Пәкістанда Белуджистан провинциясында пәкістандық күштік құрылым өкілдері мен олардың отбасын тасымалдаған пойызда жарылыс болды. Кемінде 24 адам қаза болды, 70-ке жуық адам жараланды.
Шабуылға жауапкершілікті "Белуджистанды азат ету армиясы" сепаратистік тобы мойнына алды. AP жазуынша, жанкешті пойыз Кветта қаласынан өтіп бара жатқанда темір жолға жақын жерде жарылғыш заттарға толы көлікті жарып жіберген.
Интернетте жарияланған видеожазбаларға қарағанда, пойыздың екі вагоны аударылып, өртенген. Бұған қоса, сол маңдағы көліктер де бүлінген.
"Әл-Жазира" тілшісінің хабарлауынша, темір жолға жақын тұрған бірнеше үй мен ғимарат ішінара қираған.
Кветта қаласының мемлекеттік ауруханаларында төтенше жағдай жарияланды.
Премьер-министр Шахбаз Шариф шабуылды қатаң айыптап, опат болған азаматтардың отбасына көңіл айтты.
Ауғанстан және Иранмен шектесетін Белуджистан Пәкістандағы ең ірі әрі ең кедей провинция саналады. "Белуджистанды азат ету армиясыі" аймақтың тәуелсіздігі үшін күресіп жатыр. Аталған топ бірқатар елдерде атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, ЕО елдерінде террористік топ танылған.