Accessibility links

Еуропаға баратын туристерге «Брекзит» қалай әсер етеді?


«Брекзит» нәтижесі жария болған күні Лондон көшесінде Еуропа Одағы туын ұстап бара жатқан ер адам. 24 маусым 2016 жыл.
«Брекзит» нәтижесі жария болған күні Лондон көшесінде Еуропа Одағы туын ұстап бара жатқан ер адам. 24 маусым 2016 жыл.

Миллиондаған британдық турист үшін «Брекзиттің» сансыз салдарының ең елеулісі – еуро және доллармен есептегенде бағаның қымбаттауы болмақ. Бірақ Ұлыбританияға баратын туристер ақша үнемдеуі мүмкін.

Солтүстік Ирландияда шығатын Belfast Telegraph газеті Ұлыбританияда Еуропа Одағынан (ЕО) шығуға қатысты өткен референдумның зардабы қандай боларына талдау жасаған. «Туристік маусым қызған тұста шетелге демалуға шығатын миллиондаған британдық турист «Шығуды қолдаймын» деп дауыс берудің зардабын бірден сезінетін болады. Келешекте үлкен өзгерістер көбейе түседі» деп жазады Belfast Telegraph.

Басылымның пікірінше, Брекзиттің алғашқы әсері «фунт стерлингтің бірнеше жыл бедеріндегі ең төменгі деңгейге құлдырауынан» білінеді, соның салдарынан британдық туристерге енді «Париждегі бір шыны кофеден бастап Мальдив аралдарындағы сән-салтанаты келіскен қонақ үйде түнеп шығу» қымбатқа түседі. Валюта бағамдарының құбылуына байланысты туристік фирмалардың клиенттерінен қосымша ақша төлеуді талап етуге құқы бар, ал сапарға өздігінен алдын ала тапсырыс беріп қойған, бірақ әлі ақшасын төлемегендер үшін жолдаманың фунтқа шаққандағы құны бұрынғыдан қымбаттайды. Фунт бағамының құлдырауы Еуропа елдерінде, оның ішінде Испания жағалауында тұратын жүздеген мың британдық зейнеткерге де қиын соғады. Еуропаға сапарлайтын британдықтардан енді медициналық сақтандыру келісім-шартына отыруды талап етуі ықтимал, өйткені олар тегін медициналық қызмет пайдалану құқығынан автоматты түрде айырылуы мүмкін.

Сонымен бірге фунт бағамының құлдырауынан кейін Ұлыбритания шетелдік туристер үшін арзандау елге айналуы ықтимал.

Валюта айырбастайтын жердегі фунт-стерлинг бағамының құлдырауын көрсеткен билборд. Лондон, 24 маусым 2016 жыл.
Валюта айырбастайтын жердегі фунт-стерлинг бағамының құлдырауын көрсеткен билборд. Лондон, 24 маусым 2016 жыл.

«Ашық аспан» – Еуропа Одағына мүше болудың ең ұтымды тұстарының бірі саналады. 1994 жылдан бастап ЕО-ның кез-келген әуе желісі ұшақтары Еуропаның екі қаласы арасында емін-еркін ұша алатын. Енді Ұлыбритания одақтан шыққан соң Лондон мен Брюссельдің қандай мәмілеге келері белгісіз. Егер Еуропа экономикалық аймағында Норвегия үшін қарастырылған мәмілеге ұқсас келісімге қол жетсе, онда британдық әуе желілері үшін ештеңе өзгермейді. Ал бір мәмілеге келе алмаса, Ұлыбритания мен ЕО арасындағы әр маршрут бойынша екі жақты келіссөз жүргізуге тура келеді, ал бұл орасан зор бюрократиялық тосқауылға кезігер еді.

Ал Еуропа одағында роуминг қызметін пайдалану ақысын толық алып тастау шешімі Ұлыбританияның ЕО-нан шығу шешіміне қарамастан, келер жылдың маусымында күшіне енбек. Сарапшылар онсыз да өмір сүруге болатынына тұтынушылардың көзі жеткен соң роуминг үшін ақыны қайта енгізуге Ұлыбритания билігінің немесе телекоммуникациялық компаниялардың батылы жете қоймас деп санайды.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНЫҢ АКЦИЯЛАРЫ

Ұлыбританияның Financial Times газеті жариялаған «Қазақстанның мұнай алыбы еншілес компаниясының акциялары арзандауы мүмкін екенін ескертті» деген мақалада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ ҰК) өкілдері егер миноритар акционерлері бас компания үлесін ұлғайту жайлы шешімді құптамаса, «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» (ҚМГ БӨ) еншілес компаниясының Лондон қаржы биржасында сатылатын акциялары күрт арзандауы мүмкін деп мәлімдегенін хабарлаған. Компанияның тәуелсіз директорлары компанияның миноритар акционерлерінің үлесін сатып алу «корпоративті басқаруға елелулі түрде ықпал етуі мүмкін» деп мәлімдеп, отставкаға кетеміз деп сес білдірген.

ҚМГ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мынбаев «егер акционерлер біздің ұсынысымызға ықыласы жоғын білдірсе, ҚМГ БӨ компаниясының миноритар акционерлерінің үлестерін сатып алмауымыз да мүмкін» деп мәлімдеген. Мынбаев мұндай жағдайда «акциялар құнын жоғалтып, бір акция 5 долларға дейін арзандауы мүмкін» деп болжайды. Акцияларды сатып алу жайлы шешімді мақұлдаған жағдайда депозитарлық қағаздарды сатып алу бағасы 7,88 доллар шамасында белгіленген.

Бірақ бұл хабарлар әлемдік қор нарығын дүрліктірген референдум өткенге дейін тараған болатын.

КИІК САНЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Американың New York Times газетінің жазуынша, Қазақстанды мекендейтін киік саны биыл біртіндеп қалпына келе бастаған.

Автокөліктің алдына түсіп қашып бара жатқан киік. Қостанай облысы, 8 маусым 2015 жыл.
Автокөліктің алдына түсіп қашып бара жатқан киік. Қостанай облысы, 8 маусым 2015 жыл.

«Биыл көктемде бүкіл әлемдегі ғалымдар мен табиғатты қорғаушылар [былтыр көктемдегі] киік қырғыны тағы қайталанар ма екен деп тіксіне күткен болатын. Бірақ мамыр айы індетсіз өтті, ал сәуірде жүргізілген санақтың қайта жарияланған нәтижелері киік санының баяулап артып келе жатқанын көрсетті» деп жазады New York Times.

Мысалы, былтырғы індеттен ең қатты зардап шеккен Бетпақдала түзінде киік саны сәуір айында 31 мыңнан 36 мыңға дейін өскен. Бірақ былтырғы індет себептері әлі жұмбақ күйінде қалып отыр. Кей сарапшылардың пікірінше, киіктердің қырылуына себеп болған Pasteurella multocida бактериясының тез таралуына көктемгі көп жауын-шашыннан кейінгі суық пен даланың шөп қабатындағы жайсыз өзгерістер сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.

XS
SM
MD
LG