Accessibility links

"Президентпен таныстығым жоқ"."ВД Строй" қожайыны Азаттық зерттеуіне реакция білдірді

“ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков (оң жақтан екінші) Қызылордадағы театр құрылысын ашу рәсімі кезінде. 21 сәуір 2026 жыл.
“ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков (оң жақтан екінші) Қызылордадағы театр құрылысын ашу рәсімі кезінде. 21 сәуір 2026 жыл.

“ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков өзінің кәсіпорны жөнінде Азаттық радиосында шыққан зерттеуге реакция білдірді. Ол Ulysmedia YouTube-арнасына сұхбат беріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен туыстарын жеке танымайтынын айтты.

– Ол кісіні (президент Қасым-Жомарт Тоқаевты – ред) қатты сыйлаймын, бірақ ешқандай қарым-қатынасым, байланысым, таныстығым жоқ, өзін өмірде бірде-бір рет көрген емеспін. Туыстарының аты-жөнін, видеороликтерде айтылған фамилияларды, шынымды айтсам, бұған дейін тіпті естіген де емеспін. (...) Ақтөбеден көшіп келген қарапайым қазақтың баласымын. (...) Ауқымды нысандар мен қомақты қаржыны ала салу оңай емес. Оны аяқтау үшін көп еңбек ету керек. Біз күні-түні шапқылап, аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат тыным таппай, сүйікті ісімізбен шұғылданамыз, – деді Азамат Өсімбеков.

Азаттық зерттеуінде құрылыс компаниясының қазіргі қожайындары Азамат Өсімбеков, Еркін Оқасов және Асқар Құлтасбаевтың президенттің туыстарымен бизнесте серіктес не әріптес болмағаны айтылған.

Материалда “ВД Строй-инжиниринг” компаниясында 2020–2023 жылдары Өміржанова Бағдат Байтұрсынқызы – құрылтайшы, ал Қарағойшин Рустам Тимурұлы директорлық еткені, оларды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы және жиендерімен байланыстыратын дерек бары жазылған. Бұл уақыт кәсіпорынның табысы артқан кезеңмен тұспа-тұс келеді делінген.

Азамат Өсімбеков бұрынғы қожайындар жайын білмейтінін, өзі “ВД Строй-инжинирингті” сатып алғанын айтты. Бірақ келісім сомасын коммерциялық құпияға жатқызды.

Бизнесмен сонымен бірге өздерінің шағымынан кейін үйқамаққа алынған журналист "Айтпа, Ботагөз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарованың ісі жөнінде де пікір білдірді.

Ол Омарова “ВД Строй-инжиниринг” жұмысшыларға 600 млн теңге еңбекақысын бермей отыр деп жалған ақпарат таратты, беделімізді қорғау үшін сотқа жүгіндік” дейді.

21 наурызда Астананың тергеу соты Ботагөз Омарованы екі айға үйқамаққа алуға шешім шығарған. 20 мамырда шектеу түрін тағы бір айға ұзартты.

Астана қаласының полициясы Ботагөз Омарованы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікті ретінде тергеп жатыр. Іске нақты қай материал себеп болғаны айтылмаған.

Ботагөз Омарова президент іс басқармасына қарасты атқора құрылысына қатысқан жұмысшылардың еңбекақы ала алмай жүргені жөнінде бірнеше ақпарат жариялаған. Олардың бірінде “Ремстрой-1” деген қосалқы мердігер компанияның жетекшісі Әлихан Мазиев "бас мердігер “ВД Строй-инжиниринг” компаниясы президент туыстарының “қорғауында” дегенді естідім" деп айтқан. Қазір "Айтпа, Ботагоз" Telegtam-арнасында “ВД Строй-инжинирингке” қатысты ақпараттар өшірілген немесе жасырылғанға ұқсайды. Атқора төңірегіндеге еңбек дауы кезінде президент іс басқармасы – бас мердігер “ВД Строй-инжинирингке”, “ВД Строй-инжиниринг” қосалқы мердігерлерге берешек емес екенін, мәселе төмендегі жалданған компаниялар арасында туындағанын хабарлаған.

Азаттықтың “ВД Строй-инжиниринг” туралы зерттеуі 18 мамырда YouTube-те жарияланды. Материал шыққанға дейін компанияның өзіне, құрылтайшысына және Қазақстан президенті әкімшілігіне бірнеше сауал жолдады. Онда кәсіпорынды әр жылдары басқарған адамдардың президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарымен бизнес-серіктес, әріптес болғаны олардың қомақты мемлекеттік тапсырыстарды ұтып алуына ықпал етпеді ме деп сұрады. Әзірге жауап келген жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG