Польша аумағына өткен аптада құлаған зымырандар Ресейге тиесілі болған. Бұл оқиға бойынша тергеу жүргізген Люблин округінің прокуратурасы осындай қорытындыға келгені туралы мәлімдеме 22 қарашада жарияланды.
Прокуратура дерегінше, 20 қарашада Польшаның әуе кеңістігін Ресейдің үш бірдей Х-101 қанатты зымыраны бұзған. Бұл үш зымыран 2026 жылдың төртінші тоқсанында Мәскеу облысындағы Дубна қаласында орналасқан зауытта жасалған. Бұған дейін Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш ел аумағына екі зымыран мен бір дрон құлады деп мәлімдеген еді. Алайда сынықтарға жүргізілген сараптама үшіншісі де Х-101 зымыраны екенін анықтаған.
Үш зымыранның бірі 20 қараша күні таңертең ерте Люблин воеводствосы аумағына, ал қалған екеуі Подкарпатье воеводствосы жеріне құлаған. Адамдар зардап шекпеген.
- 20 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаның батыс облыстарына әуеден жаппай шабуыл жасаған еді. Сол түні Ресей күштері Украина аумағына 400-ден астам әскери дрон мен 110 зымыран ұшырған, оның 27-сі – баллистикалық зымырандар.
- Осы оқиғаға байланысты Польша жойғыш ұшақтарын ұшырып, елдің қорғаныс министрлігінде шұғыл жиын өтті. Польшаның премьер-министрі Дональд Туск те армия мен арнайы қызмет өкілдерінің қатысуымен кеңес шақырды. Дүйсенбі, 23 қарашада зымырандарға қатысты оқиғаны Брюссельде НАТО-ға мүше барлық елдердің өкілетті өкілдері кіретін Солтүстік Атлантика кеңесі талқыламақ.