Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров YouTube "Просто журналистика" арнасын қалпына келтіргенін және негізсіз жабылғанын мойындағанын хабарлады.
Бір күн бұрын журналист YouTube арна авторларын “құпиялылық ережесін бұзды” деп айыптап, өшіріп тастағанын хабарлаған. Журналист арнада ешкімнің банк картасының нөмірі, есепшот сияқты деректер жарияланбағанын айтқан.
- Қоғамдағы өзекті мәселелер туралы репортаждар жариялайтын “Просто журналистика” арнасы биыл осымен екінші рет өшірілген. Жазда әлдекімдер арнаны “авторлық құқықты бұзды” деп айыптап, арна өшірілгеннен кейін олар да өздерінің аккаунттарын өшірген. Кейін арна баспасөз қорғау ұйымдарының көмегімен қайта қалпына келтірілген. Бұл жолы арна бір күннен кейін қалпына келтірілді.
- «Просто журналистика» – журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың коммерциялық емес жобасы. Арнаның 51,6 мың жазылушысы бар. Ол өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайды. Бұған дейін арна Қанды Қаңтар, жемқорлық, Украина, белсенділердің қудалануы және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған.
- Қоғамдағы өзекті мәселелерді айтып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзі де бұған дейін талай рет әкімшілік-қылмыстық қудалауға ұшыраған. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.
- Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.