Accessibility links

Араб әлемі тыншығанша қазақ мұнайы қымбаттай береді


Билігін сақтап қалмақ болып жанталасқан Ливиядағы саяси режим жан басына ақшалай 400 АҚШ долларын үлестіре бастады. Триполи, 28 ақпан 2011 жыл
Билігін сақтап қалмақ болып жанталасқан Ливиядағы саяси режим жан басына ақшалай 400 АҚШ долларын үлестіре бастады. Триполи, 28 ақпан 2011 жыл

Central Asia Newswire басылымы ақпанның 25-індегі санында араб елдеріндегі саяси тұрақсыздықтың ұзаққа созылуы мен мұнай бағасының күрт өсуі алдымен әлем экономикасына, артынша Орталық Азия мемлекеттеріне кесірін тигізе бастайды деп жазады.


Таяу Шығыстағы толқулардың әсерінен әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 100 АҚШ долларынан асып жығылды. Ал саяси наразылық шаралары қарқын алса, мұнай бағасы одан ары өсе түспек. Мұның Орталық Азия елдеріне, әсіресе мұнайға бай Қазақстан үшін қандай маңызы бар?

КАСПИЙ ТЕҢІЗІ ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫНЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРА АЛМАЙДЫ

Аталған басылым Таяу Шығыстағы толқулар мен мұнай бағасының әлемдік нарықта одан ары шарықтауы көмірсутегі ресурстарына бай Орталық Азия мен Қазақстанға әзірше қолайлы болып отыр дейді. Бұдан тек Астана ғана артық табыс тауып қалмайды. Қазақстанға көрші Өзбекстан мен Түркіменстан Таяу Шығыстан алыс жатқан және саяси тұрғыдан анағұрлым тұрақты болғандықтан бұл аймаққа Қытай, Шығыс Азия елдері мен Батыс Еуропадан келетін инвестиция көлемі ұлғаяды деп болжайды басылым.

Дегенмен, Каспий теңізі аймағындағы елдердің көмірсутегі шикізатына тәуелді экономикасының жылдам өсуіне қарамастан, Парсы шығанағы бұрынғыдай әлемдегі арзан, оңай игерілетін шикізат көзі болып қала береді. Тіпті солтүстік Каспийдегі Қашаған мұнай кен орны таяудағы екі жыл ішінде игеріле бастағанымен, бұл аймақты стратегиялық тұрғыдан өзгеріске ұшырата қоймайды деген пікір жазады басылым. Ал бұл дегеніміз Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері түгелдей, тіпті соңғы ретте Сауд Арабиясының өзі исламшыл радикализмнің әсерінен тұрақсыздыққа ұшырайтын болса, онда бүкіл әлем экономикасы апатқа тап болады дей беріңіз.

ТАҒЫ БІР ДАҒДАРЫСҚА ҰШЫРАЙМЫЗ БА?

Енді әлемдік экономикаға көмірсутекті шикізат бағасының артуынан тиетін зардап мынадай ретте іске асуы мүмкін. Египетте билік басына «Мұсылман бауырлар» ұйымының төңкеріс арқылы билікке келуі мен араб мемлекеттерінде наразылық шараларының жалғаса беруі алдағы бірнеше ай бойына мұнай бағасын барреліне 120-дан 150 АҚШ долларына дейін өсіріп жіберуі мүмкін.

Көмірсутекті шикізат бағасының өсуі алдымен АҚШ-та экономикаға күйрете соққы беретін гиперинфляцияның туындауына, ал Батыс Еуропа мен Солтүстік-шығыс Азияның өнеркәсібі дамыған елдерінде өнеркәсіп пен тұтастай экономиканың тұралап, бағаның үздіксіз өсуі - стагфляцияға апарып соғуы мүмкін. Бұдан дамыған индустриалды елдерде өнеркәсіп өндірісі тұралап, ал көмірсутекті шикізат, әсіресе мұнай өндіретін елдердің экспортына сұраныс дереу төмендейді.

Ал экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтуға күш салып жатқан Қазақстанның жоспарлары әлі бастапқы кезеңде тұр. Осыдан келіп Қазақстан мен өзге Орталық Азия елдерінің экономикасы 2008 жылы бастан кешкен дағдарыстан да күрделі қаржылық және экономикалық күйзеліске тап болуы ықтимал.

«Осы жағдайларға орай, Қазақстан кезекті дағдарысқа дайын болу үшін мұнай бағамында байсалды саясат ұстанғаны ләзім. Мұнай бағасының құбылуы Астананы мұнай экспортының тарифтерінен уақытша бас тартқызуы мүмкін.

Мұнай бағасы өссе, Қазақстан қысқа мерзімде өзіне қажетті қосымша табыс түсіре алады. Бірақ, Қазақстан Сауд Арабиясы сияқты аз ғана уақытқа созылатын мұнай бағасының шарықтап өсуіне бола нарықтағы өз үлесін азайтпайды. Келешекте де Қазақстан Сауд Арабиясының әлемдегі мұнай экспорттаушы басты мемлекет ретінде мұнай бағасын тұрақтандыруға арналған қадамын қолдайтынын да ескеруіміз қажет» деп жазады Central Asia Newswire.

Сондықтан Сауд Арабиясы қысқа уақыттық мүмкіндікті пайдаланып қалудан гөрі өз мұнайына деген әлемдік сұранысты ұзақ мерзімге сақтап қалу үшін Қазақстаннан да артығырақ күш шығаруы қажет. Ал Қазақстан мұнайдан басқа да қуат көздеріне, әсіресе газ бен уранға аса бай. Сауд Арабиясы тек мұнайға үміт артады. Корольдік үшін Йеменнен ағылып келіп жатқан көпшілігі заңсыз миллионнан аса иммигрант тұрақтылығына қатер төндіруші фактор болуы ықтимал. Себебі бұлар «әл-Қаида» мен өзге исламшыл топтар үшін таптырмас адам ресурсы. Ал Астананың ондай бас ауруы жоқ, әрі саяси тұрақсыздық пен діни экстремизм дендеген көршілері жоқ деген ой айтады басылым.

КЕДЕНДІК ОДАҚ МҰНАЙ САЯСАТЫНА ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛАДЫ

Егер Таяу Шығыстағы жағдай мен мұнай бағасы бақылаудан шығып кетсе, және Орталық Азияның көмірсутекті шикізатына тәуелді экономикасы одан ендігі жерде еш пайда көрмейтін деңгейге жететін болса, онда Қазақстанның Ресей және Беларусь мемлекеттерімен құрған жаңа кедендік одағының маңызы арта түспек деген ой айтады Central Asia Newswire. Бұл кедендік одақ Қазақстан мен Ресей үшін өздерінің мұнайын экспорттау мен баға саясатын үйлестірудің оңтайлы механизмі бола алатындығын дәлелдеді.

Мұнайдың әлемдік бағасы өсе түскен сайын, дүниежүзінде мұнай өндіру мен экспорттаудан Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орында тұрған Ресей мен 2019 жылы қара алтын өндіруден әлемдік алғашқы бестікке енуді жоспарлап отырған Қазақстанның дүниежүзілік нарыққа бірлесе ықпал етуі күшейеді деп болжайды басылым. Қазақстанның кедендік одақтың көретін бір пайдасы - Ресейдің екі елге мұнайдан түсетін табысты барынша арттыру тетігін қолдауы.

Алайда Орталық Азия мемлекеттерінің қай-қайсысының да экономикасы әлемдегі мұнай бағасының күрт құлдырауы немесе өсуі қаупінен қорғалмаған. Сондықтан Қазақстан мен оның көмірсутекті шикізатқа бай көршілері үшін мұнай бағасының бірнеше апта бойына жоғары деңгейде тұрып, содан кейін бір баррелі үшін 90-100 АҚШ доллары аралығында тұрақтағаны тиімді. Ал энергорусурстарға бай үш мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан саясаткерлері мұнай бағасы бұдан ары шарықтап және ұзақтау тұрақтап қалса, өздері үшін майшелпек екенін жақсы біледі деп тұжырымдайды Central Asia Newswire.
XS
SM
MD
LG