Accessibility links

Прокурор блогер Миршат Сәрсенбаевқа 10 жыл түрме жазасын сұрады

Блогер Миршат Сәрсенбаев пен қорғау жағы. Tobolinfo.kz сайтынан алынған скриншот.
Блогер Миршат Сәрсенбаев пен қорғау жағы. Tobolinfo.kz сайтынан алынған скриншот.

Қостанайда "Бопсалау" бабы бойынша айыпталған блогер Миршат Сәрсенбаевқа прокурор 10 жыл түрме жазасын сұрады. Ақпаратты алғаш болып құқық қорғаушылар хабарлады. Блогердің адвокаты Снежанна Жукова 19 наурызда кешке Азаттыққа ақпаратты растады.

Оның сөзінше, алдағы отырыста қорғау жағы сөйлемек. Қорғау жағы істің бұрмаланғанын мәлімдейтінін жеткізді. Адвокат сотта бірде-бір салмақты дәлел ұсынылмады деп санайды.

Тергеу болжамынша, блогер облыстық мәслихат депутаты Қайрат Маишев басқаратын "Poultry-Agro" құс фабрикасынан "20 млн теңге бопсалаған". Бұл жөнінде "Tobolinfo" сайты жазды. Блогер өзіне тағылған айыптарға келіспейді.

Бұған дейін өз ауданындағы мәселелер туралы видео түсірген Миршат Сәрсенбаев Қарабалық құс фабрикасының қоқысы туралы видео түсірген, шалажансар құстарды далаға қалай таситынын көрсеткен. Айыптау жағының пікірінше, "блогер фабриканың заңбұзушылығына әдейі назар аудартуға тырысқан".

Блогердің видеосынан кейін тексеріс жүргізіліп, құс фабрикасына заң бұзғаны үшін үш рет айыппұл салынған.

Қаңтар айындағы сот отырысы кезінде Қайрат Маишев оның кәсіпорны заң бұзғаны үшін айыппұл төлегенін айтып, ал құс фабрикасы туралы таратылған теріс ақпарат бизнеске айтарлықтай шығын келтірді деді. Бірақ шығыны құжат түрінде расталмаған. Кәсіпкер "бұл жерде анализ жасаудың қажеті жоқ та"деп айтқан.

Сайттың жазуынша, 2025 жылы 20 ақпанда Миршат Сәрсенбаевтың ауласынан 15 млн теңге салынған пакет табылған, сол себепті оны фабриканың заңгері Игорь Шишов арқылы фабрикадан ақша бопсалады деп айыптаған. Сотта Шишов пен Сәрсенбаев арасындағы аудио да тыңдалған.

Құқық қорғаушылар істің саяси астары болуы мүмкін деп санайды.

XS
SM
MD
LG