Accessibility links

Головкиннің тең аяқталған жекпе-жегі


Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек. Лас-Вегас, АҚШ, 16 қыркүйек 2017 жыл.

АҚШ-тың Лас-Вегасында кәсіпқой бокстан қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Алварес арасында өткен жекпе-жек тең тәтижемен аяқталды.

Орта салмақ дәрежесі (74,6 кг) бойынша өткен жекпе-жек 12 раундқа созылды. Оның қорытындысы бойынша төрешілердің бірі 118:110 есебімен жеңісті Альвареске берсе, екінші төреші 115:113 есебімен жеңіске Головкин жетті деген ұйғарым шығарды. Ал үшінші төреші кездесу 114:114 есебімен тең аяқталды деп есептеген. Осылайша, бұл кездесуде жеңімпаз анықталмады. Алғашқы екі раундта және 10-12 раундта үш төреші де жеңісті Альвареске берген. Ал 4-9 раунд арасында үш төрешінің есебі әртүрлі болған.

Альварес төрешілердің есебі жарияланған сәтте нәтижеге көңілі толмайтынын аңғартты. Ол бұл кездесуде "жеңіске жеткендігіне сенімді болғанын, басқа нәтиже күткенін" айтты.

"Алғашқы жеті-сегіз раундта жеңіске жеттім деп ойлаймын. Жоспар бойынша бокстастым. Мен Головкинге жеңілмеймін. Онымен қарымта кездесу өткізуге дайынмын", - деді ол.

Головкин де қарымта жекпе-жек өткізуге әзір екенін мәлімдеді.

"Тең түскеніміз менің кінәм емес. Барлық мүмкіндігімді көрсеттім. Чемпиондық белбеулеріме қараңыздар. Мен әлі чемпионмын", - деді ол.

Геннадий Головкин (оң жақта) мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек. Лас-Вегас, АҚШ, 16 қыркүйек 2017 жыл.
Геннадий Головкин (оң жақта) мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек. Лас-Вегас, АҚШ, 16 қыркүйек 2017 жыл.

35 жастағы Геннадий Головкин бұл жолы кәсіпқой бокстағы 38-кездесуін өткізіп, алғаш рет тең түсті. Осыған дейін 37 жекпе-жекте қатарынан жеңіске жеткен Головкин WBC, WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Осы жолы ол чемпиондық атақтарын 19-рет қорғады.

Ал 27 жастағы Альварес осымен кәсіпқой рингте 52 кездесу өткізіп, екінші рет тең түсіп отыр. Ол осыған дейін Флойд Мейвезерден ұтылып, 49 кездесуде жеңіске жеткен.

Бұл жолғы жекпе-жек үшін Головкин мен Альварес 15 миллион доллар шамасында гонорар алады. Оған қоса қос боксшыға телетрансляция мен билет сатудан түскен қаржының да белгілі бір бөлігі беріледі.

Кездесуден кейін боксшылар мен бокс мамандары әлеуметтік желі арқылы жекпе-жек туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған ұлыбританиялық боксшы Билли Джо Сондрес "тең нәтиже - қорлау. Бұл кездесуде Головкин жеңді" деп жазды.

Ресейлік кәсіпқой боксшы Сергей Ковалев "бокстың бизнеске айналып бара жатқанына" қынжылыс білдіріп, бұл кездесуде "Головкиннің жеңгені" туралы жазды. Кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы британдық Леннокс Льюис "екі боксшы да тамаша бокс кешін сыйлады. Альварестің де боксы ұнады. Бірақ төрешілердің шешімі күлкілі. Жеңіске Головкин лайық" деп жазды.

Ирландиялық бокс шолушысы Крис Маккейн "Головкинге соққысын дарыта алатын және оның соққыларына соққымен жауап бере алатын боксшы бар. Ол – Альварес" дейді.

Пікір білдіргендердің көбі америкалық төреші Аделаида Бердтің 118:110 есебін тіркегеніне наразылық білдірген. Бірінші орта салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы, америкалық боксшы Теренс Кроуфорд (32-0) "118:110 есебін берген төрешіні жылдам бокстан аластату керек" дейді.

Америкалық журналист Брайан Кэмпбелл "118:110 есебі – қылмыс" десе, тағы бір АҚШ журналисі Райан Сонгалия төреші Аделаида Бердтің "біліксіздігін" сөккен.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин биыл екінші рет кездесу өткізіп отыр. Ол бұның алдында 19 наурызда Нью-Йоркте америкалық Даниэл Джейкобспен кездесіп, 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен жеңіске жеткен. Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан өтетіні әзірше белгісіз.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG