Accessibility links

Өзбекстан Тәжікстанға апаратын теміржол салмақ. Екі ел бұдан не ұтады?


Тәжікстандағы теміржол. Көрнекі сурет.
Тәжікстандағы теміржол. Көрнекі сурет.

Өзбек билігі Самарқандтан Тәжікстанның таулы ауданы Айниге дейін теміржол салмақ. Жаңа жол жолаушы тасып қана қоймай, сауда айналымын да күшейтпек: Айниде пайдалы қазба көп. Ресми Ташкент сондай-ақ Өзбекстандағы Бекабад қаласы мен Тәжікстандағы Канибадам қаласын жалғайтын теміржолды жөндеп, оны электрлендіру туралы ниеті барын мәлімдеді. Бұл жоболар қай деңгейде және жаңа теміржолдан екі ел не ұтады?

Тәжікстан мен Өзбекстан арасында ортақ көлік кеңістігін құру және теміржол құрылысы жобалары туралы әңгіме Өзбекстан президенті Душанбе сапарының алдында айтылып отыр. Өзбекстан стратегиялық зерттеулер орталығының мәліметінше, Шавкат Мирзияевтің 10 маусымға белгіленген сапарында отызға жуық келісімге қол қойылмақ. Қазір екі ел арасында 150-ден астам келісім бар.

Екі ел арасындағы сауда айналымын миллиард долларға жеткізу мәселесі Мирзияев билікке келгелі бес жыл бойы айтылып келеді. Өзбек шенеуніктерінің сөзінше, бұл межеге жетуге логистика мен жол жағдайы кедергі келтіріп отыр.

"Жалпы алғанда, мемлекеттер ортақ көлік кеңістігін құрғысы келеді. Бұл – қалыпты жағдай. Біле білсеңіз, 2016 жылы Шавкат Миромонұлы президент міндетін уақытша атқарушы болып сайланғанда, оның бірінші шешімі Тәжікстанмен қарым-қатынасты оңтайландыру туралы болған" дейді Өзбекстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Акрам Нематов.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде. Тәжікстан, 9 наурыз 2018 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде. Тәжікстан, 9 наурыз 2018 жыл.

Тәжікстан көлік министрлігі болса, теміржол құрылысы туралы бастаманы Душанбенің көтергенін айтады. Географиялық ерекшелігіне орай, Тәжікстанға кез келген жаңа жол тиімді – мейлі ол тас жол болсын, мейлі теміржол болсын. Өйткені Тәжікстан транспорттық тығырықта тұр, жолдар ауадай қажет. Осы жағдайдың салдарынан елдің экспорты мен импорты тұтастай көрші елдермен қарым-қатынасына тәуелді болып тұр.

КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ

"Тәжікстанның стратегиялық мақсаттарының бірі – коммуникациялық тығырықтан шығу. Сол себепті кейінгі он жылда елде Орталық Азияның барлық елімен көлік қатынасы мен логистиканы орнату үшін көптеген шешім қабылданды, қыруар қаражат бөлінді, инвестиция тартылды" дейді Тәжікстан стратегиялық зерттеу орталығының қызметкері Умед Давлатов.

Жаңа теміржол екі елге де тиімді болғанымен, инвестиция Өзбекстаннан тартылмақ. Өзбек шенеуніктерінің сөзінше, оған бюджеттен қаражат бөлінбейді. Жол өзбек бизнесінің қаржысына салынбақ.

Тәжікстанда теміржолдың қашан салынатынын шенділер айтпай отыр. Бұл жобаның Мирзияевтің Душанбеге сапары кезінде талқыланып-талқыланбайтыны да белгісіз. Бірақ жұмыс топтары іске кірісіп кеткен. Олар қазір теміржолды таулы өлкенің қай жерінен салған тиімді екенін, құрылыс шығынын, жобаның экономикалық негіздемесін анықтап жатыр. Соңғы аялдама ретінде Айни ауданының белгіленуі бекер емес. Өйткені бұл ауданда пайдалы қазбалардың барланған қоры көп. Тәжікстан табиғи байлығын өндіріп, экспорттауға мүдделі.

"Ұсынысты біздің өнеркәсіп министрлігіміз білдірді. Пенжикент қаласы мен Зарафшон өзені бойындағы кен орындарын игеру инвестиция тарту қажетін көрсетті. Теміржол болса, мұны жүзеге асыру оңай" дейді Тәжікстан көлік министрлігінің өкілі Сайфулло Кодиров.

Саясаттанушы Абдумалик Кадыров Самарқанд-Айни және Бекабад-Каникадам теміржолдарының екі елге расымен тиімді екенін айтады. Бірақ ол осы теміржол арқылы Өзбекстан Тәжікстан экономикасына деген ықпалын күшейте ме деп алаңдайды.

"Егер біз экспорттық мүмкіндігімізді іске асыра алсақ, теміржол бізге жұмыс істейді. Егер бұл қолдан келмесе, теміржол тек Өзбекстанға ғана тиімді болмақ. Олар өз тауарын сатып, нарығымыздағы қытай тауарларын алмастырады" дейді сарапшы.

БҰҰ Сауда комитетінің мәліметінше, 2019 жылы Өзбекстан Тәжікстанға 190 миллион доллардың тауарын экспорттап, ол елден 144,2 миллион доллардың тауарын импорттағанын баяндаған. Салыстыру үшін, Өзбекстан сол жылы Қазақстанға 1,2 миллиард долларға тауар сатып, 1,9 миллиард долларға импорт алғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG