Accessibility links

Ресейдікін мақтайды, Батыстыкін даттайды. Pfizer екпесін қаралаудың артында кім тұр?


Еуропада америкалық Pfizer вакцинасын қаралап жүрген ресейлік компаниялар. Мұны Азаттық радиосының Орыс қызметі әшкереледі. Зерттеу бұл компаниялардың артында Кремльге қатысы бар деген кәсіпкер әйелдің тұрғанын көрсетті. Ол әйел – биліктегі "Единая Россия" партиясының саяси науқандарын ұйымдастырумен айналысқан Юлия Серебрянская.

24 мамыр күні Франция мен Германияда бірнеше танымал блогер америкалық вакцинаны ақыға жамандау туралы ұсыныс алғанын айтты. Олардың сөзінше, олардан Pfizer/BioNTech вакцинасын салдырғаннан кейін өлген адамдар туралы ақпарат таратуды сұраған. Сондай-ақ өз атынан Pfizer вакцинасының өлім көрсеткіші AstraZeneca вакцинасыныкінен үш есе көп деген жалған хабар таратуды ұсынған.

Франциялық Fact & Furious, америкалық The Wall Street Journal мен Associated Press, британиялық The Guardian басылымдары француз блогерлерінің Fazze маркетинг компаниясының қызметкерінен электронды пошта арқылы хат алғанын, онда блогерлерге YouTube, Instagram және басқа да платформаларда Pfizer/BioNTech вакцинасын сынағаны үшін ақша төленетіні жазылғанын хабарлады.

Францияда YouTube желісінде 1,2 миллион көрермені бар ғылыми каналды жүргізетін блогер Лео Грассет өзіне әлдебіреудің хабарласқанын айтып, электронды хаттың скриншотын Twitter парақшасында жариялады.

Грассет Азаттық радиосының пікір білдіру туралы хатына бірден жауап бермеді.

Германиядағы әлеуметтік желілерде танымал Мирко Дротчман да Pfizer вакцинасына қарсы науқанға қатысу туралы жазылған электронды хаттың скриншотын Twitter-дегі парақшасына салды.

СЕРЕБРЯНСКАЯНЫҢ КОМПАНИЯЛАРЫ

Сайтында мекен-жайы ретінде Лондонды көрсеткен Fazze компаниясы Ұлыбританияның компаниялар реестрінде тіркелмеген. Ал жұмыспен қамту сайттарының бірі Fazze-ні AdNow маркетинг агенттігінің бір бөлігі ретінде сипаттаған. AdNow – Ұлыбританияда, Ресейде де жұмыс істейтін компания.

Adnow жауапкершілігі шектеулі серіктестігін 2014 жылы Станислав Фесенко дейтін Ресей азаматы мен британ азаматы тіркеген. Adnow да, Fazze де бір мекен-жайды көрсетеді. Ол жерге бұлардан бөлек ондаған компания тіркелген.

2018 жылға дейін AdNow компаниясына "Орыс бастамасы" деген ұйымды басқаратын Юлия Серебрянская иелік еткен.

Компанияның Мәскеудегі кеңсесі Варшава шоссесі көшесінде тіркелген. Бұл мекен-жай Серебрянскаяға тиесілі 2WTrade интернет-маркетинг фирмасының мекен-жайымен сәйкес келеді. Веб-сайттың дерегінше, 2WTrade фирмасы денсаулық пен сұлулыққа арналған тауарлар маркетингімен айналысады.

Интернетте жарияланған ішкі ұжымдық құжат Adnow мен Серебрянскаяға қатысы бар басқа да компаниялар арасында байланыс барын көрсетеді.

ЮЛИЯ СЕРЕБРЯНСКАЯ ДЕГЕН КІМ?

Юлия Серебрянская 2001 жылы Новосібір мемлекеттік техникалық университетін бітіріп, математика мамандығы бойынша диплом алған. Оған дейін аз уақыт мемлекеттік телекомпанияның жергілікті филиалында жұмыс істеген Юлия Серебрянская оқуды аяқтап, Мәскеуге көшкен. Сол жақта НТВ, "Первый канал" секілді мемлекеттік телеарналарда жұмыс істегенін айтады.

Юлия Серебрянскаяның онлайн-өмірбаянына сенсек, ол 2007 жылы Дмитрий Медведевтің сайлауалды кампаниясында жұмыс істеген. Алдымен премьер-министрдің орынбасары, кейін премьер-министр болған Медведев 2008 жылы Ресей президенті болып сайланып, Владимир Путин премьер-министр болған еді.

Юлия Серебрянская.
Юлия Серебрянская.

Юлия Серебрянскаяның сөзінше, ол 2012 жылы Владимир Путиннің сайлауалды кампаниясында жұмыс істеп, "Единая Россия" партиясының саяси департаментінде жарнама бөлімін басқарған.

2013 жылы Серебрянская "отбасы жағдайына" байланысты АҚШ-қа қоныс аударған. Өмірбаянында оның АҚШ-та екі жыл тұрғаны айтылған. Серебрянскаяның сөзінше, ол "Калифорния, Аризона мен Невада штаттарындағы орыстармен байланыс орнатқан".

Азаттықтың Орыс радиосы оның АҚШ-тағы өмірі туралы еш дерек таба алмады.

Ресейге қайта оралған Серебрянская 2WTrade компаниясының, бір жылдан кейін "Орыс бастамасы" ұйымының негізін қалаған. Соңғысы өзін бүкіл әлемдегі орыстілділердің бірлестігі деп сипаттайды.

2019 жылы ол Мәскеу қалалық думасына сайлауға түсуге тырысқан. Бірақ "өзін-өзі ұсынған" кандидат ретінде тіркелу үшін қажетті қол жинай алмаған.

Юлия Серебрянская "Орыс бастамасы" ұйымының электронды поштасына жіберілген хатқа да, WhatsApp арқылы жіберілген хабарламаларға да жауап бермеді.

Fazze компаниясы да клиенттері мен жалған ақпарат тарату науқанының бюджеті туралы сұрақтарды жауапсыз қалдырды.

СЕРЕБРЯНСКАЯНЫҢ ТУЫСТАРЫ

Ұлыбритания реестрінде AdNow компаниясын Станислав Фесенкомен бірге құрған британ азаматы ретінде Эван Толладей дейтін адам көрсетілген. Ол бұған дейін Mottogeek компаниясында (қазір AnnGames деп аталады) жұмыс істеген. Ал бұл компанияға Фесенко мен Новосібірден шыққан тағы бір орыс иелік еткен.

AdNow-дың Мәскеудегі тағы бір қызметкері LinkedIn әлеуметтік желісінде Вячеслав Усольцев деген атпен тіркелген. Ол бұған дейін осыған ұқсас Brand.ad маркетинг компаниясында жұмыс істеген. Ал Brand.ad компаниясы иесі ретінде Серебрянский деген азаматты көрсеткен. Тек фамилиясын берген, атын жазбаған. Оның толық аты-жөні басқа бір деректерде жазылған. Аты – Михаил. Оның әкесі Юлия Серебрянскаяның әкесімен аттас. Деректер базасында Серебрянскийдің компьютерлік бағдарламалар жасайтын фирмалары бар екені, олардың кейбірі Юлия Серебянскаяға қатысы бар компаниялардың мекен-жайында тіркелгені көрсетілген.

Қаржы қылмыстары бойынша сарапшы британиялық Грэм Бэрроудың Азаттыққа айтуынша, Серебрянская Ұлыбританиядағы бір-бірімен байланысы бар, ақшаның ізін жасырумен айналысатынға ұқсайтын үш компанияға иелік етеді.

Бэрроудың сөзінше, жүздеген компанияның бір жерде тіркелуі – компанияның шынайы коммерциялық жұмысының жоғын, тек қай жақтан келгені белгісіз активтер үшін тұрғанын көрсетеді.

"Спутник V" вакцинасының насихатымен айналысатын "Ресей тікелей инвестициялар қоры" (РТИҚ) дейтін әл-ауқат қоры Батыс вакциналары туралы теріс ақпаратты белсенді түрде таратумен көзге түсіп жүр. Бірақ бұл құр мен астыртын ақпараттық шабуыл жасау науқаны арасында тікелей байланыс барын көрсететін айғақ жоқ.

Мақаланың орыс және ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG