Accessibility links

Өзбекстан Қазақстаннан алдырып соттаған қарақалпақ белсендісі Ринат Утамбетов түрмеден шықты

Ринат Утамбетов
Ринат Утамбетов

30 қыркүйекте Өзбекстанда бұрын Қазақстаннан экстрадицияланғаннан кейін 2025 жылдың сәуір айында сотталған 45 жастағы қарақалпақ белсендісі Ринат Утамбетов бостандыққа шыққан. Бұл туралы Адам құқығы жөніндегі Түрікмен Хельсинки адам құқықтары қоры хабарлады.

Ол Өзбекстанның Бұхара облысындағы колонияда жазасын өтеген. Қордың мәліметі бойынша, қазір Утамбетов Нөкіс ауданындағы ата-анасының үйінде.

Ринат Утамбетов 2024 жылғы 30 наурызда Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша Қазақстанның Алматы облысында ұсталған. Астана белсендіні 2025 жылдың қаңтарында Өзбекстанға экстрадициялаған.

2025 жылдың сәуірінде Қарақалпақстанның Тахтакөпір аудандық соты Ринат Утамбетовты екі жарым жылға бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтесін деген үкім шығарған. Оған Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 159-бабының 2-бөлігі ("Өзбекстанның Конституциялық құрылымына қол сұғу") және 244-1-бабының 3-бөлігі ("Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдарды тарату") бойынша айып тағылды.

Үкімде Утамбетов 2022 жылдың жазында Telegram әлеуметтік желісі арқылы үш "тыйым салынған" бейнежазба таратты деп жазылған. Олардың арасында Қарақалпақстандағы халық наразылығы қозғалысының жетекшісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың 2022 жылғы 1 шілдеде Нөкісте мешіт алдында сөйлеген сөзі және журналист Лолахон Қаллыханованың үндеуі және қазақ оппозиционері Серікжан Біләштің 2022 жылғы 28 маусымдағы видеосы бар. Утамбетов бұл бейнежазбаларды 10 адамнан – негізінен сыныптастары мен олардың кейбірінің әйелдері тіркелген "Шортанбай-1981" тобында таратқан (Шортанбай – Нөкіс ауданындағы ауылдың атауы).

Сол жылдың шілде айында оның бірінші сатыдағы соттың үкіміне берген шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастады. Утамбетовтің апелляциялық шағымында оның "Шортанбай-1981" тобының ұйымдастырушысы болмағаны, белсендіге тағылған бейнежазбалар сол кезде көптеген арналарда кеңінен тарағаны және сараптама талдауы бұл Утамбетовтің емес, әлгі видеолардың авторларының ұстанымына баға бергенін атап көрсеткен. Сот бұл дәлелдерді қабылдамады.

Ринат Утамбетов сот кескен жаза мерзімін толық өтеп шықты.

Белсенді Өзбекстанға ерікті түрде оралуға келісім бергеніне қарамастан, сот Утамбетовті оны Алматыдан экстрадициялауға Қарақалпақстан Ішкі істер министрлігі жұмсаған шығындарды – 2400 долларға тең ақшаны өтеуге міндеттеді.

45 жастағы Ринат Утамбетов – 2024 жылы Өзбекстан билігі "сепаратизм" бабы бойынша қозғаған қылмыстық істе күдікті ретінде іздеу жариялап, Қазақстанда ұсталған үш қарақалпақ белсендісінің бірі. Ол ешқандай оппозициялық ұйымдардың мүшесі болмаған. Утамбетов 2024 жылы сәуірде Қазақстанда ұсталып, желтоқсанға дейін Алматының тергеу изоляторында қамауда отырды.

Адам құқықтары жөніндегі Түрікмен Хельсинки қоры Ринат Утамбетовке шығарылған үкімнің заңдылығына күмән келтірді. Адам құқықтарын қорғаушылар белсенді ешқандай зорлық-зомбылық әрекет жасамаған деп мәлімдеді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG