Accessibility links

Пашинян Қазақстанға TRIPP жобасынан үлес ұсынғанын жоққа шығармады

Армения басшысы Никол Пашинянды марапаттап тұрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана 21 қараша, 2025 жыл.
Армения басшысы Никол Пашинянды марапаттап тұрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана 21 қараша, 2025 жыл.

27 тамызда Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Армения арқылы өтетін транзиттік дәлізді салуға жауапты АҚШ басқаратын компаниядан Қазақстанға үлес ұсынғанын жоққа шығармады.

Маусым айында қол қойылған АҚШ-Армения келісіміне сәйкес, АҚШ үкіметі компанияның 74 пайыз үлесіне ие болмақ. Бұл компанияға TRIPP ( Trump Route for International Peace and Prosperity, немесе TRIPP) жолын салу үшін қажет «барлық құқық» беріледі. Қалған 26 пайызы Армения үкіметіне тиесілі.

Бұған дейін Қырғызстанның ақпарат құралдары Пашинян Қазақстан мен Қырғызстанға TRIPP жобасынан үлес ұсынғанын (әрқайсысына 5 пайыздық үлес) жазған. Бірақ олар ешқандай дереккөзді атамаған еді.

Тоқаев пен Пашинян дүйсенбі күні телефонмен сөйлесті. Армения үкіметінің хабарлауынша, олар "аймақтық көлік жобасын жүзеге асырудағы әріптестіктің мүмкіндіктерін" талқылаған. Бірақ жай-жапсарын айтпады. Ал Ақорданың ресми хабарламасында ол жөнінде ештеңе айтылмайды.

"Қазақстан мен TRIPP жобасына келсек, бұл мәселе талқыланды" деді бейсенбі күні Астананың аталған жобаға қатысу ықтималдығы туралы сұраққа жауап берген Пашинян.

"Қазір түрлі елдер [TRIPP] жобасына қызығушылық танытып отыр және олардың қызығшулықтарын жылы қабылдаймыз" деді ол.

АҚШ президентінің уәкілі Стив Уиткоффтың кеңесшісі осы айдың басында Ереванға барып, Пашинян және өзге де ресми тұлғалармен TRIPP жобасын талқылаған. Әзербайжанды Нахчеван эксклавы және Түркиямен жалғайтын дәліз Арменияның Иранмен шекарасы маңынан өтеді. Тегеран аталған жобаға қарсы. Иран осының салдарынан шекарада АҚШ күштері күшейіп, Арменияның бақылауы әлсірейді деп қауіптенеді.

Қырғыз ақпарат құралдарының жазуынша, Тоқаев пен Пашинян Арменияның темір жолын Ресейдің темір жол монополиясынан шығарып, басқаруды Қазақстанға беру ықтималдығын да талқылаған. Әңгіменің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Арменияға ресми сапармен баратынын растаған.

Пашинян ақпан айында желіні басқа – ресейлік емес компания басқаруы керек, себебі оның қазіргі мәртебесі Түркия мен Әзербайжанды Армения аумағының әлдеқайда үлкен бөлігін транзиттік мақсатта пайдалануына бөгет жасайды деген.

Армения "Ресей темір жолымен" 2008 жылы қол қойылған 30 жылдық келісімшартты аяқтауға күш салып жатыр. Мәскеу ұсынысты қайтарған. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бейсенбі күні ведомствоның ұстанымын растады.

Былтыр Пашинянның Астанаға сапары барысында Қазақстан басшысы Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын айтқан еді.

"Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді" деді Тоқаев.

2025 жылы тамызда Вашингтондағы келіссөз кезінде Баку мен Ереван Әзербайжан мен Нахчыван анклавымен жалғайтын аумақта көлік дәлізін құруға келіскен. Пашинянның ұсынысымен көлік дәлізі "Халықаралық бейбітшілік және гүлденуге арналған Трамп жолы" (Trump Route for International Peace and Prosperity, немесе TRIPP) деп аталған.

Айдар
XS
SM
MD
LG