Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украина ұсынған 30 күндік бітім идеясын іс жүзінде жоққа шығарып, оған қоса Киевті Ресей президенті Владимир Путиннің 8-10 мамыр аралығында үш күнге атысты тоқтату туралы ұсынысына "реакция танытпағаны" үшін сынға алды.
Песковтың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленский тағы бір рет көтерген 30 күндік бітім тек Путин бұған дейін айтқан "нюанстарды" ескерген жағдайда қана мүмкін болмақ. "Ол сұрақтарға жауап бермейінше, ондай ұзақ мерзімді бітімге бару қиын", — деді Песков.
30 күндік бітім жасау және оны ұзарту мүмкіндігі туралы ұсынысты Украина АҚШ-тың бастамасымен наурыз айының ортасында жасаған еді. Сол кезде Путин Мәскеу ол ұсыныстан бас тартпайтынын, бірақ "нюанстар" бар екенін айтқан. Олардың қатарында бақылау мен тексеруді ұйымдастыру мәселелері жайлы, сондай-ақ осы 30 күн ішінде Украинадағы мобилизация мен елге қару-жарақ жеткізуді тоқтату туралы талап айтылды. Жуырда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та бітімге келудің Мәскеу қойып отырған бір шарты – Батыс елдері Украинаға қару жеткізуді тоқтатсын деген болатын.
Дүйсенбі күні Путин Ресей әскерлерінің 8 мамыр сағат 00:00-ден 11 мамыр сағат 00:00-ге дейін (үш күнге) Совет одағы мен нацистік Германия арасындағы соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай барлық ұрыс қимылдарын тоқтататынын мәлімдеді. Зеленский Путиннің бұл әрекетін "манипуляция" деп атап, Ресей президенті ең алдымен Мәскеуде 9 мамыр күні парад өткізуді көздеп отырғанын меңзеді. Зеленский 8 мамырды күтпей-ақ әрекет ету керек деді.
"Атысты бірнеше күнге ғана емес, кейін қайтадан қантөгіс жасау үшін емес, дереу тоқтату керек. Тұрақты әрі сенімді болу үшін атысты кем дегенде 30 күн бойы толық әрі сөзсіз тоқтату қажет. Шынайы дипломатиялық күш-жігер негізін тек осылай қалауға болады", – деп мәлімдеді Зеленский дүйсенбі, 28 сәуір күні кешкі видеоүндеуінде.
Кремльдің баспасөз хатшысы Песков "манипуляциямен" Зеленскийдің өзі айналысып отыр деп мәлімдеді. Өйткені Украина президенті Путиннің үш күндік бітім туралы ұсынысына тікелей жауап бермей отыр деді ол.