27 шілде күні Франция астанасының солтүстік-батысындағы Порт-де-Клиши метро станциясы маңында қос пышақ ұстаған белгісіз ер адам үш әйелге тап беріп, оларды жаралаған. Оқыс оқиға жергілікті уақытпен шамамен 11:30 кезінде болған.
Көп ұзамай қылмысқа күдікті 31 жастағы Франция азаматы ұсталған. Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, күдіктіні сол сәтте жұмыстан тыс жүрген Париж полициясының қызметкері қолға түсірген.
Зардап шеккен 19, 24 және 36 жастағы үш әйел ауруханаға жеткізілген. Министр Нуньестің мәліметінше, олардың екеуі ауыр жараланған. Әйткенмен үшеуінің де өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деді билік өкілі.
Алдын ала тергеу дерегіне сәйкес, күдікті әуелі трамвай күтіп тұрған әйелге тап беріп, кейін тағы екі әйелге пышақ жұмсаған. Ұсталғаннан кейін ол өз атын айтқанымен, сөзі түсініксіз болған деп хабарлады франциялық басылымдар.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті психикалық дертке шалдыққан болуы мүмкін. Билік өкілдері шабуылдың себебі туралы асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Францияның Ұлттық терроризмге қарсы прокуратурасы әзірге тергеу барысын бақылап отырғанын, бірақ іс әлі оның өндірісіне ресми түрде берілмегенін мәлімдеді.