Accessibility links

Ошта Украинадағы соғыста қаза болған қырғыз азаматы жерленді

29 қаңтарда Қырғызстанның Ош қаласына Украинадағы соғыста қаза болған 56 жастағы қырғыз азаматының сүйегі жеткізілді. Бұл жөнінде Turmush басылымы жазды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам Ресейдің Ростов облысына дрон шабуылы кезінде ауыр жарақаттанып, ауруханада көз жұмған.

Ақпаратқа қарағанда, Қырғызстанда туған ер адам 2000-жылдардың басында нәпақа табу үшін Ресейге кеткен және 2007 жылы сол жақта азаматтық алған.

"2014 жылдан бері Ресей қарулы күштерінде жалдамалы қызметкер болды және командир болған. Бұрын Қырғызстан ішкі істер органдарында қызмет еткен" деді туыстары.

Былтыр қазанда украиналық "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғыста қаза болған қырғыз азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 143 қырғыз азаматының аты-жөні болған.

Былтыр мамыр айында Ресей тергеу комитетінің жетекшісі Александр Бастрыкин Петербург заң форумында Ресейдің Украинаға қарсы соғысына Ресей азаматтығы бар Орталық Азиядан шыққан 20 мың адам қатысып жатқанын айтқан.

Украинада соғыс басталғалы бері Ресейде күштік құрылымдар Ресей азаматтығын алған ер адамдарды іздестіру бойынша жиі рейд жүргізген. Оларға шақыру қағазын беріп, әскери комиссариаттарға күштеп апарған. Кейде оларды "Ресей азаматтығынан айырамыз" деп қорқытып Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға мәжбүрлеген.

2024 жылы Бастрыкин күштік құрылымдар Ресей азаматтығын алған, бірақ әскери тіркеуге алынбаған 30 мыңнан астам мигрантты ұстағанын айтқан. Шамамен он мыңы "окоп қазып, бекіністер салу үшін" тылға жіберілген.

2023 жылы қазанда Александр Бастрыкин Украинадағы соғысқа барудан бас тартқан мигранттары Ресей азаматтығынан айыруды ұсынған еді.

XS
SM
MD
LG