Қазақстанда шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) төңірегіндегі пікірталас қайта өршіді. "Қазақстан халық партиясының" депутаттары мұндай ұйымдарға бақылауды күшейтуді ұсынып, шетелдік гранттар елдің ішкі ісіне араласу құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін деп отыр. Ал азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар бұл айыптарды негізсіз деп санап, тәуелсіз ұйымдарға қысым күшеюі мүмкін екенін ескертеді.
2026 жылғы 17 маусымда парламент отырысында мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ресми тізілім деректеріне сүйеніп, Қазақстанға ондаған миллион доллар көлемінде шетелдік қаржы түскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі үкіметтік емес ұйымдарға бағытталған.
Депутат Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында мұндай ұйымдарды "шетел агенттері" деп атады. Алайда Қазақстан заңнамасында әзірге мұндай термин жоқ.
"Шын мәнінде, бұл ұйымдардың көбі ондаған жыл бойы өз еліне деген өшпенділіктің жаршысы болып келеді. Құқық қорғау риторикасын бүркеніп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін жүйелі түрде бұзып, тұрақсыздыққа қолайлы орта қалыптастырып отыр. Бұл әрекеттерге ондаған жыл бойы тиісті құқықтық баға берілген жоқ, дегенмен іс жүзінде олардың қызметінде экстремистік әрекет белгілері бар" деді депутат.
Магеррамов мұндай ұйымдардың қызметінде экстремизм белгілері болуы мүмкін екенін айтып, олардың жұмысына бақылауды күшейтуге шақырды. Оның мәлімдемесін ондаған қазақстандық БАҚ жариялады.
Бұл мәлімдемеге медиазаңгер Гүлмира Біржанова жауап қатты. Оның айтуынша, депутат таққан айыптың негізі жоқ, өйткені шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар заң аясында жұмыс істейді әрі бірнеше деңгейдегі қаржылық бақылаудан өтеді. Олар егжей-тегжейлі есепті тек салық органдарына ғана емес, өзге де мемлекеттік құрылымдарға тапсырады. Сондықтан кез келген депутат ресми сауал жолдап, үкіметтік емес ұйымдардың шетелдік гранттарды қалай жұмсайтыны туралы ақпарат ала алады.
"Қазақстандағы қандай да бір ұйымның қызметіне тыйым салынса, яғни ол ұйым мемлекеттің негіздеріне қарсы әрекет етсе немесе конституциялық құрылысқа қарсы қылмыс жасаса, ондай ұйым автоматты түрде заңсыз деп танылады" дейді Media Qoldau ұйымының заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова. "Ал шетелден қаржы алатын қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар түрлі мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мемлекеттік кірістер комитеті мен Құқықтық статистика комитетіне ресми есеп береді. Демек, Магеррамов айтқан ұйымдардың қызметі толықтай заңды. Әйтпесе мемлекеттік органдар олардың есептері мен декларацияларын қабылдап, олармен жұмыс істей алмас еді".
Қазақстан салық кодексіне 2018 жылы құқық қорғау, зерттеу саласында немесе ақпарат, қоғамдық қызмет саласында жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғаларды шетелден алған қаражаты үшін есеп беруге міндеттейтін норма бар. Қаржы министрлігі осы дерекке сүйеніп, шетелден қаражат алушылар тізімін жариялайды. Билік бұл тізімдегілерді "шетел агенті" деп атамағанымен, қоғамдық талқыда "шетел агенттерінің тізімі" деген сөз жиі қолданылады.
Шетелден қаржы алатын ұйымдардың қатарында "ЭКОМ" экологиялық ұйымы да бар. Ол жұмыс істейтін Павлодар облысы – көмір, химия, металлургия және мұнай өңдеу өнеркәсібі шоғырланған индустриялық өңір. Сондықтан мұнда экология мәселесі аса өзекті дейді "ЭКОМ" ұйымының төрайымы Светлана Могилюк.
Оның сөзінше, облыс тұрғындары қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алып қана қоймай, оған әсер ететін шешімдерді қабылдау процесіне де қатысуы керек. Ал Магеррамовтікіндей мәлімдемелер азаматтық қоғамға кесірін тигізуі ықтимал.
"Қазіргі жағдайды ушықтыру және ойдан қауіп-қатер жасау үрдісі бүкіл үкіметтік емес сектордың қызметіне қауіп төндіріп отыр" дейді Могилюк. "Бірде біз "Соғыс пен бейбітшілікті жариялау" институты дейтін халықаралық ұйымнан қаражат алу үшін банктің рұқсатын ұзақ уақыт ала алмай қиналдық. Әрине, ұйымның атауынан қорыққан шығар. Ал шын мәнінде біз ұтып алған грант жайылымдарды мемлекеттік органдармен бірлесіп басқару жүйесін жақсартуға бағытталған еді".
Сарапшының айтуынша, шетелдік қаржыландыруға қатысты бақылау біркелкі жүрмейді. Мемлекеттік органдар да шетелден келетін қаражатты пайдаланады, бірақ оның қалай жұмсалатыны туралы дәл сондай ашықтыққа қол жеткізу қиындау.
"Біз Каспийдегі мұнай өндіру жобалары бойынша келісімшарттардың, әсіресе экологияға қатысты бөлігінің талаптарын бірнеше рет сұраттық. Бірақ бұл мәліметтердің бәрі қоғамнан жасырылған. Яғни мемлекеттің өзі үкіметтік емес сектордан талап ететін ашықтық қағидатын сақтамайды" дейді Светлана Могилюк. "Бірақ депутат неге екені белгісіз, шетелден қаржы пайдаланатын бизнес пен мемлекеттік органдарды емес, тек үкіметтік емес ұйымдарды тексергісі келеді. Бұл – біржақты көзқарас әрі еліміздің демократиялық сипатын әлсіретуге талпыныс".
"Шетел агенті" ұғымын депутаттар алғаш рет қолданып отырған жоқ. Олар шетелден қаржыландыру мәселесін осыған дейін де көтерген және оның көбі әдетте жағымсыз сипатта айтылады.
2025 жылғы ақпанда депутат Ирина Смирнова "шетел агенттері туралы заң" қабылдауды ұсынған еді. Алайда ол да, партияласы Магеррамов та халықаралық қорлар мен институттардың Қазақстанға бөлетін гранттары есебінен мемлекеттік жобалардың да жүзеге асырылатынын айтпады.
Мәселен, таратылып кеткен АҚШ халықаралық даму агенттігін (USAID) Магеррамов "қылмыстық ұйым" деп атап, оны "есі ауысқан радикалдар" басқарады деп мәлімдеген.
Депутаттардың бұл мәлімдемелерін қазақстандық Factcheck.kz жобасы талдап шықты.
"USAID Қазақстанда ел тәуелсіздігін алған кезден бастап (1992 жылдан бері) жұмыс істеп келе жатқанын және денсаулық сақтау, экономика, қаржы, құқықтық жүйе және басқа да салаларда Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсеткенін еске салайық. Бұл «қылмыстық ұйым» болса, билік оны әлдеқашан байқар еді" делінген Factcheck.kz жобасының хабарламасында.
Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов шетелдік қаржыландыруға назардың күшеюін адам құқықтары мен қоғамдық бақылау саласында жұмыс істейтін ұйымдардың қызметімен байланыстырады.
"Олар сөз бостандығына қатысты мәселелерді, журналистердің қудалануын бақылап, бейбіт жиындарды қадағалайды, белгілі бір администраторлар ілгерілеу бар деген әсер қалыптастыру үшін тарататын фейктерді анықтайды. Осындай бақылау мен жариялылық болмауы үшін мұндай ұйымдардың мүмкіндіктері біртіндеп шектеліп келеді. Олардың заң аясында жұмыс істеу кеңістігі де тарылып жатыр. Кейін оларды іс жүзінде оқшаулайды. Мұның әрі олар қоғамдық процестерге қатыспауы және ақпаратқа қол жеткізе алмауы үшін жасалады" дейді Әлжанов.
Қазақстанда әзірге "шетел агенттері туралы" заң жоқ. Бірақ құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің пікірінше, шетелдік қаржыландыру төңірегіндегі риториканың өзі азаматтық қоғам ұйымдарына қысым жасап отыр.
"Шетел агенттері" мәселесі көтерілген мәжіліс жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін жұмысын тоқтатты. Тамыз айындағы сайлаудан кейін елде жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай жұмыс істей бастайды. Сондықтан "шетел агенттерімен күрес" мәселесі жаңа парламентте қайта көтерілуі де мүмкін.
Көрші Ресейде "шетел агенттері туралы" заң 2012 жылдан бері қолданылады. Ол жерде бұл мәртебе үкіметтік емес ұйымдарға, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына, құқық қорғаушыларға ғана емес, қарапайым азаматтарға да қысым көрсетудің, оларды таңбалаудың, айыппұл салудың және қызметін шектеудің құралына айналды.