Польша премьер-министрі Дональд Туск 31 қазанда халыққа үндеу жасады. Бұған елдегі саяси дағдарыс себеп. Дағдарысқа елдің жоғарғы сот органы — Конституциялық трибунал төңірегіндегі даудың ушығуы түрткі болған.
Туск Варшавада соңғы күндері болған оқиғаларды «Польшада заң үстемдігін жоюдың кезекті кезеңі» деп атады. Ол бұған «Құқық және әділдік» партиясын (PiS), қазіргі президент Кароль Навроцкийді және оның алдындағы президент Анджей Дуданы айыптады.
Тусктің пікірінше, жағдайды Ресей бастаған сыртқы күштер ушықтырып отыр.
«Бүгінде бұл қақтығыста оларды интернеттегі ресейлік боттар армиясы қолдап отыр. Оның үстіне, олар Кремльдің бас идеологының ашық мақтауына да ие болды» деді Туск қарсыластары жөнінде.
Премьер-министр президент Навроцкийді Конституциялық трибуналдың жаңадан тағайындалған судьяларынан ант қабылдаудан бас тартты деп айыптады. Ал судьялар президенттің шешімін ұзақ күтіп, ақыры қызметіне кіріскен кезде, «оларға шабуыл жасалды» деді Туск.
Бұған қоса, ол парламенттегі көпшілікті құрайтын өзі жетекшілік ететін «Азаматтық коалиция» партиясының депутаттарымен бірге Конституциялық трибуналға қатысты мәселелерді шешуге бірнеше рет талпынғанын айтты. Алайда оның сөзінше, бұл бастамалардың бәріне PiS депутаттары мен президент Навроцкий кедергі келтірген.
Туск Конституциялық трибунал ғимаратының алдына жиналған жүздеген наразы туралы да айтты. Ол оларды «PiS-тен шыққан саясаткерлер мен белсенділердің бір-бірімен тартысып жүрген топтары» деп сипаттап, олардың көздеген мақсатын түсіну қиын екенін айтты.
31 қазанда Польша парламентінің депутаты, бұрынғы премьер-министр Матеуш Моравецкий үкіметке сенімсіздік вотумын жариялау туралы ұсыныс жасады. Ол бұған дейін PiS партиясының өкілі болған, алайда биыл партиядан шыққан. Моравецкий бұл ұсынысын әлеуметтік желіде жариялады.
- Жұма күні Конституциялық трибунал судьясы Анна Корвин-Пиотровская трибунал төрағасы Богдан Свенчковский мен оның орынбасары Бартоломей Соханскийді қызметінен шеттетті. Ол төрағаның міндетін өз мойнына алып, полиция шақырды. Конституциялық трибунал ғимараты қоршауға алынып, оның алдына жүздеген наразылық білдіруші жиналды.
- Польшада Конституциялық трибунал төңірегіндегі ұзақ жылдарға созылған дау қазан айының ортасында қайта ушықты. Оның негізінде бұған дейінгі парламент шақырылымында билік еткен «Құқық және әділеттілік» партиясы мен қазіргі премьер-министр Дональд Туск үкіметінің арасындағы келіспеушілік жатыр.
- Туск үкіметі PiS билігі кезінде тағайындалған судьялардың Конституциялық трибунал құрамында әлі де отыруын Конституцияға қайшы деп санайды және трибуналдың шешімдерін мойындамайды. Ал трибунал мүшелері Туск үкіметі кезінде тағайындалған судьяларды мойындамай отыр. Биыл президент Навроцкий парламент ұсынған алты судьяның үшеуінен ант қабылдаудан бас тартқан.