Accessibility links

Ормуздың ізінен Қызыл теңіз бұғатқа ұшырай ма? Ирандағы соғыс және Йемендегі хуситтер

Жаңа іріктелген хусит жауынгерлері Йемен астанасы - Сананың түбінде бас қосқан сәт. 2024 жыл.
Жаңа іріктелген хусит жауынгерлері Йемен астанасы - Сананың түбінде бас қосқан сәт. 2024 жыл.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы әлемдік энергетика нарығын дүрліктіріп жіберген еді. Бұдан өзге тағы бір қауіп бар: әлемдік сауда үшін маңызы зор Баб әл-Мандеб бұғазының Йеменге қарасты жағалауы Иран қолдауына ие қарулы топтың бақылауында.

АҚШ пен Израильдің Иранды бомбалауына жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазын бұғаттап тастаған соң, әлемдік энергетика нарығы дағдарысқа ұшырап, мұнай бағасы күрт артқан еді. Сарапшылардың айтуынша, егер енді әлемдік сауда үшін маңызы зор Баб әл-Мандеб бұғазы жабылса, жағдай одан әрі ушыға түспек.

Иран жағалауындағы стратегиялық тар өткел – Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағы мен Араб теңізі арқылы мұхиттармен және әлемдік нарықтармен байланыстырады. Қызыл теңізге кіреберістегі Баб әл-Мандеб бұғазы дәл осындай маңызға ие. Бұл бұғаздың Йеменге қарасты жағалауын Иран қолдауына ие қарулы топ – хуситтер бақылауда ұстап отыр.

АҚШ террор ұйымы деп таныған және бұған дейін Баб әл-Мандеб бұғазы мен Қызыл теңізде халықаралық кемелерге шабуыл жасаған хуситтер – Тегеранның ең ықпалды одақтастарының бірі. Алайда олар әзірге АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына араласқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, егер олар қақтығысқа араласса, энергия нарығындағы дағдарыс одан әрі күшейеді.

"Хуситтерден қауіп төніп тұрғаны рас" дейді Иран мұнайы тарихын зерттеуші, Eurasia Group зерттеу орталығының сарапшысы Грегори Брю.

АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметінше, теңіздегі мұнай тасымалының 6 пайызы Баб әл-Мандеб бұғазынан өтеді.

Әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы саналатын Сауд Арабиясы 28 ақпанда соғыс басталғалы Парсы шығанағындағы миллиондаған баррель мұнайын Шығыс-Батыс мұнай құбыры арқылы Қызыл теңізге бағыттап жатыр.

Грегори Брюдің айтуынша, қазір Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі Янбу портынан мұнай тиеу үшін Қызыл теңізге қатынап жатқан танкерлердің қарасы көп.

"Бұл мұнай нарығы үшін өте маңызды, өйткені ол Парсы шығанағының бұғатталуынан туған қысымды азайтады" дейді ол. "Алайда егер хуситтер Янбуға шабуылдап, терминалдан жасалатын экспортқа кедергі келтірсе, күніне 7 млн баррель мұнай тасымалы қиындай түседі".

"КЕЗ КЕЛГЕН СӘТТЕ СОҚҚЫ БЕРУГЕ ДАЙЫНБЫЗ"

Хуситтер Ирандағы соғысқа араласатыны жөнінде мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ қарулы топтың жетекшісі Абдул Мәлік әл-Хуси қажет болса, кез келген сәтте соққы беруге дайын екенін айтты.

"Әскери эскалация және әрекетке келсек, жағдай соны талап етсе, кез келген сәтте соққы беруге дайынбыз" деді ол 5 наурыздағы үндеуінде.

Иранның жартылай ресми Fars ақпарат агенттігі 12 наурыз күнгі хабарында хуситтер сақ отырғанын, Тегеран жағында соғысқа араласуы мүмкін екенін баяндаған. Агенттік хуситтердің соғысқа кірісуі Баб әл-Мандеб бұғазының бұғатталуына әкелуі мүмкін деді.

Хуситтердің Ирандағы соғысқа қатыспай отырғанының артында бір есеп бар ма, әлде бұл топтың әлсіреуінің белгісі ме – мұны әзірге дөп басып айту қиын.

АҚШ пен Израиль кейінгі жылдары хуситтерге соққы жасап, олардың әскери қуатын әлсіретіп тастаған. Бұл қос елдің хуситтер шабуылына жауап болған. Хуситтер оның алдында Израильге және Қызыл теңіздегі халықаралық кемелерге зымыранмен және дронмен соққы жасаған. 2025 жылғы мамырда қарулы топ АҚШ-пен бітім келісіміне қол қойған.

Хуситтер – Иранның "қарсылық осі" дейтін одақтастар тобының маңызды мүшесі. Тегеран одақты Израильге қарсы құрған. Оған прокси күштер мен әскери топтар кіреді. Бірақ олардың арасында хуситтердің еркіндігі жоғары. Сарапшылардың айтуынша, Иран бұл топты толықтай бақылауда ұстап отырған жоқ.

"Қарсылық осінің" тағы бір мүшесі – ливандық "Хезболла" әскери тобы. Олар Израильге зымыран мен дрон ұшырып, екінші майдан ашты. Израиль бұған қарымта ретінде әскери топтың өзіне жойқын соққы жасап, Ливанға жаяу әскер жіберді және бұл елді әуеден де бомбалады.

"Меніңше, хуситтердің қаржылай және әскери жағдайы оларды ауқымды соғысқа араласудан тежеп отыр" дейді Брю. "АҚШ пен Израиль шабуылдары олардың Йемендегі күш-қуатына үлкен соққы болды. Олар қазір жауынгерлеріне жалақы төлеуге қиналып отыр".

Алайда Брюссельдегі International Crisis Group ұйымының Йемен бойынша сарапшысы Ахмед Нәжи хуситтердің әзірге соғысқа араласпауы – Иранмен келісілген есептелген қадам деп санайды.

"Иран барлық майданды бірден ашудың орнына эскалацияны біртіндеп жасап, хуситтер резервте ұстап отырған сияқты" дейді Нәжи. "Бұл тұрғыда, хуситтер ойынға кейінірек қосуға болатын карта іспетті. Олар Қызыл теңіздегі кеме қатынасын тежеп, ауқымды экономикалық және қауіпсіздік қысымын жасай алады".

Нәжидің айтуынша, хуситтерді ұстай тұру – Иран үшін маңызды құрал.

"Егер Иранға әскери қысым күшейсе немесе соғыс одан әрі ушықса, хуситтер Йемен ішіндегі майданда қаржылай қиындыққа тап болғанына қарамастан, соғысқа кірісіп кетуі мүмкін" дейді сарапшы. "Олардың қазір тартынып отырғаны селқостықтан гөрі ыңғайлы сәтті күту амалына ұқсайды".

XS
SM
MD
LG