Accessibility links

Өзбекстан тыйым салған партияның басшысының бауыры "Алға Қарақалпақстан" деген сөзі үшін жазаланды

Аман Сағидуллаев
Аман Сағидуллаев

Өзбекстанда тыйым салынған "Алға Қарақалпақстан" партиясының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың бауыры Жолдас Сағидуллаев үш күн әкімшілік қамауда отырып шықты, оған келесі жолы үстінен қылмыстық іс қозғалатынын ескерткен деп хабарлады Түрікмен Хельсинки қоры.

Адам құқықтарын қорғаушы қордың мәліметінше, 63 жастағы Жолдас Сағидуллаев 20 тамызда Қараөзек ауданындағы милиция ғимаратында "Алға Қарақалпақстан" деп айтқан сөзі үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Сол күні өз әрекетін Өзбекстандағы әлеуметтік саясатқа наразымын деп түсіндірген Сағидуллаев ұсталып, түнге қарай босатылған.

Арада үш апта өткенде Сағидуллаев аудандық сотқа шақырылған. Жабық өткен сот отырысында ол "ұсақ бұзақылық" жасағаны және "қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жалған ақпарат таратқаны" үшін кінәлі деп танылған. Сот Сағидуллаевты үш күнге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарып, ол Нөкістегі арнайы қамау орнына жөнелтілген деп хабарлады адам құқығын қорғаушы топ.

Жолдас Сағидуллаев "Алға Қарақалпақстан" деген сөзі үшін бұған дейін де жауапқа тартылған: сәуір айында ол жеті күн қамауда отырып шыққан. Құқық бұзғаны туралы толтырылған хаттамада ол көшеде балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасады деп көрсетілген.

"Аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері қарсылық мазмұндағы сөздерді хаттамаға қоспау туралы нұсқау бар деп түсіндірген. Бұл жолы хаттамаға да әдейі бұрмалап жазған, – дейді Түркіменстан Хельсинки қоры. – Сағидуллаев сот шешімі әлі күнге қолына тимегенін, бірақ интернетте немесе басқа жерде ешқандай жалған ақпарат таратпағанын айтады. Соған қарамастан, арнайы ұстау мекемесінің әкімшілігі келесі жолы ол қылмыстық айып бойынша жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескерткен".

Адам құқығын қорғаушы қор Қарақалпақстанда азаматтық белсенділікпен айналысатын қарақалпақ ұлты өкілдерінің үстінен жалған айыптар бойынша саяси астары бар әкімшілік іс қозғау кең тарағанын айтады. Ресми Ташкент ешкім саяси ұстаным-көзқарасына бола қудаланбайды дейді.

  • 2023 жылы Қарақалпақстандағы сот қазір Еуропада тұрып жатқан Аман Сағидуллаевты 2022 жылдың шілдесінде Нөкісте болған жаппай наразылықтарға қатысы бар деп тауып, сырттай 18 жылға бостандығынан айырған. Сағидуллаев сырттай сот процесін "қисынсыз" деп атаған.
  • 2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Шілденің басында жаппай халық наразылығын үкімет күш қолданып басып-жаншыды. Ресми дерек бойынша, 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Құқық қорғаушылар бұдан да көп адам өлген болуы мүмкін деп санайды. 500 адам ұсталған.
  • Көтеріліс Қарақалпақ астанасы Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Наразылықтан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан. Бірақ осы оқиғадан кейін Өзбекстан билігі қарақалпақ белсенділерін ел ішінде және шетелде қудалауды күшейткен.
Айдар
XS
SM
MD
LG