Полиция Таразда совет жауынгерлерінің ескерткішін бұзу ісі бойынша оқушылар ұсталғанын хабарлады

Совет жауынгерлерінің зираты басындағы мемориалдық ескерткіш. Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Совет жауынгерлерінің зираты басындағы мемориалдық ескерткіш. Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Жамбыл облысының полиция департаменті мемориалдық ескерткішті қиратып, Ресейдің наразылығын тудырған оқиғаға күдіктілер ұсталғанын хабарлады.

Күштік құрылымдар совет жауынгерлері зиратындағы мемориалды Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 7-сыныпта оқитын үш бала қиратқан болуы мүмкін деп есептейді. Департамент ақпаратында кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке алынып, олардың ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін жауапқа тартылғаны жазылған.

"Білім басқармасы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясына құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізілді. Тергеу жалғасып жатыр. Болған оқиғаның бүкіл мән-жайына құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады полиция департаменті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда алған жарақаттан госпитальде қайтыс болған Қызыл армия жауынгерлерінің зиратындағы ескерткіш Ресейдің қаражатына қалпына келтіріліп, 15 қазанда Таразда салтанатты түрде ашылған. Алайда бір айдан кейін, 18 қарашада монумент түгел дерлік қиратылғаны белгілі болды.

Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған дипломатиялық нотада кінәлілерді анықтап, жазалауды талап еткен.

"Біз болған оқиғаны жай ғана вандализм актісі емес, Ресей мен Қазақстанға ортақ батырлардың рухын қорлау, Қазақстан қоғамында алауыздық тудыру және елдеріміз арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарға нұқсан келтіру мақсатында жасалған саяси экстремистік акция деп бағалаймыз", – делінген Ресейдің дипломатиялық өкілдігінің мәлімдемесінде.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі нота алғанын растады.

Жергілікті билік мемориал қалпына келтіріліп, күзетке алынғанын хабарлады.


​
XS
SM
MD
LG