Accessibility links

Қазақстанды Солтүстік Кореяға үлгі етеді


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (ортада) әскерилермен бірге. Ресми сурет. 14 тамыз 2017 жыл.

Батыс баспасөзі Корея түбегіндегі шиеленісті жағдайды талдап, ядролық қарусыздану жағынан Қазақстанды Солтүстік Кореяға үлгі етеді. Бұған қоса, мұнай бағасы мен Қазақстанда туған канадалық "хакердің" ісіне қатысты комментарий жариялаған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘРІМ БАРАТОВ

Канадалық Calgary Sun газеті "Yahoo сайтын бұзды деген күдікке ілінген хакер Кәрім Баратов Сан-Франциско сотында өзін жазықсызбын деп атады" деген мақалада екі жыл бұрын Yahoo сайтын бұзуға қатысы бар деген күдікке іліккен, Қазақстанда туып-өсіп, кейін Канадаға эмиграцияға кеткен Кәрім Баратовтың шулы ісіне қатысты комментарий жариялаған.

АҚШ-тағы адвокаты Эндрю Мансилланың мәлімдеуінше, сәрсенбі күні Сан-Францискодағы сот тыңдауында Кәрім Баратов "жазықсызбын" деп мәлімдеген, келесі тыңдау алдағы сәрсенбіде өтуі тиіс. Алдыңғы аптада Кәрім Баратов Канададан АҚШ-қа экстрадициялауға келіскен болатын. Канададағы адвокатының сөзінше, бұл процесті тездетеді деген үмітпен жасалған. Егер сот айыпты деп таныса, Баратов 20 жылға сотталуы мүмкін.

МҰНАЙ БАҒАСЫ

Дубайдағы Gulfnews.com ақпараттық агенттігі сайты "Сарапшылар ОПЕК-тің стратегиясы нарық реттелгендей сезім тудырды деп санайды" деген мақаласында ОПЕК ұйымы мен бірнеше елдің мұнай өндіруді азайтуға қатысты былтырғы желтоқсандағы шешімінен кейінгі мұнай бағасының ғаламдық ахуалын талдаған. "ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің стратегиясы артық өндіруге жол бермеуге септесті, бірақ өзге елдердегі өнім көлемінің артуы олардың күш-жігерін құм етіп отыр" деп жазады Gulfnews.com. Бұл жерде кейінгі жылдары мұнай экспортын ұлғайтқан Қазақстанды да меңзейді.

Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішіндегі D жасанды аралы. 22 тамыз 2013 жыл.
Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішіндегі D жасанды аралы. 22 тамыз 2013 жыл.

Мұнай бағасын қымбаттату үшін ОПЕК-ке мүше 13 ел және ұйымға мүше емес 11 ел өндіру көлемін күніне шамамен 1,8 миллион баррельге азайтуға келіскен болатын. Биылғы қаңтардың 1-інде күшіне енген келісім шарттары 2018 жылғы наурызға дейін ұзартылған. "Әлгі келісім нәтижесінде қазір мұнайдың бір баррелінің бағасы 40 доллардан 50 долларға дейін қымбаттады" деп жазады Gulfnews.com.

Бірақ, мақала авторларының жазуынша, кей елдер келісімді орындамай, мұнай өндіруді ұлғайтып отыр. "Жуырдағы есептерге қарағанда, Ирак пен БАӘ сияқты ОПЕК елдері келісімді толық орындамай отыр, ал ОПЕК-ке мүше емес Қазақстан мен Малайзия кейінгі бірнеше айда өндіру көлемін ұлғайтқан" деп жазады Gulfnews.com. Бұған қоса, сайт ОПЕК-тен бөлек, "АҚШ бұл егестегі ірі ойыншы, оның ұлғайып бара жатқан өнімі Азияда жаңа тұтынушыларға жол іздейді" деп жазады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН СОЛТҮСТІК КОРЕЯ

Канадалық Brantfort Expositor газеті Western University университетінің халықаралық саясат жөніндегі доценті Эрика Симпсонның "Әлем Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы егесті бәсеңдетуге тырысып жатыр, бірақ бұдан ауқымдырақ картинаны көретін кез жетті" деген мақаласын жариялаған. Мақалада Корея түбегінде шиеленіскен қақтығысты талдаған. АҚШ президенті Дональд Трамптың Солтүстік Корея "отты қаһарға ұшырайды" деп мәлімдеуі сарапшылардың көбін "шектеулі ядролық соғыстың" жер бетіндегі қоршаған ортаға тигізетін зардаптары жайлы ойландыруға түрткі болды.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын балалармен бірге. Ресми сурет.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын балалармен бірге. Ресми сурет.

Мысалы, Эрика Симпсонның мақаласында Үндістан мен Пәкістан арасында әрқайсысының қуаты бір "Хиросимаға" татитын 100 зымыран қолдану арқылы болатын гипотетикалық соғыстың мамандарға белгілі сценарийі сипатталған.

"Жарылыстардан атмосфераға миллиондаған тонна күл-тозаң тарап, күннің көзін жауып тастар еді әрі жер бетіндегі температура Цельсия бағамы бойынша кемі 1,25 градусқа суып кетер еді. Жарылыстың тікелей әсерінен бір апта ішінде 20 миллионға жуық адам өліп, дәнді дақылдарды өндіру қисапсыз қысқаруына байланысты кейінгі он жыл ішінде екі миллиардтай адам аштықтан қырылу қаупіне ұшырар еді" деп жазады Эрика Симпсон. Бұдан бөлек, ол тіпті Дональд Трамптың дөң-айбатының нәтижесінде Солтүстік Корея диктаторы Ким Чен Ынды биліктен тайдырып, Пхеньянды түп орнымен жоюдың сәті түскен күннің өзінде бұл Солтүстік Кореядағы құпия жасырылған ядролық қаруды толық жоюға кепілдік бермейді деген пікір білдіреді.

Ал Астанада кейінгі күндері ядролық қарусыздану проблемасы бойынша халықаралық конференция өтіп жатыр, сондықтан Батыстың кей басылымдарында Қазақстанды мақтаған комментарийлер жарияланды. Америкалық Washington Times газеті жариялаған "Солтүстік Корея Қазақстаннан үлгі алуы тиіс" деген мақаласында комментатор Тодд Вуд Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы тәуелсіздік алған кезде қабылдаған әрі жалпақ жұртқа белгілі шешімін мақтап, Солтүстік Кореяны Қазақстаннан үлгі алуға шақырған.

Бұрынғы советтік ядролық сынақ полигонындағы "Атылған көл". Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз 2015 жыл.
Бұрынғы советтік ядролық сынақ полигонындағы "Атылған көл". Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз 2015 жыл.

"Ядролық сынақтардың алапат зардаптары қандай болатынын Қазақстан өз халқының тәжірибесінен тым жақсы біледі. […] Кезінде совет [билігінің] Қазақстандағы ядролық жүгенсіздіктерінің зардаптары естен тандырарлықтай болған. Мыңдаған адам ажал құшып, іштен кемтар болып туған, қоршаған орта бүлінген – бұл советтің Семейдегі ядролық бағдарламаларының мұрасына айналды» деп жазады Тодд Вуд. Бұдан әрі мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жауып, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану бағдарламасын бастау жайлы баяғыдағы шешімін әрі осы айдың соңында Өскеменде ресми ашылуы тиіс аз байытылған уранның әлемдегі тұңғыш қорын өз территориясында құруға қатысты ұсынысын да мақтаған.

"Қазақстан жол көрсетіп берді. Енді Пхеньян оның жолын қууы тиіс. Пхеньянды осы жолға итермелеу үшін әлем болып жұмылу керек" деп жазады Тодд Вуд. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын мақтаған комментарилерін Тодд Вуд бұрын да талай рет жариялаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG