Өзбекстан мәжілісі 3 ақпанда әкімшілік кодекске түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Өзбекстанның заң шығарушы органдары шетелдегі соғыс немесе әскери қимылдарға қатысуды насихаттайтын өнімді таратқандарға әкімшілік жауапкершілікті жүктеуді жоспарлап отыр.
Депутаттардың сөзінше, бұл норма халыққа, оның ішінде жастарға кері әсер ететін факторларды жоюға бағытталған.
"Орындарды тексеру нәтижесінде көп қабатты ғимараттарда, көше шамдарының бағаналарында және басқа да қоғамдық орындарда ірі соманы уәде еткен граффитилер мен телеграм-арналардан алынған парақшалар анықталды. Сол сілтемелер арқылы қолданушыларды шетелдегі әскери операцияларға немесе есірткі саудасына тартып жатыр" деді либерал-демократиялық партиясының депутаты Хушвакт Хайитов Gazeta.uz сайтына.
Бұған дейін Ферғана басылымы Ташкент тұрғындарына Telegram-да белгісіз біреулерден түсініксіз хабарламалар келгенін жазған. Оған жауап жазғандарға "есірткі тарату" туралы ұсыныс айтылған.
Өткен айда Азаттық Азия Ресейде жүрген өзбек мигранттарының туыстарымен сөйлескен. Туыстарының сөзінше, Ресейдегі жақындарына әуелі есірткі салып жіберіп, ізінше ұстап, түрмеде оларды күштік құрылымдар соғысқа тартқан. Кейбір ақпаратқа қарағанда, кейбір өзбек азаматтары өз елінде жүріп те, "Ресейде жалақысы жоғары жұмыс жайлы" жарнамаларға тап болған. Өзбекстанда Украинадағы соғысқа қатысып, еліне оралғандарға қатысты жүздеген қылмыстық іс қозғалған.