Accessibility links

Астанадағы "сындарлы" Сирия келіссөзі "жеміссіз" болды


Сирия дағдарысы бойынша келіссөздің баспасөз орталығындағы тілшілер. Астана, 23 қаңтар 2017 жыл.

Батыс баспасөзі осы аптада Астанада өткен Сирия жанжалына қатысты келіссөзден түк шықпағанын жазады. Бұған қоса, Yahoo желілеріне жасалған кибершабуылдарға күдікті, Қазақстанда туған Кәрім Баратов жайлы комментарийлер жариялаған.

СИРИЯ КЕЛІССӨЗІ

Батыстың бірнеше ақпарат құралы наурыздың 14-15 күндері Астанада Сирия жанжалын реттеу жөніндегі келіссөздердің Ресей, Түркия және Иран делегациялары қатысқан үшінші кезеңі нәтижесіз өткені жайлы жазған. Астанадағы алдыңғы екі раунд та өзгеріссіз аяқталған. БҰҰ бұл мәселеге қатысты жеке келіссөздер жүргізеді, олар Женева қаласында өтеді.

Америкалық WLox радиосы сайтының хабарлауынша, БҰҰ-ның Сириядағы арнайы өкілі Стаффан де Мистура Сирия жанжалының алтыншы жылында Дамаскіде жасалған жуырдағы «терактілерді» айыптап, олар «саяси келіссөздер жүргізуге кедергі жасауға бағытталғаны анық» деп мәлімдеген. Бір апта бұрын де Мистура наурыздың 23-інде Женевада БҰҰ форматында өтетін келіссөздердің бесінші кезеңіне биліктің де, оппозицияның да өкілдерін әкелу ниетін жариялаған болатын. «Ол атысты тоқтату жайлы Қазақстанда өткен әрі оппозиция қатысудан бас тартқан жуырдағы келіссөздер тұсында және Женевадағы [келіссөздер] қарсаңында «қаскүнемдердің саяси жол іздеуге кедергі келтіруге тырысқан әрекеттерінің іске асуына мүмкіндік беруге болмайтынын» айтқан».

БҰҰ-дағы Сирия өкілі Башар Джафаридің айтуынша, Астанадағы келіссөз «сындарлы» сипатта өткен, бірақ екі апта бұрын Сирияның үкіметшіл күштері «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымынан тартып алған Сирияның тарихи қаласы Пальмираны минадан тазарту туралы жалғыз ғана ресми мәлімдеме жасалған. Сирия көтерілісшілері Сирия режимі мен Ресейді бітім шарттары мен гуманитарлық көмекті бөлуге қатысты міндеттемелерін бұзды деп айыптап, Астанадағы келіссөздің үшінші раундына қатысудан бас тартты деп хабарлайды WLox. Ертеректе Қазақстан сыртқы істер министрлігі оппозиция өкілдері Астанаға келетін болды деп хабарлаған, бірақ кейінірек олардан келіссөзге қатысудан бас тартқанын растайтын ақпарат алдық деп айтқан.

БҰҰ-ның Сириядағы арнайы өкілі Стаффан де Мистура (сол жақта) мен сириялық «Джайш әл-Ислам» көтерілісшілер тобының өкілі Мохаммад Алуш Астанадағы келіссөздер кезінде. 23 қаңтар 2017 жыл.
БҰҰ-ның Сириядағы арнайы өкілі Стаффан де Мистура (сол жақта) мен сириялық «Джайш әл-Ислам» көтерілісшілер тобының өкілі Мохаммад Алуш Астанадағы келіссөздер кезінде. 23 қаңтар 2017 жыл.

Астанадағы сәтсіз аяқталған келіссөзге қатысты Башар Джафаридің тұжырымын келтіріп әрі Астанадағы келіссөз Сириядағы атысты тоқтатуға және соғыстан зардап шеккен миллиондаған бейбіт тұрғынның гуманитарлық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етуге әрекеттенген Ресей мен Түркияның басшылығымен өткенін америкалық myMotherLode.com сайты да комментарий жариялаған.

Америкалық WBOC-TV 16 телеарнасы сайты наурыздың 15-і күні Дамаскідегі сот ғимараты мен мейрамханасына жанкештілер шабуыл жасап, кемі 30 адамды өлтіргені жайлы жазған. «Әлгі шабуылдар содырлардың қарымта қайтару үшін жанталасып, президент Башар Асадтың күштеріне қарсы бүлікшіл тактиканы пайдалануға тырысып жатқанын көрсетеді» делінген мақалада.

Бұл шабуылдар Сирияда 400 мыңнан көп адам мерт болған азамат соғысы алтыншы жылға жалғасқан уақытта жасалды. Миллиондаған адам туған жерінен босып кетуге мәжбүр болды, ал елдің көп бөлігі үйіндіге айналды.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ» КӘРІМ БАРАТОВ

Өзге бірнеше веб-сайттар Yahoo сайтының 500 миллионға жуық қолданушысының аккаунтын бұзған кибершабуылдарға ресейлік хакерлердің қатысы бар деген АҚШ-та жуырда жасалған мәлімдемелерге қатысты комментарий жариялаған.Оңтүстік Африканың Times Live арнасы сайтында шыққан «Кремль Yahoo желісіне кибершабуылдарға қатысты айыптауларды жоққа шығарады» деген мақалада киберкеңістіктегі әлдебір шабуылдарға ресейлік ресми органдардың қатысы барын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үзілді-кесілді жоққа шығарды деп жазған.

Осы аптада АҚШ әділет министрлігі «тыңшылық және қаржылық пайданы көздегені анық» деп мәлімдеп, тарихтағы ең ірі әрі бірнеше жылға созылған кибершабуылдардың біріне қатысты «Ресей барлау қызметінің екі тыңшысы мен бірнеше хакерді» айыптаған болатын.

Австралияның ABC газеті «бұл айыптаулар 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлау науқанына ресейлік хакерлердің араласуы және ресейлік тұлғалар мен [АҚШ-тың қазіргі президенті] Дональд Трамптың жақтастарының арасындағы ықтимал байланыстар жайлы бірқатар қарама-қайшы мәлімдемелер тұсында жарияланды» деп жазады.

Кибершабуылдарды ФСБ (федералдық қауіпсіздік қызметінің) тыңшылары Дмитрий Докучаев пен Игорь Сущин, ФБР-дің (АҚШ тергеу бюросы) ең қауіпті киберқылмыскерлер тізіміне енген ресейлік хакер Алексей Белан және осы аптада Канадада тұтқындалған Қазақстанда туған 22 жастағы Кәрім Баратов жасауы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

«Үлкен сегіздік» саммитіне қарсы шеру кезіндегі полиция тосқауылы. Торонто, 24 маусым 2010 жыл.
«Үлкен сегіздік» саммитіне қарсы шеру кезіндегі полиция тосқауылы. Торонто, 24 маусым 2010 жыл.

Канаданың Globe and Mail газетінде жарияланған «Yahoo желісіне хакерлік шабуыл жасады деген күдікті канадалық Кәрім Баратов байлығымен мақтанған» деген мақалада жас жігіттің өмірі мен тұрмысы егжей-тегжейлі сипатталған. Ол Торонто қаласына жақын Хамильтон шаһарының тыныш ауданындағы үйде жалғыз тұрғаны хабарланады. Баспасөз дерегінше, Кәрім Баратов – Канада әрі Қазақстан азаматы, яғни қос азаматтығы бар, бірақ Қазақстан өкілдері 2011 жылы ол Қазақстан азаматтығынан ресми бас тартқан деп айтқан. Қазақстан заңдары қос азаматтыққа тыйым салады.

Кәрім Баратовтың өмірін сипаттаған Globe and Mail газетінің жазуынша, ол көршілерімен көп араласпаған, ал әлеуметтік желілерде өзін «жасөспірім шағында миллионерге айналып үлгерген еңбекқор компьютер кемеңгері әрі кәсіпкер» деп сипаттаған. Оның Aston Martin DB9 және Lamborghini сияқты қымбат көліктермен жүргенін жиі көрген.

Малайзияның иммиграция департаментінің Куала-Лумпурдегі халықаралық жезөкшелікпен айналысатын синдикатын әшкерелегені жайлы мәлімдемесіне қатысты комментарийінде Малайзияның The Star газеті Қазақстан азаматтарының шетелдегі қылмыстарға қатысы болуы мүмкін тағы бір оқиға жайлы жазған. Тұтқындалған 28 қыз-келіншектің алтауы қазақстандық деген болжам бар.

Ал еуропалық Euronews телеарнасы сайтында қауіпсіздікке қатысты қорқыныш халықаралық туризмге көлеңке түсіреді деп жазады. Ертеректе туристер арасында танымал болған көп елдер кейінгі жылдары терроризм оқиғаларынан көп зардап шеккен.

Жаңадан салынып жатқан Expo-2017 көрмесі нысанының құрылысы басында жүрген жұмысшылар. Астана, 31 қазан 2016 жыл.
Жаңадан салынып жатқан Expo-2017 көрмесі нысанының құрылысы басында жүрген жұмысшылар. Астана, 31 қазан 2016 жыл.

Бұл «пайда болып жатқан пункттерге» туристердің жаңа легін тартуға мүмкіндік береді. «Қазақстан және Орталық Азия сияқты онша танымал емес елдер келушілерді 2017 жылы Астанада өтетін Ехро сияқты оқиғалар арқылы тартуға көп қаржы салады. Ел билігі Ехроға бес миллион адам келеді деп жоспарлайды, бұл алдыңғы көрмеге келген туристер санынан біршама көп» деп жазады Еuronews.

Қазақстан үкіметі Астанада кезекті халықаралық Ехро көрмесін өткізуді елдің халықаралық беделін нығайтатын амбициялық жоба деп біледі.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG