Accessibility links

Орал соты белсенді Оқасовтың шағымын қанағаттандырмай тастады


Оралдық белсенді Орынбай Оқасов.
Оралдық белсенді Орынбай Оқасов.

"Заңсыз митингіге бір жыл ішінде бірнеше рет қатысқаны үшін" 20 тәулік әкімшілік қамауға алынған оралдық белсенді Орынбай Оқасовтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

Оның адвокаты Айсұлу Биялиева Орал қалалық әкімшілік сотының бұл жөніндегі 29 шілдеде шыққан қаулысына қарсы шағым түсірген. 3 тамызда сөз сөйлеген Биялиева іс материалдарында әртүрлі дата көрсетілгенін және мұның қате екенін айтты.

— Судья [Марат] Сейсенғали шешім шығарғанда екі түрлі датаны – 30 мамыр мен 30 маусымды атады, біз мұны заң бұзу деп санаймыз. Мұндай жағдайда сот шешімі заңсыз деп танылып, менің қорғауымдағы адам қамаудан босатылуы керек, — деді Айсұлу Биялиева.

Сот Оқасовты қамау туралы қаулыда заң бұзылмаған деп, оны күшінде қалдырды. Сонымен бірге сот хаттама толтыру кезінде қате жібергені үшін полиция қызметкерлеріне қатысты жеке ұйғарым шығарды.

Орынбай Оқасов шілденің соңында үшінші мәрте қамауға алынған, оған қатысты әрбір шешім белсенді қамауда отырғанда шыққан. Оған әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабының 11-тармағы бойынша ("Бейбіт жиналыс ұйымдастыру тәртібі туралы заңнамада белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген митингіге бір жыл ішінде қайталап қатысу") мамыр, маусым айларында өткен заңсыз наразылық шараларына қатысты деген айып тағылған. Оқасов бұл бейбіт жиындарға қатысқанын жоққа шығарды. Адвокаты Айсұлу Биялиеваның айтуынша, "Оқасов қателігін түсіне алмай жатыр", себебі "ол бостандыққа шығып та үлгермейді".

Оқасов 5 шілдеден бері қамауда отыр. Басқа белсенділермен бірге "Қазақстаның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына тыйым салу шешіміне қарсылық білдіріп, аштық жариялап отырған оны сол күні жеке тұрғын үйдің ауласында полиция әкетіп, қамауға алған.

Акцияға қатысушылар Еуропа одағынан “адам құқығын бұзғаны үшін” Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке санкция салуды сұраған. Шараға қатысқан басқа белсенділер де қамауға алынды.

2020 жылы астанадағы Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді.

Қазақстан билігі "Көше партиясын" қуғында жүрген экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ның жалғасы санайды.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды дейді.

Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG