Өзбекстанда Қашқадария облысының соты жеке үйдің ауласында есектерді сойып, етін базарда сатқан 44 жастағы жергілікті тұрғынды түрмеге кесті. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметіне сүйенген Kun.uz сайты жазды.
Басылымның дерегінше, ер адам бұған дейін де есекті сойып, етін сатқаны үшін жарты жылда екі рет сотталған, бірақ қамалмаған.
2025 жылдың қазан айында жүргізілген жедел шара кезінде оның үйінен 61 келі жеуге жарамсыз ет, 112 есек терісі және 15 қабырға тәркіленген. Осы мәселе бойынша қозғалған қылмыстық істі аудандық сот қарап, ер адамның бостандығын екі жылға шектеген.
Былтыр желтоқсанда құқық қорғау орган қызметкерлері ер адамның үйінде тағы бір рейд жүргізген. Ол кезде 247 келі жеуге жарамсыз ет, есек сүйегі және 99 тері тәркіленген. Қылмыстық істі аудандық сот қарап, биыл 13 мамырда бостандығын шектеген.
Kun.uz журналистерінің зерттеуінен кейін Қашқадария облыстық прокуратурасы сот үкіміне қарсылық білдіріп, сотталушыға тым жұмсақ жаза тағайындалғанын және жазаны түрмеге ауыстыру мәселесін қозғаған.
Бұдан соң кассациялық сот биыл 15 маусымда үкімнің күшін жойып, айыптау үкімін шығарды. Есек етін сатқан ер адам "қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарды өндіру, сақтау, тасымалдау немесе сату" бабы бойынша кінәлі танылды. Сот оны 4,5 жыл түрмеге кесті. Сот оған дейін тағайындалған жазаны да қосқан.
Ер адам сот залында қамауға алынды. Қатаң режимдегі колонияда жазасын өтемек.
Өзбекстанда құқық қорғау органдары есек соятын жасырын қасапханаларды бірнеше рет анықтап, жапқан. Ақпаратқа қарағанда, есек еті тамақтандыру орындары мен тағам өндірушілеріне заңсыз таратылып, "сиыр еті" ретінде дайын тамақ пен шұжық өнімдеріне қолданылған.
Мұндай резонансты оқиғалар Ферғана, Ташкент, Қашқадария облыстары және Ташкент қаласында тіркелген.