Accessibility links

"Ішімдік сат, болмаса жабамыз". Өзбек билігі халал дәмханалармен күресе бастады


Өзбек ұлттық тағамы – палау.
Өзбек ұлттық тағамы – палау.

Өзбекстан билігі алкоголь сатпайтын, өзін "халал" деп жарнамалайтын кемі 10 дәмхананы жауып тастады. Дәмхана иелерінің айтуынша, күш құрылымдары "ішімдік сатуға келіссеңдер, бизнестеріңді қайта ашамыз" деген.

Өзбекстан билігі алкоголь сатпайтын бірқатар дәмхананың қызметін тоқтатты. Рестораторлар спирттік ішімдік сатуға келіссе, кәсібін қайта бастауға мүмкіндік барын айтып отыр.

Бұл – діни радикализациядан қорқатын Өзбекстан үкіметінің ислам дінін шектеуге деген кезекті талпынысы.

Бірнеше халал дәмхананың иесі Азаттыққа осы айда полиция, қауіпсіздік қызметі, салық органдары мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне жауапты инспекторлар кезектен тыс тексеру жүргізіп, дәмханаларын жауып кеткенін хабарлады.

– Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне жауапты мамандар асхананы қарады, салық органдары касса мен құжаттарды тексерді. Қауіпсіздік қызметкерлері намаз оқитын бөлмелерге кіріп, дәмхана қызметкерлерінің діни көзқарасын сұрады, тіпті, телефондарына дейін көріп шықты, – дейді Ташкенттік кәсіпкер.

Кәсіпкер анонимді түрде полиция мен қауіпсіздік қызметкерлері тексеріс жүргізуге құқығы барын растайтын құжат көрсетпегенін айтты.

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне жауапты мамандар себебін түсіндірместен, дәмхананы уақытша жауып кеткен.

Кәсіпкер дәмханада санитарлық талаптар қатаң сақталатынын, тазалыққа ерекше көңіл бөлініп, қызметкерлер үнемі таза, ақ униформа киіп жүретінін жеткізді.

Тағы бірнеше дәмхана осындай күтпеген тексерістерден кейін жабылған. Олар Ташкенттің әртүрлі ауданында орналасқан. Бірақ ортақ тұсы – тексеріске ілінген дәмханалардың бәрі халал тағам ұсынады, алкоголь сатпайды және намаз оқитын бөлмелері бар.

Ислам дінінде ішімдік ішуге болмайды. Бірақ 35 миллион халқының көбі мұсылман зайырлы Өзбекстанда алкоголь тұтынуға тыйым жоқ.

Азаттық Ташкенттегі өкілетті тұлғаларға хабарласып, бұл жағдайға қатысты пікір алуға тырысты. Бірақ шенеуніктер редакция сұрақтарына жауап бермеді.

Өзбекстандағы халал мейрамханаларға қысым құқық қорғаушылардың “Билік дін еркіндігін жақсартамыз деген уәдесін орындамай, реформалардан бас тартты” деген сынына тұспа-тұс келіп отыр.

Кей рестораторлар анонимді түрде тексерістен бұрын дәмханаға құпия түрде шенеуніктер келіп, жағдаймен танысып кеткенін айтты.

– Олар клиент сияқты келіп, ресторанда намазхана, алкоголь бар-жоғын тексеріп кетеді, – деді кәсіпкерлердің бірі.

Кәсіпкерлер сөзінше, билік өкілдері “құпия қонақтардың” пікіріне сүйеніп, тексеріс жүргізетін мекемелер тізімін жасаған. Рестораторлар алкоголь сатылатын ресторандар мен кафелерге тексеріс келмегенін байқаған.

Азаттық бұл ақпаратты дербес растай алмады.

Ташкент дәмханасында әзірленген лағман.
Ташкент дәмханасында әзірленген лағман.

УЛЬТИМАТУМ

Дәмхана жабылғаннан кейін бірнеше күннен соң, кәсіпкерді терроризмге қарсы күрес қызметінің өкілдері шақырған. Күш құрылымдары дәмхана иесіне алкоголь сатуға лицензия алып, шағын бар ашуға кеңес берген.

– Алкоголь сатсаңыз, жұмысыңызды жалғастыра аласыз. Қарсы болмағаныңыз, өзіңізге жақсы деп түсіндірді, – дейді кәсіпкерлердің бірі.

Басқа дәмхана иелері де осыған ұқсас кеңестер естіген. Олар күш құрылымдарының өкілдері қорқытып-үркітпей, өтініштерін кеңес бергендей емеурінмен жеткізгенін айтады.

– Шенеуніктер “Біз де мұсылманбыз, сіздерді жақсы түсінеміз. Бірақ шетелдік туристер алкогольді сусын ішкісі келеді” дегенге келтірді, – дейді мейрамхана иесі.

Кей кәсіпкерлер әлеуметтік желіде шенеуніктер дәмхана сыртындағы “халал” деген тақтайшаны алып тастауды талап еткенін мәлімдеді.

Рестораторлардың бірі алкоголь сатпау туралы шешімінің діни көзқарасына еш қатысы жоғын айтады. Ол бұрын дәмханада жұмыс істеп, ішіп алған қонақтар арасында жиі төбелес шығатынын көрген. Тіпті бір-біріне пышақ алып жүгіргендер, алкогольден уланғандар да болған.

– Осының бәрін көріп, өз рестораным болғанда, алкоголь сатпаймын деп шештім, – дейді ол.

Өзбек кафесінде ұсынылған тағам.
Өзбек кафесінде ұсынылған тағам.

НЕГІЗСІЗ ШЕКТЕУЛЕР

2016 жылы билікке келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев басында дін еркіндігін шектейтін біраз тыйымдарды алып тастады. Жаңа президент діни көзқарасы үшін түрмеге жабылған жүздеген тұтқынды босатты, қауіпсіздік қызметінің экстремистер тізіміне енген мыңдаған адамды қара тізімнен шығарды.

Бірақ кейінгі жылдары Өзбекстан билігі кері кетіп, дін еркіндігін қайта шектей бастады деген сын көбейді.

Өткен айда мүфти Нуриддин Холикназаров мұсылмандарды киіну мен сақал өсіруде қатты кетпеуге шақырды. Кейінгі кезде ерлердің сақалын күштеп алу, мұсылмандарды ұстап, тергеу жайлы ақпарат жиіледі. Мешіттегі азан дауысына қатысты да шектеулер енгізілді. Елдің бұрынғы басшысы Ислам Кәрімовтің кезінде де азан дауысы естіртуге тыйым салынатын.

Өткен айда АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы мұсылмандарды қорқытып, дін еркіндігін шектейтін шаралардың қайта қолданысқа енуіне байланысты алаңдаушылық білдірді.

Комиссия мүшелерінің 22 қыркүйекте жариялаған есебінде “Өзбекстан билігі кейінгі аптада дін өкілдеріне қарсы рейд жүргізіп, айыппұл салып, әкімшілік қамауға алған” делінген.

Баяндама авторлары түрмеге жабу сияқты әртүрлі қысым түрлері мұсылмандарды құлшылыққа келгенде өзін-өзі шектеуге итермелейді дейді.

Human Rights Watch ұйымының жақында жарияланған Өзбекстан туралы есебінде “Ташкент дінді әлі де қауіп көріп, бейбіт діни қауымдастықтар мен олардың өкілдеріне негізсіз шектеулер қолданады” деген жолдар бар.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG