Accessibility links

Иса пайғамбарды әжуалағаны үшін желі қолданушысын жауапқа тартты


Иса пайғамбардың суретінің алдында тұрған әйел. Мәскеу, 30 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Иса пайғамбардың суретінің алдында тұрған әйел. Мәскеу, 30 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ресейде сот Иса пайғамбарды әжуалайтын суреттерді әлеуметтік желіде бөліскен адамға қомақты айыппұл салды. Желі қолданушысы өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Құқық қорғаушылар елде діни көзқарасын білдірушілерді жазалау көбейгенін айтады.

Бұған дейін Ресей соты православ шіркеуінде Pokemon Go ойынын ойнаған бейнебаяны үшін блогерді жауапқа тартқан еді. Енді Иса пайғамбарды әжуалаған карикатураны әлеуметтік желіде бөліскен қолданушыны жауапқа тартты.

Қара теңіз жағалауында орналасқан Сочи қаласының соты христиан дініндегі басты тұлғаны әжуалайтын суреттерді парақшасына салған адамды "діндарлардың сезімін қорлаған" деп айыптады.

Тамыздың 2-сі күні жарияланған сот шешіміне сәйкес, 32 жастағы Виктор Ночевнов ресейлік ВКонтакте әлеуметтік желісінде Иса пайғамбар туралы карикатурамен бөліскені үшін 50 мың рубль (838 доллар) төлеуге тиіс. Ночевков 2014 жылдың қазан айынан бастап бір жыл бойы суреттерді жариялап келген. Қазір даулы карикатураны оның парақшасынан таба алмайсыз. Бірақ, Сочи соты шығарған үкімде әлгі суреттердің бірінде ағаш крестке таңылған Иса пайғамбардың тренажер залында жаттығып жүргені бейнеленгені, енді бірінде крестке 1961 жылы алғаш рет ғарышқа ұшқан советтік ғарышкер Юрий Гагариннің сөзін еске салатын "Кеттік!" деген жазу жазылғаны айтылған. Тағы бір карикатурада Иса пайғамбарға нацистік SS униформасын кигізіп қойған, оның қасына пасха мейрамы кезінде айтылатын сөздер жазылған.

Билік инквизиторлардың киімін киіп алып, діни тазалық үшін үнсіз күресіп жатыр.

Виктор Ночевновтың өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Құқық қорғау ұйымының ақпараты бойынша, оның қорғаушысы Сочи билігінің православ дінін ұстанбайтын тұлғалар мен өзге діни сенім-наным өкілдеріне қарсы қылмыстық қудалауды күшейткені туралы мәлімдеген.

"Соңғы уақытта Сочи билігі инквизиторлардың киімін киіп алды, діни тазалық үшін үнсіз күресіп жатыр", - деген адвокат Александр Попков.

Ночевновты "діни сезімді қорлауға" қатысты 2013 жылғы даулы заң бойынша айыптаған. Заңға сәйкес, айыпты деп танылған адамға үш жыл мерзімге дейін бас еркіндігінен айыру жазасын қолдану қарастырылған.

Ресейлік блогер Руслан Соколовский биыл мамырда осы заң бойынша айыпты деп танылып, үш жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Соколовский Екатеринбург қаласындағы шіркеуде Pokemon Go ойынын ойнағаны туралы бейнебаянын интернетке салғаны үшін жауапқа тартылған.

Түрмеге қамалмаса да Соколовский елдегі ықтимал терроршылар мен экстремисттердің ресми тізіміне енгізілген. Осы оқиғадан соң танымал ресейлік журналист әрі тележүргізуші Владимир Познер мемлекеттік телеарна арқылы "Ресейде қашаннан бері атеизм қылмыс болып саналады?" деген сұрақ қойды.

Иә, біреулердің ренішін туғызуы мүмкін. Бірақ, кез-келген қорлау дерегін қылмыстық іске айналдыра салуға болмайды.

Мәскеудегі Сова орталығының төрағасы Александр Верховский Азаттыққа діни сезімге қатысты "ақылға қонбайтын" айыптаулар көбейгенін айтады. Верховский басқаратын орталық Ресейдегі экстремизмге қарсы заңды пайдалану және асыра сілтеу деректерін бақылайды, оның пікірінше, Виктор Ночевнов "зілсіз әзілі" үшін жазықты болған.

"Иә, біреулердің ренішін туғызуы мүмкін. Бірақ, кез-келген қорлау дерегін қылмыстық іске айналдыра салуға болмайды", - дейді Верховский Азаттыққа.

Соңғы кезде Ресей билігі "экстремизммен күрес" деген желеумен интернеттегі пікірлерді шектей бастады. "Билік конституция рұқсат еткен сөзді де айтқызбайтын болды" дейді құқық қорғаушылар. Айыптау үкімі шыққан күні онлайн сұхбат берген Виктор Ночевнов прокурорлар одан айыбын мойындауды талап еткенін, бірақ "карикатураны өзі жасамағаны, әшейін бөліскендіктен" ол өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқанын айтқан.

Сочи соты Виктор Ночевновтың елден кетпеуін талап еткен. Айыпталушы "әжуа сурет діндарлардың сезімін қорлайды" деп ойламағанын айтады. Ночевновтың қорғаушысы Александр Попков сот үкіміне қарсы шағым түсірмекші.

XS
SM
MD
LG