Accessibility links

Президент қаңғыбас жануарлар туралы заңға қол қойды

Астана, Ақорда.
Астана, Ақорда.

19 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда үлкен дау тудырған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қолға қойды.

Әуелгіде парламенттің төменгі палатасы — мәжіліс жануарларды панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне түскеннен кейін иесі табылмаса бес күн өткен соң "эвтаназия жасауды", яғни өлтіруді ұсынған. Бұл бастама жануар құқықтарын қорғаушылардың наразылығын туғызған. Олар қаңғыбас иттерді аулаған соң стерилизация жасап, вакцина егіп, кейін еркіндікке жіберу тәртібін жетілдіруді талап еткен. Бұл тәртіп 2021 жылы қабылданған заңға сәйкес жұмыс істеген, алайда жануар құқықтарын қорғаушылардың айтуынша, ол елдің барлық аймағында бірдей іске асырылмай жатыр.

Қоғам қарсылығы күшейген тұста парламенттің жоғарғы палатасы – сенат жобаға бірқатар өзгеріс енгізді. Депутаттар "эвтаназия" терминінен бас тартуды және ауланған жануардың иесін небәры бес күн күту туралы тармақты алып тастауды ұсынды. Сенат қаңғыбас жануарлардың санын реттеудің нақты тәртібі мен мерзімін белгілеуді мәслихаттардың, яғни жергілікті өкілді органдардың қарауына берді. Кейін мәжіліс бұл өзгерістерге келісіп, қол қою үшін жобаны президентке жіберді.

Билік қаңғыбас ит көбейіп, халық арасында ит қауып, жапа шеккендер саны артқандықтан, заңды қатаңдата түсу керек деген ұстанымды жақтаған.

Түзетулерге сәйкес, қаңғыбас иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады, эвтаназия туралы шешім ветеринар дәрігердің қорытындысы негізінде қабылданады.

Тізімде бар жануарларды ғана сату және беруге болады. Бұл олардың иелері мен оның жауапкершілігін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, жануарларды көшеге тастағандарға айыппұл салынады және оларға қатігездік көрсеткендерге жаза күшейтіледі. Егер жануар адам денсаулығына зиян келтірсе, иесі эвтаназия жасатуға міндетті.

XS
SM
MD
LG