1980 жылы Ирактың Иранға басып кіруінен басталған үлкен соғыстың жалғасы болатын. Қақтығыс көп ұзамай Парсы шығанағына тарап, Ирак та, Иран да мұнай нысандары мен кемелерді атқылай бастады.
1980 жылдардың ортасына қарай Ирак Франция берген жойғыш ұшақтармен және кемелерді жоятын зымырандармен Иран мұнайын тасымалдайтын бейтарап кемелерге соққы жасай бастады. Ал Иран әскери фригаттар мен жылдам қайықтар көмегімен Кувейт пен Сауд Арабиясының порттарын пайдаланатын танкерлерге шабуылдады. Бұл қос араб елі соғыс кезінде Иракты қолдаған.
Шабуылға жүздеген кеме ұшырап, 100-ден астам сауда теңізшісі қаза тапты.
Өміріне қауіп төнген тұста теңізшілерге қосымша ақы ұсынып, танкерлерде қызмет етуін жалғастыра беруге көндіріп бақты. Кейде күндік ақы екі еселеніп төленді. Сивертсонның айтуынша, оның экипажындағы аға қызметкерлер де маңызды су жолы арқылы мұнай тасымалын жалғастыруға міндетті сезінген.
"Біз өз міндетімізді атқарғымыз келді, өйткені кеме иелері бізге "Ормуз бұғазын ашық ұстап, энергетика ресурсын алып шығуға тиіс екенімізді, әйтпесе бүкіл әлем экономикасы күйрейді" деп айтты" дейді ол.
"ЕШҚАНДАЙ ЖАРЫҚ, ЕШҚАНДАЙ ШАМ ҚОСЫЛМАЙТЫН"
Олав Миклебуст 1980 жылдары Парсы шығанағынан қатынайтын кемелерде инженер болып жұмыс істеп, Ирак авиациясының екі шабуылынан аман қалған. Дубай жағалауының жақын маңында болған бір шабуыл кезінде зымыран оның кемесінің жанынан өтіп, көрші тұрған кемеге тиген. Салдарынан ол кемедегі машина бөлімінде бірнеше адам опат болған. Миклебуст мұнай танкерінің менеджері болып қазір де осы салада жұмыс істейді.
Сала ардагері Ормуз бұғазынан өтіп жатқан кемелер көрініп қалмаудың 1980 жылдардағы әдістерін пайдаланып жатқан болуы ықтимал дейді.
1980 жылдары танкерлер шығанаққа қараңғы кезде кіретін дейді ол. "Ешқандай жарық, ешқандай шам қосылмайтын" және иллюминаторлардың бәрі бітелетін. "Радарды мүлдем дерлік қолданбадық, тек қосып бірден өшіріп отырдық. Әйтпесе жағалауға сигнал беріледі. Қазір де бұғаздан өту үшін солай істеп жатқан болуы керек".
Миклебустің айтуынша, өзге кемелердің соқтығысудың алдын алатын транспондерлер де өшірілуі мүмкін, өйткені бұл құрал теңіздегі кеме қозғалыстарын тіркеп отыратын сайттарға кеменің орнын анықтауға жол ашады.
"Танкерлер соғысы" жайлы кітап жазған Сивертсон 1987 жылы тамызда танкер капитаны ретінде қабылдаған шешімі туралы айтқанда толқып кетеді.
Қараңғыда аммиак толы танкерін Ормуз бұғазынан байқаусыз өткізу үшін Сивертсон радио құрылғыларды өшіріп қойып қозғалған.
Кенет жарқ еткен жарық байқалған. Қашықтау жерде дәл солай жасырын өтпек болмаған кемеге Иранның жылдам қайықтары шабуылдаған.
"Зымырандарды көрдік, оны қысқатолқынды радиодан да естідік. Капитан шарасыз күйге түсті" деп еске алады Сивертсон. Ол кемеден радио арқылы апат дабылы тараған.
"Бойымда ішкі арпалыс болды" дейді зейнеттегі теңізші. Шабуылға ұшыраған кемеге көмек қолын созу суицид жасауға пара-пар болатын. Бірақ норвег теңізшісі SOS дабылын радио арқылы басқаларға тарата алатын. Оны теңізшілер ретрансляция деп атайтын.
"Бірақ олай сигналды таратсам, Иранның шабуылдаушы қайықтары жақын маңда тағы бір танкер барын біліп қоюшы еді" дейді Сивертсон. Сөйтіп ол үнсіз қалу туралы шешім қабылдаған.
"Мен өз кемеміздегі 24 адамның тағдырын ойлап, дабылға жауап қатпай қараңғыда үнсіз жүзе бердік".
1980 жылдары Ирак пен Иранның шабуылына жүздеген кеме ұшыраған соң, АҚШ Парсы шығанағындағы танкерлерді сүйемелдеуге әскери кемелерін жұмсады. Бірақ бұл қадам қайғылы жағдайға әкелді. 1987 жылғы мамырда АҚШ теңіз күштерінің "Старк" дейтін кемесіне Ирак ұшағынан жіберілген екі зымыран тиді. Кейінірек Бағдат мәлімдеме жасап, пилот әскери кемені танкермен шатастырып алған деді. Осы оқиға салдарынан 37 америкалық теңізші қаза тапты.
Бір жылдан кейін тағы бір қайғылы оқиға болды. Парсы шығанағындағы танкерлерді сүйемелдейтін америкалық кемелерге әскери амал жүргізудің жаңа ережесі шығып, АҚШ теңіз күштерінің "Венсен" дейтін кемесі Иран жолаушылар ұшағын әскери ұшақпен шатастырып алған. Кемедегілер ұшаққа бағытын өзгерту керегін ескертіп, артынша оған қарай екі зымыран ұшырған. Зымыран нысанға дәл тиіп, ұшақта болған 290 адам түгел қаза тапты.
Иран-Ирак соғысы 1988 жылы аяқталып, бір айдан соң АҚШ кемелері Парсы шығанағындағы танкерлерді сүйемелдеуді доғарды.
1980 жылғы "танкерлер соғысының" ардагерлері Ормузды бүгінде де АҚШ әскери кемелері көмегімен ашуға болатынын айтады. Алайда Сивертсон мұндай қадам қазіргі қақтығысты ушықтырып жіберуі мүмкін дейді.
Миклебуст 1987 жылғы шілдедегі оқиғаны мысал етті. Ол кезде АҚШ әскери кемесі теңіз минасына ұрынған. "[Бұл оқиға] әлемнің ең қуатты теңіз күштерінің өзі ондағы жағдайды толық бақылауда ұстай алмайтынын көрсетті" дейді ол.