Accessibility links

Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омардың ісі жеңілдетілген тәртіпте қаралмақ

Жақсылық Омар
Жақсылық Омар

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омардың ісі бойынша сот басталады. Бұл жөнінде Қазақпарат хабарлады. Алғашқы сот отырысы 19 наурызға тағайындалған. Бүгін соттың өткені-өтпегені туралы мәлімет жоқ.

Істі Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарайды.

Сот кабинетіндегі құжатқа сәйкес, Жақсылық Омар Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары ("ірі көлемдегі алаяқтық"), сонымен бірге 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы ("ірі мөлшерде пара алу") бойынша айыпталып отыр.

Сот ашық өтпек. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындағандықтан іс жеңілдетілген тәртіпте қаралмақ. Оған үкім 10 күнде шығуы мүмкін.

Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат алғаш рет желіде 13 ақпанда пайда болған. Сол кезде жергілікті әкімдік "ақпараттан хабарсыз" екендіктерін айтып, "әкімнің орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алды" деген.

18 ақпанда ҰҚК Жақсылық Омарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын растады.

45 жастағы Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айынан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның алдында шамамен бір жыл ШҚО әкімінің кеңесшісі болған. Ал 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарды.

Әр жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, ШҚО әкімінің орынбасары сияқты түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Мәдениет және ақпарат, қаржы министрліктері, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы, "Арна медиа" холдингісінде қызмет істеген.

XS
SM
MD
LG