Accessibility links

Трамп жолдауында импичмент жайлы айтпады


АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте елдегі жағдай туралы дәстүрлі жолдауын жариялап тұр. Вашингтон, 4 ақпан 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте елдегі жағдай туралы дәстүрлі жолдауын жариялап тұр. Вашингтон, 4 ақпан 2020 жыл.

АҚШ президенті елдегі жағдай туралы жыл сайынғы жолдауын жариялады. Өзі басқарған кезде ел экономикасы жетістіктерге жеткенін мәлімдеген Дональд Трамп соңғы жарты жылда Конгрестің көп уақытын алған импичмент дауы туралы ештеңе айтқан жоқ.

АҚШ президенті Дональд Трамп ақпанның 4-і күні Конгресте елдегі жағдай туралы жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялады. 2016 жылғы президент сайлауына "Американы қайтадан ұлы елге айландырайық" деген ұранмен қатысқан Трамп биылғы жолдауында өзі басқарған кезеңдегі ел экономикасындағы жетістіктерді тізіп шықты. Ол АҚШ-тың қазіргі жағдайын "бұрын-соңғы болмаған қуатты деңгейде" деп сипаттады.

ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

Ақ үй басшысы жолдауының алғашқы 20 минутын экономика саласына арнады. Трамптың сөзінше, елде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы онжылдықта ең төменгі деңгейге түсіп, жаңадан жеті миллионға жуық жұмыс орны ашылған, халықтың табысы көбейіп, кедейлік пен қылмыс деңгейі азайған. Бұған қоса "әлемде жетекші орынға қайта шығып, халықаралық беделі арта бастады" деді ол.

"Дұшпандары қашып, дәулеті ұлғайып келе жатқан Американың болашағы жарқын. Біз ойымызға кіріп-шықпаған жылдамдықпен алға жылжып барамыз және ешқашан кері шегінбейміз!" деді АҚШ президенті.

Президент Дональд Трамп жыл сайынғы жолдауын жариялап тұр. Вашингтон, 4 ақпан 2020 жыл.
Президент Дональд Трамп жыл сайынғы жолдауын жариялап тұр. Вашингтон, 4 ақпан 2020 жыл.

Трамп осыдан төрт жылдай бұрын сайлауалды бағдарламасында берген уәдесінде тұрып, өзі "АҚШ-тағы әрбір төртінші өндірістік жұмыс орнының жабылуына әкеп соғады" деп сынаған Солтүстік Америкалық еркін сауда келісімінен бас тартқанын айтты. Өткен аптада АҚШ Канада және Мексикамен жаңа сауда келісіміне қол қойған болатын.

"Бұл көп жылдан бері америкалық кәсіподақтардың қолдауына ие болатын бірінші ірі сауда келісімі" деді Трамп. Ол аталған келісім нәтижесінде жаңадан 100 мың жұмыс орны ашылатынын айтты.

Статистика мәліметіне сәйкес, 2019 жылы АҚШ экономикасы 2,3 пайызға өскен. Елдегі жұмыссыздық деңгейі рекордтық деңгейге төмендеп, 3,5 пайызды құрап отыр.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ, БІЛІМ ЖӘНЕ МИГРАЦИЯ МӘСЕЛЕСІ

АҚШ президенті жолдауында денсаулық сақтау, заңсыз миграция және білім мәселелеріне де тоқталды. Трамп Мексикамен арада салынған дуалдың ұзындығы келесі жылдың басына қарай 500 мильге жететінін айтты. Ол АҚШ-тың миграция және кеден органы қызметкерлеріне құжаты жоқ мигранттарды депортациялауға кедергі келтірген саясаткерлерді сынады.

Трамп сондай-ақ құжаты жоқ мигранттарға тегін медициналық қызмет көрсету туралы демократтар ұсынған заң жобасын сынға алып, оны "заңсыз миграцияның өсуіне ықпал етіп, қарт америкалықтардың табысына қол сұғады" деп сипаттады. Президент ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жақсарту, оның ішінде дәрі-дәрмек бағасын арзандату мәселесін де көтеріп, АҚШ мектептеріне реформа жүргізу қажет деп мәлімдеді.

Трамп елдегі тұрғындардың инновациялық, жоғарғы сапалы денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімді қызметін пайдалануға лайық екенін айтты. Сонымен бірге онжылдықтың соңына дейін Америкада СПИД дертінің таралуына тоқтау салуға уәде етті.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

АҚШ президенті сыртқы саясат туралы аз сөйледі. Жолдаудың бұл туралы бөлігінде Трамп Қытай, Иран, Венесуэла мен Кубаға ерекше назар аударды. Ол Иран басшылығын ядролық жасау жоспары мен "терроризм саясатынан" бас тартуға шақырып, Израиль үшін бейбітшілік жоспарын, АҚШ-тың "Ислам мемлекеті" террорлық тобымен күрестегі жетістіктерін айтты.

Трамп Таяу Шығыстағы қарулы жанжалдарға АҚШ сарбаздарын араластыруды доғарғысы келетінін мәлімдеді.

Кубамен байланысты кеңейту саясатына тоқтау салғанын айтқан Трамп АҚШ Латын Америкасы демократиялық елдеріне қолдау көрсетуді қайта жандандырады деп мәлімдеді. АҚШ президенті Венесуэла жетекшісі Николас Мадуроны "тиран", "диктатор" деп атап, осы жолдау жарияланып жатқан залда отырған Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдоға қарата: "Венесуэла халқына бостандық жолындағы күресін америкалықтардың бір кісідей қолдайтынын жеткізіңізші. Социализм халықтардың түбіне жетеді" деді.

Трамп Вашингтонның Пекинмен сауда келіссөздерінде жеткен табысы туралы да айтты. Оның сөзінше, Қытай бұған дейін АҚШ-қа қарағанда басымдыққа ие болып келсе, енді жағдай өзгерген.

АҚШ президенті терроризм мен заңсыз миграцияға қарсы күрестің маңызды екенін айтып, америкалықтарды коронавирустың жаңа түрі тарауынан төнген қауіп-қатерден қорғауға уәде етті.

Бұдан бөлек, Трамп Айға тұңғыш әйелді жіберу және Марсқа АҚШ туын тігу үшін Конгресті отандық ғарыш бағдарламасына қаржы бөлуге шақырды.

ИМПИЧМЕНТ ДАУЫ

Биылғы жолдау Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша Конгрестегі тыңдаумен тұспа-тұс келіп, ел ішіндегі саяси бөліністі күшейте түсті. Трамп жолдауында соңғы жарты жылда Конгрестің көп уақытын алған импичмент дауы туралы ештеңе айтқан жоқ.

Демократтар басым Өкілдер палатасы 2019 жылдың желтоқсан айында Республикалық партия қолдайтын президент Трампқа қарсы екі импичмент бабын мақұлдаған. Оны ақпанның 5-і күні қарайтын Сенат (республикалықтар көп дауысқа ие), Трампты тағылған айыптардан ақтап алады деген болжам айтылып отыр.

Бұл шиеленіс Трамп жолдауын жариялаған кезде де байқалды.

Мінберден сөйлейтін сөзінің көшірмесін вице-президент Майк Пенс пен Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосиге (демократ) берген Трамп өзінің қолын алмақ болған Пелосиге назар аудармаған не көрмеген сыңай танытып, тез бұрылып кетті.

Трамп жолдауын жариялап болған соң Пелоси қолындағы жолдау нұсқасын жыртып тастады.

2019 жылы қыркүйекте Пелоси Өкілдер палатасының Трампқа импичмент жариялау ісі бойынша зерттеу бастауына рұқсат бергеннен кейін екеуі қазан айынан бері сөйлеспей жүр деген хабар тараған.

Трамптың сөзін демократтар міз бақпай отырып тыңдады, олардың кейбірі басын шайқап отырғаны байқалды. Республикалықтар "тағы да төрт жыл" деп айғайлап, Трамптың сөзі кезінде әлсін-әлсін орнынан тұрып, қол соғып, қолдау танытты.

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Дональд Трамп биыл қайтадан президент сайлауына түспекші. Оның биылғы жолдауы бұған дейінгі сайлауалды науқан кезінде айтқан экономиканы жандандыру мен заңсыз миграцияға қарсы күрес туралы сөздерін еске салды.

Биыл қарашада Трамппен саяси бәсекеге түсетін Демократиялық партия үміткерін таңдау шарасы кеше Айовада басталды.

Трамптың жолдауына дейін Gallup жариялаған сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 49 пайызы қазіргі президенттің жұмысына оң баға берген. Бұл Трамптың Ақ үйдегі билікке келген кезеңдегі ең жақсы нәтижесі.

Демократтардың тек 7 пайызы, ал республикалықтардың 94 пайызы Трамп жұмысының нәтижесін қолдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG