"ЕШКІММЕН ҚОШТАСПАЙМЫЗ"
12 маусым, жұма күні түстен кейін Астанада Amanat партиясының 25-сиезі өтті. Жиында сөйлеген парламент мәжілісі депутаты Үнзила Шапақ Amanat партиясының жақында ғана тіркеуден өткен "Әділет" партиясымен күш біріктіру бастамасын қолдайтынын айтты.
"Қазіргідей кезеңде ұлт мүддесі, елдің тұрақтылығы мен дамуын қандай да болсын саяси қайшылықтардан жоғары қою қажет. Осы тұрғыдан Amanat пен "Әділет" партияларын біріктіру бастамасын біз қоғам мен мемлекет мүдделеріне қызмет ететін саяси күштердің әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған шешім деп қарастырамыз", деп мәлімдеді депутат Шапақ.
Оның пікірінше, мұндай қадам "саяси жүйенің табиғи дамуы және ел мүддесіне қызмет ететін күштердің ортақ мақсат жолында бір арнаға тоғысуы" болмақ.
Amanat партиясының жетекшісі, Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов кейінгі жылдардағы өзгерістерге қарамастан, халық санасында әлі күнге дейін "партияның өткеніне қатысты ассоциациялар" барын айтты.
Оның пікірінше, Amanat "заман логикасы, мемлекет мүдделеріне және қоғам талаптарына" сәйкес келетін қадам жасап, "өз тарихының жаңа бетін ашуы керек".
"Қазір елге жікшілдік емес, бірігудің жаңа тораптары керек. Және осындай жауапты сәтте біз бірігіп, ресурсымызды жаңа "Әділет" партиясына қосуымыз керек" деді Amanat төрағасы.
"Біз қазіргімен өмір сүреміз және алға ұмтыламыз, жаңа Конституция қабылдадық, алда көп жұмыс бар, сондықтан біз артқа жалтақтамаймыз, ешкіммен қоштаспаймыз", деді Қошанов сиезден кейінгі журналистерге арналған брифингте.
Бұған қоса ол биыл тамызда сайланады деп айтылып жүрген бір палаталы жаңа парламент – Құрылтайдың құрамына Amanat партиясының қазіргі депутаттары да кіруі мүмкін екенін айтты. "Бәрін халық шешеді" деді Қошанов.
"НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚҰЛАҒЫ ҚЫЛТИЯДЫ"
Amanat мүшесі, мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өз партиясы өзге саяси ұйымға қосылып жатқандықтан "Әділет" партиясы деп аталатынын айтты. Ондаған жылдық тарихы бар алпауыт партияның кеше ғана пайда болған жаңа ұйымға қосылуының сыры неде, неліктен оны өзіне қосып алмады деген Азаттықтың сауалына Ерлан Сайыров:
– Бұл жерде үлкен бір мәселе бар. Amanat партиясы үш жыл жақсы жұмыс істеді, халықтың миссиясын орындады. Бірақ Amanat партиясының артында Нұрсұлтан Назарбаевтың құлағы шығып тұрады, шынын айту керек. 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа дәуірге, жаңа саяси жүйеге өтеді. Сондықтан, менің ойымша, осындай кезде партиялық тұрғыда да жаңару болуы қажет. "Әділет" – жаңа құрылған партия, жаңа саяси идея, идеал бар, сондықтан бұл жердегі мәселе – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүгінен толық арылу, – деп жауап қатты.
Өткен ғасырдың аяғынан бері билікте отырған Amanat партиясының (бұрынғы "Отан", "NurOtan") биыл мамырдың бас жағында құрылтай жиынын өткізген, ал мемлекеттік тіркеуден өткенін 1 маусымда хабарлаған жаc саяси ұйым - "Әділет" партиясымен бірігуі мүмкін екенін кейбір сарапшылар алдын ала болжаған еді.
Ондай болжамдар өткен аптада Amanat партиясының саяси кеңесі жиынынан кейін айтылған. Сол кезде "Amanat-қа "Әділет" я басқа қосылуы ықтимал, бірақ Amanat ешкімге қосыла қоймайды", деген пікір айтқан мәжілістегі Amanat фракциясының жетекшісі депутат Айдос Сарым енді бұл қадамды уақыт талабы деп түсіндірді.
– Соңғы жеті жылдың ішінде көптеген, қоғамға жік салған мәселелер бірінен кейін бірі жабылып жатыр. Атышулы олигархтар Қазақстаннан ысырылып жатыр, активтер елге қайтып жатыр, бұл да сол қатардағы құбылыс деп айтсақ қателік болмайды. Осының алдында біздің әріптестеріміз де бұл туралы мұра мәселесі, мұраның халық ішінде қабылдану мәселесі туралы айтты ғой. Сол себептен, жаңа конституциялық кезең, жаңа конституциялық дәуір басталған кезде әрқайсымыз белгілі бір шешімдерді қабылдауға мәжбүрміз, – деді Сарым Азаттыққа жұма күні Amanat жиынынан кейін.
Бұған дейін кей сарапшы билікті қолдайтын бұл екі партияның бірігуі асығыстық болады деп айтқан еді.
ЖАСАМЫС ПАРТИЯНЫ ЖАС ПАРТИЯҒА ҚОСУ
Осыдан бір айдан сәл астам уақыт бұрын Қазақстанның саяси сахнасына жаңадан шыққан "Әділет" партиясы өз қатарына мүше болып кіргенге дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебайды партия жетекшісі етіп сайлаған.
"Әділет" өзін президентті қолдайтын және "әділ Қазақстан" үшін күресетін партия ретінде көрсетеді. Жаңа ұйым "президенттің стратегиялық бағытын институционалдық қолдаушы" болғысы келетінін мәлімдеген. Партияның саяси кеңесінде "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, белгілі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева, "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Ирина Тен, саясаттанушы Марат Шибутов, президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуова және басқалар бар.
Бір кезде елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабынан басталып, 1999 жылы "Отан" деген атпен құрылған, ал 2006 жылы желтоқсанда атауы "NurOtan" болып өзгертілген партияны ұзақ уақыт бойы Назарбаевтың өзі басқарып келген. 2019 жылғы 19 наурызда Назарбаев өкілет мерзімі аяқталмай жатып президент қызметінен кеткеннен кейін өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс президенттік сайлауға "NurOtan" партиясының кандидаты ретінде қатысып, жеңіске жеткен.
Кемінде 238 адамның ажалына себеп болған Қаңтар оқиғасынан соң партияның саяси кеңес құрамы мен саяси бюро мүшелері ауысып, атауы Amanat болып өзгерді. 2022 жылғы 26 сәуірде Тоқаев партиядан шығатынын мәлімдеп, партия төрағалығын мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа тапсырған. Сол жылы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Amanat бастаған бірнеше саяси партия мен қоғамдық бірлестіктер құрған коалицияның кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да жеңіске жеткен.
Тоқаев тұсындағы конституциялық реформаға сәйкес, ел президенті ешбір саяси партияға мүше бола алмайды.
Қазір Қазақстанда ресми тіркелген сегіз партия – Amanat, "Ақжол", "Ауыл", Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, Қазақстан халқы партиясы (коммунистер), "Ауыл", "Байтақ" және "Әділет" бар. 2023 жылғы парламент сайлауында тізімдегі алғашқы алты партия мәжіліске өткен.
Назарбаев тұсында да, одан кейін де Amanat парламентте абсолютті басымдыққа ие, қатарында ең көп мүшесі, әр облыс-аудандарда филиалдары әрі үлкен материалдық-техникалық базасы бар партия ретінде билік арқа сүйейтін негізгі саяси күшке айналған.