Accessibility links

Өскеменде сарбаздың қазасына қатысты іс бойынша тергеу аяқталды

Әскери прокуратура ғимараты. Көрнекі сурет.
Әскери прокуратура ғимараты. Көрнекі сурет.

Өскемен гарнизонында қаза болған сарбаздың өлімі бойынша әскери бөлімдердің бірінің батальон және взвод командирлеріне қатысты тергеу амалдары аяқталды. Бұл жөнінде бас әскери прокуратура хабарлады.

“Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, қаза болған әскери қызметшіге және оның алты қызметтесіне психологиялық қысым көрсеткені анықталды. Сонымен қатар взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін орындаудан шет қалған” деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, “жеткілікті дәлелдемелер базасы жедел жинақталған”, “тиісті сараптама жүргізіліп, қылмысқа қатысы бар барлық тұлға анықталған”.

“Билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау фактілері бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды” деді бас әскери прокуратура.

Одан бөлек, бөлім командирі және оның екі орынбасары лауазымдарынан босатылған, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Биыл қаңтар соңында Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде сарбаз өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақаттан көз жұмғаны хабарланған еді.

Ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін Қазақстанда кейінгі жылдары әскери қызметшілер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиіледі.

Әскери бөлімдер сарбаздар өлімін көбіне суицидпен, жеке отбасылық мәселелермен және денсаулық жағдайымен байланыстырады. Бірақ марқұм болған сарбаздардың туыстары мұнымен келіспей, балалары кісі қолынан қаза тапты деп күдіктенеді.

Қорғаныс министрлігі бұған дейін Азаттыққа Қазақстанда 2024-2025 жылдары 88 әскери қызметкер қаза тапқан, оның 25-і өзіне қол салған деп хабарлаған. Суицид жасағандардың бесеуі – қатардағы жауынгер. Ресми деректе әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітімге жол-көлік оқиғалары, әуе апаты, ауру-сырқау негізгі себеп ретінде көрсетілген.

Айдар
XS
SM
MD
LG