Accessibility links

Прокурор журналист Олег Гусевке 4 жыл түрме жазасын сұрады


Теміртаулық журналист Олег Гусев. 2020 жыл.
Теміртаулық журналист Олег Гусев. 2020 жыл.

23 желтоқсанда прокурор "жеке өмірге қол сұқпау заңнамасын бұзды" (147-бап, 5-бөлік) деп айыпталған журналист Олег Гусевке 4 жыл түрме жазасын сұрады. Бұл жөнінде адвокат Жоһар Өтебеков хабарлады.

Оның сөзінше, 24 желтоқсан күнгі сот отырысында журналист "соңғы сөзін" айтады.

Олег Гусев 2023 жылы Алматыдағы "Кенжехан" базарының жаңа иелері мен базар орындарын жалға алушы саудагерлер арасындағы дау туралы мақала жазған. Тараптардың бірі туралы жазған кезде ол "азаматтың жеке және отбасылық құпия дерегін ашты" деп айыпталып отыр. Атап айтқанда, журналист сол адамның бірнеше рет сотқа тартылғанын жазған.

Айыптау жағының айтуынша, Гусев жәбірленушінің "іскерлік беделіне нұқсан келтіру мақсатында" мұны "қасақана жасаған".

Ал сотталушы мұны жоққа шығарады. Журналистің сөзінше, ол жәбірленушінің соттылығы туралы деректі сот кабинетінен алған және заңға сәйкес әрекет еткен. Гусев бұл қауіпті прецедент тудыратынын, себебі осыдан кейін кез келген журналист-зерттеуші кәсіби қызметі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтады.

Іс журналистер қауымдастығы арасында резонанс тудырды. Қоғамда "ашық дереккөзден алынған деректерді жариялау қылмыс па?" деген сұрақ қозғалды.

Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ақпарат комитеті адамның соттылығы жөнінде мәлімет "ашық ақпарат" саналатынын растаған.

Orda сайтының жазуынша, қазан айында жәбірленуші Елена Сәдуақасова ақпарат құралдарын "Гусев ісінен" біржақты ақпарат таратып жатыр деп айыптап, істі жабық өткізуді сұраған.

"Құрметті сот! Журналистер таратқан ақпарат ІІМ-нің жабық дерекқорынан алынғанын білеміз. Бұл ақпарат маған орасан зиян келтірді. Қорқамын. Менің балам мектепте буллингке ұшырады. Қазір менің жеке деректерім, отбасымның құпиясы тұтас Қазақстанға тарады. Сондықтан мені және менің отбасымды қинамаңыз. Процесті жабық қылыңыз. Бұл менің өмірім, менің құпиям" деді ол.

Ал судья өтінішін орындамады.

Сот қазанда басталған. Істі Алатау аудандық соты қарап жатыр.

"Гусев ісіне" баспасөз қорғау ұйымдары алаңдап отыр.

"Журналисті көпке қолжетімді деректі пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту талпынысы тек ұлттық заңнама емес, сонымен қатар заң үстемдігі қағидаттарына да қайшы келеді" деп мәлімдеді бұған дейін "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы Жоғарғы сот және бас прокуратураға жолдаған ашық мәлімдемесінде.

Олег Гусевтің соты елде құқық қорғаушылар мен баспасөз қорғау ұйымдарының пікірінше, сөз бостандығы тарылып, ақпарат құралдарына қысым күшейген тұста өтіп жатыр. Желтоқсан айының басында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі кейінгі апталарда тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарына қысым көрсетіп жатыр деп мәлімдеп, ел билігіне үндеу жолдап, мұны тоқтатуға шақырған еді.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі есебінде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орын алған. Ұйым Қазақстанда "тәуелсіз медиа еркін жұмыс істей алатын жалғыз кеңістік – интернетті бақылау күшейді" деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG