Accessibility links

"Отбасы банк" Азия даму банкінен "Ұмай" және "Жасыл ипотека" бағдарламаларына 90 млрд теңге тартпақ

Қазақстанның тұрғын үй жинақ жүйесіне маманданған "Отбасы банк" Азия даму банкінен (ADB) 90 млрд теңге қарыз тарту туралы келісімге қол қойды. Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қаржы әйелдерге арналған "Ұмай" және "Жасыл ипотека" бағдарламалары бойынша ипотека несиесін беруге жұмсалмақ.

Банк мәліметінше, алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам ипотека қарызын беру жоспарланған. Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бұған дейін "Ұмай" бағдарламасы арқылы 3 660 әйел тұрғын үй алғанын айтты. Бұл бастама Қазақстандағы әйелдердің баспаналы болу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

"Ұмай" бағдарламасына қатысушылар дайын тұрғын үйді, салынып жатқан пәтерді Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе сақтандыру тетігі арқылы, сондай-ақ тұрғын үй нарығынан 2016 жылдан бергі кезеңде салынған баспананы сатып ала алады. Банк бір несие аясында үй сатып алу мен жөндеуді қатар қаржыландыруға мүмкіндік барын айтып отыр.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, 25 жылға дейінгі мерзімге берілетін несиенің ең жоғарғы мөлшері – 50 млн теңге болмақ. Жөндеу жұмыстарына қосымша 15 млн теңгеге дейін қарыз қарастырылған, оны да 25 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Бұл үшін клиенттің банктегі депозитінде 0-ден 50 пайызға дейінгі мөлшерде бастапқы жарнасы болуы шарт.

Ал "Жасыл ипотека" бағдарламасы бойынша сатып алынатын тұрғын үй OMIR сертификатының күміс, алтын немесе платина деңгейіндегі "жасыл стандарттарына" сай болуы керек. Банк Қазақстандағы тұрғын үйлердің 80% астамы энергияны көп тұтынатынын, сондықтан мұндай өнім коммуналдық шығындарды азайтып, құрылыс нарығында экологиялық стандарттарды дамытуға серпін береді деп санайды.

Екі бағдарлама бойынша да қарыз алушылар кейінгі жарты жылдағы ресми табысын растауы қажет. Тұрғын үйді елдің кез келген өңірінен, тіркеу орнына қарамастан сатып алуға болады, әрі үміткердің бұрыннан баспанасы бары шектеу болмайды.

"Отбасы банк" "Ұмай" мен "Жасыл ипотека" бағдарламаларының нақты іске қосылатынын уақытын кейінірек жариялайтынын хабарлады.

"Отбасы банк" — 2003 жылы құрылған, Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын жалғыз мамандандырылған қаржы ұйымы, банк акциялары толықтай мемлекетке тиесілі. Азаматтар әуелі банк депозитіне қаражат жинап, кейін төмен мөлшерлемемен баспана несиесін рәсімдей алады.

Айдар
XS
SM
MD
LG