Accessibility links

Пәкістандағы келіссөзде АҚШ пен Иран мәмілеге келе алмады

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен (оң жақта) бірге баспасөз брифингінде АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер (сол жақта шетте) және АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы елшісі Стив Уиткофф тұр. Исламабад, 12 сәуір, 2026 жыл.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен (оң жақта) бірге баспасөз брифингінде АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер (сол жақта шетте) және АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы елшісі Стив Уиткофф тұр. Исламабад, 12 сәуір, 2026 жыл.

Исламабадта өткен келіссөзде АҚШ пен Иран ортақ келісімге келе алмады. АҚШ вице-президенті Тегеран ядролық қаруға қатысты міндеттеме алғысы келмейді мәлімдесе, Иран тарапы АҚШ-ты шамадан тыс талап қойды деп кінәлады. Сарапшылар бұл жағдай Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс қаупін арттыруы мүмкін дейді.

Жарты ғасырға жуық уақыттан кейін алғаш рет бетпе-бет кездесіп, келіссөз өткізген АҚШ пен Иран делегациялары Исламабадтағы күрделі дипломатиялық диалогта ортақ келісімге келе алмады.

Жабық форматта өткен келіссөздерден кейін, 12 сәуірде таңертең баспасөз брифингінде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келіссөз "мазмұнды" өткенін, алайда Тегеран Вашингтонның негізгі талаптарына келіспегенін мәлімдеді.

Олардың арасында ядролық қару жасамауға міндеттену және кеме қозғалысын қалпына келтурі үшін Ормуз бұғазын ашу жайлы шарттар бар. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастағаннан кейін Иран бұғазды жауып, кеме қозғалысына шектеу салған.

Пәкістандағы келіссөздерден кейін тіпті алдын ала келісімнің негізін қалайтын ортақ тұғырнаманың жасалмауы Таяу Шығыс аймағындағы тұрақтылықтың болашағын одан әрі бұлыңғыр етіп, екі елді де бұрыннан қалыптасқан текетірес ұстанымында қалдырды, деп жазды Азаттық тілшісі Алекс Рауфоглу.

Ядролық "қызыл сызық"

Келіссөздер қорытындысы бойынша журналистер алдында сөйлеген АҚШ вице-президенті Вэнс қазіргі қалыптасқан тығырықты Иранның саяси ерік-жігеріне қатысты түйткіл деп сипаттады.

"Біз бұған 21 сағат жұмсадық... ирандықтармен бірнеше мазмұнды талқылау өткіздік, бұл – жақсы жаңалық, – деді ол. – Ал жаман жаңалық – келісімге қол жеткізе алмадық. Менің ойымша, бұл АҚШ-тан гөрі Иран үшін әлдеқайда жағымсыз жаңалық".

Пәкістан телеарнасы Иранмен келіссөзге АҚШ делегациясын бастап барған вице-президент Джей Ди Вэнстің баспасөз мәслихатын көрсетті. 12 сәуір, 2026 жыл.
Пәкістан телеарнасы Иранмен келіссөзге АҚШ делегациясын бастап барған вице-президент Джей Ди Вэнстің баспасөз мәслихатын көрсетті. 12 сәуір, 2026 жыл.

Вэнстің сөзінше, АҚШ делегациясының негізгі шарты — Тегеран ядролық қаруға немесе оны қысқа мерзімде жасауға мүмкіндік беретін технологияларға ұмтылмайтыны жөнінде нақты міндеттеме алуы керек. Бұл Ақ үй әкімшілігінің басты мақсаты болып қала бермек.

Вэнс АҚШ келіссөз жүргізушілерді "өте икемді" әрі "мәмілеге бейім" деп сипаттағанымен, екі тарап арасында әлі де айтарлықтай алшақтық барын атап өтті.

"Негізгі сұрақ мынада: Иран тарапының ұзақ мерзімде ядролық қару жасамауға түбегейлі саяси ерік-жігері бар ма? Әзірге біз ондайды көріп тұрған жоқпыз", деді АҚШ вице-президенті.

Күн тәртібіндегі өзге де мәселелер

Ядролық қару мәселесі келіссөздердің негізгі өзегі болғанымен, Вэнстің айтуынша, күн тәртібі АҚШ пен Иран арасындағы тоқырап тұрған екіжақты қатынастардың барлық маңызды бағытын қамтыған. Атап айтқанда, бұғатталған активтер мен Таяу Шығыс аймағындағы шиеленістер де талқыланған.

Вэнс Иран делегациясымен бір күнге жуық жабық жағдайда өткен келіссөздердің егжей-тегжейін жария етуден бас тартып, "көпшілік алдында келіссөз жүргізбейтінін" айтты.

Ол АҚШ делегациясы Иран жағымен келіссөз барысында президент Дональд Трамппен және ұлттық қауіпсіздік топ мүшелерімен, соның ішінде қорғаныс министрі Пит Хегсетпен және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен тұрақты байланыста болғанын растады.

Сөз соңында АҚШ президенті қатқыл мәлімдеме жасады.

"Біз бұл жерден өте қарапайым ұсыныспен кетіп барамыз. Бұл – біздің соңғы әрі ең тиімді ұсынысымыз. Енді Иран оны қабылдай ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді", деді Вэнс.

Тегеранның қарсылығы және әскери шиеленіс қаупі

Иран тарапы келіссөздегі ұстанымын принципті қарсылық ретінде көрсетті.

Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағайдың сөзінше, келіссөздер барысында Ормуз бұғазы, соғыс шығындарын өтеу және "Иранға қарсы соғысты толық тоқтату" сияқты ауқымды мәселелер көтерілген. Алайда ол ядролық қаруға қатысты АҚШ талабы жөнінде тіс жармаған.

Бағай әлеуметтік желідегі жазбасында келіссөздің табысы Вашингтонның "шектен тыс талаптар мен заңсыз сұраныстардан бас тартуына" және Иранның "заңды құқықтары мен мүдделерін" мойындауына байланысты екенін айтты.

Бұл риториканы Тегерандағы мемлекеттік басылымдар да жалғастырып, Вашингтонды "уәдесін бұзды" және "қасақана зиянды әрекеттер" жасады деп кінәлады.

Исламабад АҚШ пен Иран арасындағы диалогқа арағайын болуы жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

"Екі тарап та берік бітімге қол жеткізу үшін позитивті тұрғыдағы әрекетті жалғастырады деп үміттенеміз. Барлық тараптың атысты тоқтату туралы өз міндеттемесін орындауы өте-мөте маңызды", делінген Пәкістан сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта.

Екі тарап арасындағы келіссөз жалғаса ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Пәкістандағы келіссөзге Иран делегациясын парламент спикері Мохаммад Бақер Ғалибаф бастап барған. Делегациясы құрамына сондай-ақ сыртқы істер министрі Аббас Арақчи, қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадиян және Орталық банк төрағасы Абдолнасер Хеммати енген.

Келіссөздер басталғанған дейін Ғалибаф Иран тарабының Ливанда атысты тоқтату және Тегеранның бұғатталған активтерін босату туралы екі шарты орындалмайынша Пәкістандағы келіссөз басталмайды деп мәлімдеген.

Исламабадтағы келіссөздің нәтижесіз аяқталуы Таяу Шығыс бойынша сарапшылар арасында алаңдаушылық туғызды. Олар дипломатиялық вакуумның орнын әскери күш көрсету әрекеттері басуы мүмкін деген пікір айтады.

"Ядролық Иранға қарсы одақ" (UANI) ұйымының саясат жөніндегі директоры Джейсон Бродски Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген пікірінде:

"Иран режимі өзін жеңімпаз сезінеді. Бұл Тегеранды АҚШ ұсыныстарынан тағы да бас тартуға жігерлендіріп отыр", деді.

Оның пікірінше, бұл Иранның жағдайды шамадан тыс пайдалану қаупін де күшейтеді.

"АҚШ бұл "жеңіс сезімі" туралы түсінікті бұзу үшін Иранның шешім қабылдау логикасына ықпал етуі керек. Бұл әскери шиеленістің ушығуына себеп болуы мүмкін", деді сарапшы.

Айдар
XS
SM
MD
LG