Accessibility links

Азаттық зерттеуі: Мирзияев Өзбекстанды үлкен әулетімен бірге басқарып отыр


Өзбек президенті Шавкат Мирзияев отбасымен бірге дауыс беру учаскесінде. Осы күні өзбек жұрты президент сайлады. Ташкент, 9 шілде 2023 жыл.
Өзбек президенті Шавкат Мирзияев отбасымен бірге дауыс беру учаскесінде. Осы күні өзбек жұрты президент сайлады. Ташкент, 9 шілде 2023 жыл.

9 шілдеде өткен президент сайлауынан кейін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев билігін тағы жеті жылға ұзартып алды. Азаттықтың Өзбек қызметі Мирзияевтың көпшілік тани бермейтін туыстары билік пен байлыққа қалай жеткенін зерттеп көрді.

Сайлау күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев сайлау учаскесінде Өзбекстанның ықпалды тұлғаларымен суретке түсті. Олардың бәрі – президенттің туыстары.

Сол жағында үлкен қызы, президент әкімшілігінің коммуникация жетекшісі Саида Мирзияева мен күйеубаласы, Өзбекстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі – Ойбек Тұрсынов тұрды.

Мирзияева мен Тұрсыновтың ортасында екеуінің 18 жасар ұлы Миромон болды. Оған Шавкат Мирзияевтың әкесінің аты берілген. Өзбекстан президентінің әкесі өмір бойы Жизақ облысында дәрігер болып істеген.

Мирзияевтың оң жағынан оның Миралишер дейтін ұлы мен әйелі Зироатхон Хошимова көрінді.

Бірінші ханымның қасында Мирзияевтың кенже қызы, Ұлттық әлеуметтік қамсыздандыру агенттігі директорының орынбасары Шахноза Мирзияева мен оның күйеуі, кәсіпкер және президенттің қауіпсіздік қызметін басқаратын Отабек Умаров бар.

Инобат Мирзияева – Шавкат Мирзияевтың ең үлкен әпкесі. Анасы дүниеден ерте озып, тоғыз жасар Шавкатты баққан осы әпкесі.
Инобат Мирзияева – Шавкат Мирзияевтың ең үлкен әпкесі. Анасы дүниеден ерте озып, тоғыз жасар Шавкатты баққан осы әпкесі.

2016 жылы Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін билікке ұзақ жыл премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев келді. Содан бері Өзбекстан халқы Мирзияевтың отбасы мен жақындарын жақсы танып алды.

Азаттықтың Өзбек қызметі жүргізген зерттеу кландық басқаруға президентпен суретке түскен адамдардан басқа тұлғалар да кіретінін, Мирзияевтың алыс туыстарының өзі Өзбекстанның іскерлік және саяси топтарында үлкен ықпалға ие екенін көрсетті.

9 шілдеде Мирзияевтың бәсекесіз сайлауда жеңіске жетіп, тағы 7 жылға президент болып сайланғанын ескерсек, жақында қолында билігі мен байлығы бар адамдар тізімі жаңа есімдермен толығатын сияқты.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕРЕКШЕ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ӘПКЕСІ

Шавкат Мирзияев 9 жасында анасыз қалған. Оны өзінен үш жас үлкен әпкесі Инобат өсірген.

Қолда бар шектеулі ақпаратқа қарағанда, Инобат Мирзияева – діншіл әйел. Ол 2013 жылы келіні Зироатхон Хошимовамен және немере сіңлісі Саида Мирзияевамен Меккеге барған. Отбасылық суреттерден Инобаттың дәстүрлі діни киімде жүретінін байқауға болады.

Инобат Мирзияева – президент отбасындағы ең ықпалды әйел. Бірінші некесінен туған үш баласы бар. Екінші рет Жизақ облысында "жанармай бекетінің патшасы" деп танылған Торабой Ярлакаповқа тұрмысқа шыққан.

Үлкен қызы Гулноза Омонова Ташкенттің Мирзо-Улугбек ауданындағы №324 балабақшаның директоры болып істейді. Қызметі қарапайым болып көрінгенімен, №324 балабақша – жай мекеме емес.

Бұл балабақша Оңтүстік Кореядағы университет пен компанияның қолдауымен күрделі жөндеуден өтіп, жабдықталған.

Шахноза Мирзияева білім министрлігіндегі мектепке дейінгі білім беру бөлімін басқарғанда осы №324 балабақша "мектепке дейінгі білім беру саясатының жарқын үлгісі" болды.

Маусымда президенттің кенже қызы білім министрлігінен кетіп, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы лауазымды қызметке ауысты.

№324 балабақшаны басқаратын Омонованың бұдан бөлек, Ташкентте IKEA-ға ұқсайтын English Home дейтін дүкені бар. Дүкенде сатылатын заттар мен жиһаздарды көбінің қалтасы көтермейді. Омонованың күйеуі Наджим Абдужаббаров – Ташкенттегі контрабандалық тауарлар сатылатын Абу Сахи базарында тасымал саласындағы ірі ойыншылардың бірі. Азаттықтың Өзбек қызметі бұл деректерді сәуір айындағы зерттеуі кезінде әшкере еткен.

Гулноза Омонованың сіңлісі Юлдуз Омонова автомобиль нарығынан табыс тауып отыр. Ол 2018 жылдан бері әртүрлі көлік түрлерін сататын Truck And Bus Trade Group және Turon Avto компанияларын басқарады.

Омонованың дилерлік орталығына лицензия алу да, тауар табу да еш қиын емес. Өйткені күйеуі Сардор Махмуджонов автосалондарға лицензия беретін мемлекеттік монополист – UzAuto Motors компаниясын басқарады.

Инобат Мирзияеваның қыздары.
Инобат Мирзияеваның қыздары.

Бірақ Омонованың қайын атасы Октам Махмуджонов ұлы мен келінінен де бай. Ол – президент Мирзияевтың жақын серігі. Жизақтағы "Согдиана" деп аталатын футбол клубы бар. BMB Trade Group компаниясы басшысының кеңесшісі және директорлар кеңесінің мүшесі. Бұл конгломерат Мирзияев президент болғаннан кейін төрт айдан соң құрылған. Көп ұзамай компания ауыл шаруашылығы, құрылыс, қалдық өңдеу сияқты әртүрлі салаларды қамтып, жалпы құны 1 миллиард долларды құрайтын 20-ға тарта жобамен айналыса бастады. Компания Жизақ және Сырдария облысындағы мыңдаған гектар құнарлы жерді сатып алған.

Президенттің төрт бауырының ішінде Инобат Мирзияеваның орны бөлек. Мирзияевтың одан бөлек, тағы бір әпкесі, қарындасы және інісі бар. Олар құрылыс, табиғи газ сияқты стратегиялық маңызды салаларда бизнеспен айналысады. Бұл деректердің бәрі Азаттықтың Өзбек қызметінің бір сағаттық видеорепортажында қамтылған.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің зерттеуі Инобат Мирзияеваның ықпалы зор екенін көрсетті.
Азаттық радиосы Өзбек қызметінің зерттеуі Инобат Мирзияеваның ықпалы зор екенін көрсетті.

Өзбек отбасыларында әкесінің туыстары басымдыққа ие болғанымен, Мирзияевтың нағашылары да кенде қалмаған.

Жемқорлық жайлаған Өзбекстанда президенттің туыстарына байлықты тиімді көбейту үшін саясатта сенімді адамдары болғаны керек.

Президенттің қарындасы Матлюба Мирзияеваның Моксироксон дейтін қызы бар. Сол Моксироксонның күйеуі Әлішер Имомназаров Мирзияев билікке келгеннен кейін Бас прокуратурадағы тергеушілерді бақылау бөлімінің басшысы болып тағайындалған. Ол құқық қорғау органдары қозғаған кез келген іске араласа алады.

Шавкат Мирзияевтың немере қарындасы Моксироксонның күйеуі Әлішер Имомназаров Мирзияев билікке келгеннен кейін Бас прокуратурадағы тергеушілерді бақылау бөлімінің басшысы болып тағайындалған.
Шавкат Мирзияевтың немере қарындасы Моксироксонның күйеуі Әлішер Имомназаров Мирзияев билікке келгеннен кейін Бас прокуратурадағы тергеушілерді бақылау бөлімінің басшысы болып тағайындалған.

Осыған ұқсас жағдайды Инобат Мирзияевадан да байқауға болады. Қызы Умида арқылы тапқан құда-жекжаттарының бірі мемлекеттік активтерді басқару агенттігінің Ташкенттегі бөлімін басқарып отыр.

Ахад Раззоковтің бұл қызметтегі рөлі маңызды. Ол қыруар қаржы айналатын, қағаз жүзінде мемлекетке, ал шын мәнінде президент отбасына тиесілі Абу Сахи, Олой базарларын басқарады.

Президенттің әпкесі үшін құнды активтердің бірі – Өзбекстан экономикасы мен қаржы секторын бақылауда ұстайтын вице-премьер Жамшид Умаров.

Азаттықтың Өзбек қызметі сөйлескен ақпарат көздерінің дерегінше, Инобат Мирзияеваның немерелерінің бірі Жамшид Кучкаровтың ұлына тұрмысқа шыққан. Осыдан кейін Кучкаров ешкім тиісе алмайтын "супер-министрге" айналған.

БІРІНШІ ХАНЫМ

Мирзияевтың әйелі Зироатхон Хошимова Орталық Азия елдеріндегі бірінші ханымдарға ұқсамайды. Ол көпшіліктің алдына жиі шығып, күйеуінің жанында көп жүреді.

Азаттық сөйлескен көптеген адамның айтуынша, Хошимова үкіметтегі маңызды тағайындауларға араласып отырады. Денсаулық сақтау саласы мен дәрі-дәрмек нарығында үлкен ықпалға ие.

Бұл ақпаратты 2020 жылы Азаттықтың Өзбек қызметі жүргізген басқа зерттеу де растайды. Ол зерттеуде пандемия кезінде 65 жастағы бірінші ханымға қарасты қайырымдылық ұйымы Қытайдан оттегі концентраттарын тауып, импорттауға атсалысқаны айтылады.

Хошимова президентке өзі туған Ферғана облысындағы ықпалын күшейтуге көмектесті.

2007 жылы Мирзияевтың кенже қызы Шахнозаның Қоқан қаласында туған Умаровқа тұрмысқа шығуына да бірінші ханым себепкер болғаны айтылады.

Ташкентте Инобат Мирзияеваның үлкен қызы Гулноза Омонованың IKEA-ға ұқсайтын English Home дейтін дүкені бар.
Ташкентте Инобат Мирзияеваның үлкен қызы Гулноза Омонованың IKEA-ға ұқсайтын English Home дейтін дүкені бар.

Кәрімовтың кезінде жұрт көзіне түспеуге тырысатын екі жақтың туыстары қазір байлығын жасырмайды.

Хошимованың отбасы Совет одағы кезінде саяси ортаға құрметті отбасылардың бірі болған.

Мирзияевтың атасы ауылдан шыққан қарапайым кісі болғанын ескерсек, президент өзінен ықпалды үйдің қызын алған деуге болады.

Хошимованың немере сіңлісі Диора 2009 жылы Өзбекстанда туған ресейлік олигарх Әлішер Усмановтың немере інісі Бобур Усмановқа тұрмысқа шыққан. Сөйтіп Мирзияев әйелінің туыстары арқылы Ресейдің бай кәсіпкерімен құда болды.

Ел өзбек президентінің әйелі Зироатхон Хошимова кіші күйеу баласының ықпалын арттыруға үлес қосты деп біледі.
Ел өзбек президентінің әйелі Зироатхон Хошимова кіші күйеу баласының ықпалын арттыруға үлес қосты деп біледі.

Диора мен Бобур Ресейде шалқып өмір сүрді. Бірақ 2013 жылы Бобур жол апатынан қайтыс болды.

Олигархтарға күмәнмен қарайтын Кәрімовтың тұсында Усмановпен байланыс аса құпталмайтын.

Диора Мирзияев билікке келгеннен кейін екінші рет тұрмысқа шықты. Қазір ол Ташкентте мейрамхана, сұлулық салондары мен қымбат сән үйлерін ашып, емін-еркін өмір сүріп жатыр.

Диораға тиесілі Saadiatelier сән үйінің Instagram парақшасында бірінші ханым мен Саида Мирзияеваның да көйлек киіп түскен суреті бар.

Мирзияев президент болғаннан кейін қайын жұртының бизнеске қызығушылығы артты. Мысалы, Хошимованың жалғыз ағасы Мұхаммад Хошимов кейінгі 4 жылда 9 ірі кәсіпорыннан үлес алып үлгерген. Сол компаниялардың бірі – Бұхара облысындағы Ромитекст мақта-мата фабрикасы.

Бұл – Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп саласындағы ең ірі кәсіпорын. Мемлекет компанияға арзан несие мен бірқатар жеңілдіктер берген.

Умаровтар отбасы бизнеске жаңа келгендіктен, бұл қарқынға ілесе алмай жатыр.

Азаттықтың Өзбек қызметі биыл жарияланған зерттеуінде Умаров – Өзбекстанда астыртын жұмыс істейтін саудагер, оған Шахноза Мирзияеваның күйеуінің бірнеше туысы көмектесіп отыр деп жазған еді.

Умаровтың ағасы Махсуд Умаров Қоқандағы алкоголь шығаратын Qo'qon Biokimyo зауытының сату бөлімін басқарады. Ақпарат көздерінің дерегінше, зауыт толықтай Умаровқа қарайды.

Қаңтарда бұл нысанды First Premium Alliance компаниясы 24,5 миллион долларға сатып алған. Бірақ зауыт бұрынғыдай Умаровтар отбасының қолында қала беретін сияқты.

Умаровтың немере ағасы Шерзод Умаров басқаратын компанияның өсуі билеуші отбасының ықпалы артқанын көрсетеді.

Шерзод Умаров (оң жақта) – Отабек Умаровтың немере бауыры.
Шерзод Умаров (оң жақта) – Отабек Умаровтың немере бауыры.

2018 жылы Мирзияев елдің туризмін бағытын дамытуға мән беріп жатқан кезде құрылған Asialuxe Travel компаниясы Даврон Ахмедовтың атына тіркелген. Бірақ Шерзод Умаров компанияға қатысы барын жасырмайды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасына Ахмедовпен компанияны жарнамалау үшін түскен суретін салған.

Жергілікті және халықаралық турлардың басым көпшілігі осы компанияға тиесілі. 2021 жылы Asialuxe Travel ұлттық туроператор мәртебесін алған. Бұл компанияның Uzbekistan Airways әуе компаниясы, көлік және туризм министрлігінің патронажына ие болып отырғанын көрсетеді.

Компанияның өсуіне қажылық сапарын ұйымдастырудағы монополия себеп болған. Былтыр Шавкат Мирзияев Сауд Арабиясымен келісіп, Өзбекстанға берілетін квотаны екі еселеп, қажылыққа арналған квота 24 мыңға, умраға арналған квота 100 мыңға жеткен.

Былтыр президент популистік қадамға барып, жергілікті билік органдарына табысы төмен азаматтардың қажылыққа баруына көмектесуді тапсырды.

ТҰРСЫНОВТАРДЫҢ ДӘУІРІ

Түскен суреттерінде Ойбек Тұрсынов суық түр жасап, күлімсірей бермейді. Бірақ оның өз өміріне разы болуына әбден негіз бар.

Кей есептер бойынша, Тұрсынов Өзбекстанның ең танымал әрі бай кәсіпкері саналады. Тұрсыновтың серіктесі Әлішер Усманов АҚШ санкциясына ілінген соң, Өзбекстан нарығына жұмыс істей бастады.

Кәрімовтың тұсында Тұрсыновтар әулетінің саяси салмағы бар еді. Бірақ Ойбек Тұрсыновтың қайын атасы премьер-министр болғанына қарамастан, отбасыға оңай болған жоқ.

2005 жылы билік Әндіжандағы наразылықты күшпен басып, қантөгіс жасағаннан кейін Ойбектің әкесі Ботир Тұрсынов ішкі істер министрлігіндегі қызметінен айырылып қалды. Ол сол министрлікте терроризмге қарсы күрес департаментін басқаратын.

Шавкат Мирзияевтің құдасы Ботир Турсунов – Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары.
Шавкат Мирзияевтің құдасы Ботир Турсунов – Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары.

Ойбек үкіметтен орын табуға тырысты. Ақпарат көздерінің дерегінше, ол Ташкенттегі қылмыстық топпен сөзге келіп қалғаннан кейін Мирзияев күйеубаласын мемлекеттік теміржол компаниясының өкілі ретінде Мәскеуге жіберген.

Ойбек Тұрсынов 2017 жылы Өзбекстанға оралды. Ол кезде қайын атасы президент болып, жаңа Өзбекстан құруға кіріскен еді. Осыдан бастап Мирзияевтың күйеубаласының жолында еш кедергі болған жоқ.

Ол 9 компания ашып, Ташкент пен басқа да қалалардан жылжымайтын мүліктер сатып алды. Қазір көбі оны елдегі төлем жүйесі Uzcard-пен байланыстырады.

Мирзияев реформалары аясында Ұлттық қауіпсіздік қызметі қайта құрылды. Кәрімовтың тұсында ықпалынан айырылған құдасы Ботир Тұрсынов Ұлттық гвардия басшысының орынбасары болды. 2020 жылы дәл осы қызметін Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде жалғастырды.

Ойбек Тұрсыновтың ағасы Ұлыкбек – Ташкент милициясы басшысының бірінші орынбасары.

Тұрсыновтарға келгенде орынбасар деген басшымен бірдей тұлға болып шыға келеді. Сондықтан өздері қызмет ететін мекемелердің билігі іс жүзінде осы тұлғалардың қолында деуге болады.

Совет одағынан бері келе жатқан "Бизнес тыныштықты жақсы көреді" деген сөз бар. Бұл сөздің Өзбекстанға да қатысы бар.

Азаттықтың Өзбек қызметі президент отбасы туралы зерттеуін жариялағаннан кейін бірнеше сағаттан соң авторлық құқықтарды бұзды деген сылтаумен редакцияның Youtube арнасын жауып тастады.

Видеодағы даулы кадрлар президент кеңсесінің Youtube парақшасынан алынған. Бұл азаматтар салығына жұмыс істейтін қоғамдық мекеме болғандықтан, Азаттық президент кеңсесі жариялаған суреттерді видеоға қосуға құқылымыз деп тапты.

Редакция Youtube-тың дұрыс мақсатта пайдалану ережесін бұзған жоқ. Бұл суреттер Мирзияев саясатын талдау үшін маңызды болды.

Интернетте құқық қорғаумен айналысатын канадалық жекеменшік компания видеоға шағымын қайтарып алды. Қалпына келген видеоны қазірге дейін 1,7 миллион адам көрген.

Телеграмда мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қарасты арналар Азаттықтың Өзбек қызметін мемлекетке қарсы астыртын сөз байласып, ЛГБТ қауымдастықты қорғады деп айыптайтын видеороликтер таратып жатыр. Өзбекстанда гомосексуалдыққа тыйым салынған.

9 шілдеде Азаттықтың Өзбек қызметі президент сайлауы күні тікелей эфирге шыққанда, редакцияның әлеуметтік желідегі парақшаларына жүздеген троль шабуыл жасады.

10 шілдеде блогер Сироджиддин Мұхаммедтің үйіне милиция келіп, ата-анасының көзінше Facebook-тегі Азаттықтың зерттеуі туралы жазбасын өшіруді талап еткен. Сироджиддин милицияның өтінішін орындаған.

Редакция Өзбекстан билігінің өзіне қарсы бастаған науқаны мен цензураға жауап ретінде Азаттық радиосының президенті қызметін атқарушы Джеффри Гедминнің мәлімдемесін жариялап отыр:

– "Өзбекстан билігі адал репортаж жүргізудің орнына журналистерімізді қорқытып-үркітіп, цензураны күшейтіп, кек қайтарып жатыр. Өз хикаямыздан білетініміз, аудиторияға сенімді ақпарат қажет болса, олар оны бұрынғыдан да көп іздейтін болады".

Зерттеудің өзбек тіліндегі нұсқасы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG