Accessibility links

Париждегі шабуылда оққа ұшқан Хамзат Азимов кім?


Шабуыл жасалған жердегі кафенің әйнегін тесіп өткен оқ ізі. Париж, 13 мамыр 2018 жыл.

Франция мен Шешенстан тергеушілері Парижде көшедегі адамдарға пышақпен шабуылдаған Шешенстан тумасы жалғыз әрекет етті ме, әлде оның сыбайластары бар ма, соны анықтап жатыр. Азаттық радиосы Хамзат Азимовтің туыс-таныстарымен сөйлесіп, оның "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қатысы бар-жоғын зерттеді.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Парижде пышақпен шабуылдаған адам өз "солдаты" екенін мәлімдеген соң Шешенстан мен Франция шабуылға күдікті Хамзат Азимовтің радикалды жолға түскеніне бір-бірін кінәлады.

Мамырдың 12-і күні 20 жастағы жігіт Париж көшесіндегі жұртқа шабуылдап, бес адамды пышақтады. Жапа шеккендердің бірі қаза тапты. Полиция қызметкерлері шабуыл жасаған адамды оқиға орнында атып өлтірді.

Пышақ ұстаған жігіт Шешенстандағы екі соғыстың ортасындағы үзілісте, яғни 1997 жылы Шешенстанның Аргун қаласында дүниеге келген.

2002 жылы ата-анасы Францияға бассауғалап барғанда Хамзат төрт жасар бала болатын.

Парижде көшедегі жұртқа пышақпен шабуыл жасалған аумақта жүрген қауіпсіздік қызметінің өкілдері. Франция, 12 мамыр 2018 жыл.
Парижде көшедегі жұртқа пышақпен шабуыл жасалған аумақта жүрген қауіпсіздік қызметінің өкілдері. Франция, 12 мамыр 2018 жыл.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров "Азимов Францияда өсіп, ер жетті, демек оның радикалдануына Франция кінәлі" деген пікір айтты.

Мамырдың 13-інде Telegram мессенджеріндегі хабарламасында Қадыров: "Азимовтің қылмыстық жолға түсуінің барлық жауапкершілігі француз басшыларының мойнында екенін айту қажет деп есептеймін. Ол Шешенстанда туды, бірақ француз қоғамында өсті, оның тұлғалық қасиеті, көзқарастары мен ұстанымдары сол жерде қалыптасты", - деп жазды.

Қадыровтың бұл сөзіне ашумен жауап қатқан Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Шешенстан қауіпсіздік күштерінің шешен азаматтарына соттан тыс қысым жасауы Азимовтің радикалдануына әсер етті деп санайды.

"Өз елінде заң үстемдігін орнатуға еш ниеті жоқ диктатордан сабақ алғымыз келмейді, ол мыңдаған шешеннің [ИМ экстремистері қатарында] соғысып жатқанын жақсы біледі", - деді мамырдың 14-інде Ле Дриан.

ФРАНЦИЯ МЕН ШЕШЕНСТАНДАҒЫ ТЕРГЕУ

Шабуыл болғалы бері Франция мен Шешенстан құқық қорғау органдары "Азимов бұл қылмысты жалғыз жасады ма, әлде сыбайластары бар ма?" деп, оның өткен өмірі мен төңірегін тексеріп жатыр.

Париждегі шабуыл кезінде ол 29 жастағы ер адамды өлтіріп, тағы төрт кісіні жарақаттаған.

Шешенстан қауіпсіздік күштері Хамзат Азимовтің отбасы мүшелерін тергеу үшін Аргунға беренді көліктер жөнелткен.

Ал Францияда мамырдың 15-інде прокурорлар Азимовтің ата-анасын ұстап, ұлдарының сырттан қандай да бір көмек алған-алмағанын сұрап, жауап алған.

Франция полициясы Хамзат Азимовтің мектепте бірге оқыған досын ұстап, әкетіп барады. Страсбург, 13 мамыр 2018 жыл.
Франция полициясы Хамзат Азимовтің мектепте бірге оқыған досын ұстап, әкетіп барады. Страсбург, 13 мамыр 2018 жыл.

Бұған қоса, Францияның DGSI барлау агенттігі Азимовтің мектептегі жақын досы болған 20 жастағы шешен жігітін тергеп жатыр. Оқиға болған күннің ертесінде Страсбургтегі үйінде оны маска киген полиция өкілдері тұтқынға алған.

Азимовтің Аргундағы туыстары Қадыровтың қауіпсіздік күштері тергеу жүргізіп жатқанда баспасөзде аты-жөндерінің шыққанынан қорқатынын айтып, Азат Еуропа/Азаттық радиосына ашық сұхбат беруден бас тартты.

Дегенмен, кейбір туыстары Азаттық тілшісімен оңаша әңгімеде Азимовтар әулетінің Шешенстаннан кеткенге дейінгі өмірі туралы аз-кем мағлұмат берді.

ЕКІ СОҒЫСТЫҢ АРАЛЫҒЫНДА ТУҒАН БАЛА

1999 жылы екінші шешен соғысы басталғанда Хамзат Азимов екі жаста болған. Соғыстың алғашқы айларында 200 мыңға жуық бейбіт тұрғын Ресейдің көршілес республикаларына қашқан.

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық Хельсинки федерациясының мәліметі бойынша, бұл уақытта Ресей қауіпсіздік қызметі мен олардың Шешенстандағы одақтастары қарулы жасақтар туралы ақпарат алу үшін бейбіт тұрғындарды азаптайтын жасырын түрмелер ашқан.


Азимовтің әулеті Шешенстаннан қашқан 2002 жылы әсіресе Аргун аймағында үкімет әскерінің кесірінен жоғалып кеткендер, азапталғандар өте көп болған.

2002 жылғы қаңтарда Аргунның 500-дей тұрғыны демонстрацияға шығып, шешен қарулы жасағына қатысқандарды ұстау үшін бейбіт тұрғындарды жаппай тұтқындау операциясына наразылық білдірген.

Ресейдегі "Мемориал" адам құқықтарын қорғау тобы Аргунда болған осындай бір ауыр жағдайды еске салады. Олардың айтуынша, 28 жастағы Шәміл Идрисов "заңсыз тұтқындалып, сот шешімінсіз өлтірілген".

Алайда, Шешенстанның сол кездегі премьер-министрі Станислав Ильясов "қарулы жасақ мүшелерін тауып, қолға түсіру үшін мұндай әскери операция жүргізу өте маңызды" деп мәлімдеп, демонстранттар талаптарын орындаудан бас тартқан.

БАЛА БОСҚЫН

Туыстары Азимовтардың 2002 жылы Францияға қоныс аударуына Ресей мен Шешенстан қарулы күштерінің Аргунда жүргізген жаппай қудалау операциясы себепкер болғанын растады.

Еуропаға көшіп барған соң Азимовтің отбасы Францияның оңтүстігіндегі Ницца қаласына қоныстанған.

Хамзат Азимовтің фотосуреті.
Хамзат Азимовтің фотосуреті.

Жақындарының айтуынша, олар "саяси босқын" мәртебесін екі жыл күткен, оны алғаннан кейін ғана Францияда жұмыс істеп, тұрақты тұруға рұқсат беріледі.

Анасы Франция азаматтығын алған соң көп ұзамай, 2010 жылы Азимов та француз төлқұжатын иеленген.

"СТРАСБУРГТЕГІ ЕҢ ЖАҚЫН ДОСЫ"

2014 жылы, Хамзат Азимовтің жасөспірім шағында, оның отбасы Францияның шығысындағы Страсбург қаласына, шешен босқындар қауымы орын тепкен ауданға көшіп барған. Хамзат Страсбургтегі Мари Кюри орта мектебіне барып, онда сыныптасы Абдул Хакиммен достасқан.

Сыныптастарының айтуынша, бұл екеуі "айырылмас дос" болып, оқуды бітіретін жылы мектепте де, сабақтан тыс уақытта да үнемі бірге жүрген.

Олар Азимовті діншіл, "өте сабырлы, байсалды, біртоға бала болған" деп сипаттайды. Ол мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазанды мерекелеген, сонымен бірге спортқа, видеоойындарға құмартқан.

Страсбургтегі Азимовті танитын басқа адамдар оның қаладағы шешендерге тиесілі мешітке анда-санда барып тұрғанын, бірақ көбіне досының үйінде оңашада құлшылық қылғанын айтады.

Ол оқыған мектептегі аты-жөнін атамауды сұраған бұрынғы оқушы Хамзаттың Сирияға кетпек ойы болғанын айтты.

Хамзат Азимовтің "ИМ қатарына өтіп, ант бергені " делінген видеодан скриншот.
Хамзат Азимовтің "ИМ қатарына өтіп, ант бергені " делінген видеодан скриншот.

Францияның AFP агенттігі француз тергеушісінің сұхбатын берді. Тергеушінің айтуынша, антитеррор полициясы 2017 жылы Азимовті да тергеген, "себебі ол Сирияға [ИМ содырларымен бірге соғысуға] кеткен адаммен байланысы бар кісіні таныған".

Франциялық және өзге де басылымдар Хамзат Азимов пен Сириядағы ИМ экстремистері арасында дәнекер болған адам – Хаким деп долбар жасайды.

2016 жылы француз полициясы Азимов пен Хакимді "радикал әрекеттерге бейім" адамдардың тізіміне қосқан.

Хаким 2017 жылғы қаңтарда ИМ жасағына қосылу үшін Сирияға бармақ болды деп күдікке ілінген Париж тұрғыны Инес Хамзаға үйленген соң бақылауға алынған.

Франция полициясы мамырдың 14-і күні Страсбургтен Парижге алып келгенде, қолы кісенделіп, беті бүркемеленген Хакимнің үстінде "Грозныйды қорға" деген жазу жазылып, автоматтың суреті салынған жейде болған.

ПАРИЖДЕГІ БІР БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР

2016 жылы Хамзат Азимов ата-анасымен Франция астанасының солтүстігіндегі босқындар тұратын үйден бір бөлмелі пәтер алып, сонда қоныстанған.

Хамзат Азимовтің әкесі үй әктеуші болып жартылай жұмыс істеген, сондықтан оның бұдан қымбат үйде тұруға мүмкіндігі болмаған, ал Хамзаттың өзі медицина саласында білім алып жүрген.

Көршілері оларды "сабырлы адамдар" деп сипаттайды және олар діни нанымдарын ашық байқатпаған.

Мамырдың 12-індегі қанды оқиғадан соң ИМ экстремистік тобына жақын Amaq үгіт-насихат агенттігі интернетте Азимовтің "ИМ қатарына өтіп, ант бергені" делінген видео жариялаған.

Видеода беті мен мойнын маскамен бүркемелеп, тек көзін ғана ашық қалдырған жас жігіт француз тілінде сөйлейді, бірақ аты-жөнін айтпайды.

Бейнетаспадағы адамның Хамзат Азимов екенін анықтау әзірге мүмкін болмай тұр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG