Армения премьер-министрі Никол Пашинян алдағы жылдары Ресей шекарашылары ел аумағынан толық шығарылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл туралы ол 26 қарашада үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистерге айтты деп жазды News.am.
«Ресей шекарашыларына осы жылдар бойы шекарамызды күзетіп келгені үшін алғыс айтамыз. Алайда алдағы жылдары мемлекеттік шекараны қорғау жауапкершілігін толығымен өз мойнымызға алуымыз керек деп ойлаймын», — деді Пашинян.
Ресей шекарашыларының Армениядағы қызметі 1992 жылы Ереван мен Мәскеу арасында жасалған Ресей шекара әскерінің мәртебесі туралы келісіммен реттеледі. Құжатта Арменияда орналасқан және мемлекеттік шекараны күзететін Ресей шекара әскері бұрынғы СССР мен Түркия және Иран арасында жасалған, әлі де күшінде тұрған мемлекетаралық келісімдерді басшылыққа алатыны жазылған.
Бастапқыда Армениядағы Ресей шекара әскері Ресей шекара қызметінің Кавказ арнайы шекара округі құрамындағы «Армения» әскери тобы деп аталды. 2003 жылы шекара қызметінің міндеттері Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) берілгеннен кейін Арменияда ФСБ-ның шекара басқармасы құрылды.
«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылғы 1 тамызда Ресей шекарашылары Еревандағы «Звартноц» халықаралық әуежайындағы қызметін аяқтады. 2025 жылғы қаңтардан бастап Армения мен Иран шекарасындағы «Агарак» өткізу бекетінен, ал сол жылдың ақпанынан бастап Армения мен Түркия шекарасындағы өткізу бекетінен кетті.
Қазір Ресей шекарашылары Армения әскери қызметкерлерімен бірге Иран және Түркиямен шекараның кейбір учаскелерін күзетіп жатыр. Ал Грузия және Әзербайжанмен шекарада Ресей шекарашылары жоқ.
Пашинянның мәлімдемесі Арменияның Батысқа бет бұруына байланысты Мәскеу мен Ереван арасындағы қарым-қатынастағы шиеленіс біршама күшейген тұста жасалды.