Accessibility links

Otkir kurek басылымы Құрылтайға аккредитация ала алмады

Тәуелсіз Otkir kurek басылымына Құрылтайға аккредитация берілмеді. Басылымның бас редакторы Назымгүл Күміспаеваның хабарлауынша, редакция тиісті құжаттардың барлығын уақытында жіберген. Ақпарат құралы тіркелген. Бірақ Құрылтайға кіріп, жұмыс істеуге рұқсат ала алмаған.

“Осы тұста тәуелсіз БАҚ-қа заң шығарушы органның ғимаратында жұмыс істеуге рұқсат бермеу күрделі сұрақтар туғызады. Егер OTKIR KUREK барлық талапты орындап, ешқандай заң бұзбаған болса, неге бізге аккредитация берілмеді? Біз тәуелсіз БАҚ болғандықтан ба? Мемлекет қаржысына тәуелді болмағанымызда ма? Әлде редакциялық саясатымызды өзіміз анықтағандықтан ба? Немесе елдегі өзекті мәселелерді жариялап, сөз бостандығын қорғағандықтан ба? Не себепті бас тартып отыр?” деп жазды редакция 7 қазанда.

Олар Қазақстан Конституциясы сөз бостандығы, ақпарат алу мен тарату құқығына кепілдік беретінін, цензураға тыйым салатынын еске салады. “Конституцияны, өз ережелерін сақтау мен қоғам мен ақпарат құралдарына ашықтықты заң шығарушы органның өзі бірінші болып орындамағанда кім орындайды?” деді редакция өкілдері.

Редакцияның Instagram-дағы жазбасына пікір қалдырған Vera.kz бас редакторы Марина Низовкина да аккредитацияға құжаттарын жібергенін, әлі күнге дейін өтініштеріне жауап алмағанын хабарлады.

Мұндай оқиғалар елде тәуелсіз БАҚ-қа қысым күшейіп, журналистердің Құрылтайда сұрақ қоюы қиындаған тұста болып отыр.

Бұған дейін қазақстандық Ulysmedia онлайн-басылымы редакциясы өз тілшісі Әсем Ғұмарова Каспий теңізіне батып қаза тапқан 14 әскери қызметші туралы сұрақ қойғаннан кейін Құрылтай кеңсесінен ескерту алды. Басылым мұны 6 қазанда хабарлады.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Нәзира Дәрімбет күн тәртібінен тыс сұрақтар қойғаны үшін аккредитациядан айырыласың деп сес көрсету қауіпті прецедент тудырады және өзін-өзі цензуралауға ықпал етеді деп мәлімдеді. Оның пікірінше, ішкі ережелер сөз еркіндігі мен ақпарат алу құқығына берілген кепілдіктерді алмастырмауы керек.

Құрылтай ғимаратында депутаттарға өз бетінше сұрақ қоюға тыйым салынатыны 31 тамызда белгілі болған. БАҚ өкілдеріне ғимаратта депутаттармен тек ұйымдастырылған баспасөз жиынында және тек белгіленген күн тәртібі туралы сөйлесуге рұқсат етіледі деген жаңа талап енгізілді. Парламент қызметкерлері ол талаптар журналистерді аккредиттеу ережелері мен БАҚ туралы заңға сүйеніп қабылданғанын айтты.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мен сөз бостандығын және адам құқықтарын қорғайтын қазақстандық ұйымдар бұл шектеулерді алып тастауды талап етті. CPJ жаңа шектеулер қолданыстағы аккредиттеу ережелерінде немесе парламенттегі БАҚ жұмысын реттейтін басқа да ресми құжаттарда бекітілмеген деп мәлімдеді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG