“Самұрық-Энергоның” бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтов энергетикалық жобалардың кешігіп жүзеге асуына қатысты ескертулерді елемеді, сондықтан қызметтен босатылды. 29 қазан күнгі үкімет отырысы кезінде премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді.
“Оған бірнеше ескерту жасалды, алайда тиісті қорытынды жасаған жоқ. Сондықтан кеше (28 қазанда – ред.) президент қатаң сын айтты, содан кейін тиісті шешім қабылданды” деді Бектенов.
Қайрат Мақсұтов “Самұрық-Энергоның” басқармасының төрағасы қызметінен 28 қазанда босатылды. Ақпарат бойынша, бұған стратегиялық инвестжобалардың тиісінше қарқынды жүзеге аспауы мен құрылыс мерзімін тиісінше бақыламау себеп деп айтылады.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, шілде ортасында Бектенов Қайрат Мақсұтовқа Алматыдағы үшінші жылу электр орталығын жаңарту жағы кестеден қалып бара жатқанын ескерткен. Энергетика министрлігінің дерегінше, сол кезде жоспарланған жұмыстардың тек 26 пайызы орындалған. Сол кезде премьер Мақсұтовқа жыл соңына дейін тиісті шара қабылданбаса, жеке басымен жауап беретінін ескерткен. 29 қазанда жылу орталығын жаңарту мерзімі кейінге жылжығаны белгілі болды.
Премьер-министр "Самұрық-Энерго" басшысының қызметтен кету себебін түсіндірді