Accessibility links

Путин Ресейдің зымыран келісіміне қатысуын тоқтатты


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин кезінде СССР мен АҚШ бекіткен ядролық қаруды бақылау келісіміне Ресейдің қатысуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Кремль 4 наурызда күшіне енген шешім ақпанның басында келісімнен шығу процесін бастағанын жариялаған АҚШ-қа жауап ретінде қабылданғанын мәлімдеді.

1987 жылы АҚШ пен Совет Одағы басшылары қол қойған "Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" келісімі Еуропа мен өзге де аймақтағы бейбітшіліктің кепілі ретінде қабылданып келген. Келісім бойынша, екі тарап орта (1000-5500 километр) және шағын (500-1000 километр) қашықтыққа ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығармау, сынақтан өткізбеу және көбейтпеу туралы міндеттемелер алған.

Вашингтон мен НАТО Ресей келісімді бұзды және оның 9М729 "Новатор" қанатты зымыраны (SSC-8 деп те атайды) келісімде көрсетілген шектен ұзаққа ұшады деп Мәскеуді бірнеше рет айыптаған. Ресей мұны терістеп, зымыран келісімін АҚШ-тың өзі бұзып отыр деп мәлімдеген. Вашигтон Мәскеудің айыптауын жоққа шығарған.

АҚШ пен НАТО-ның наразылығын туғызған Ресей зымыраны (видео - орыс тілінде):

4 наурызда Кремль сайтында жарияланған жарлықта "АҚШ келісім бойынша алған міндеттемелерін бұзғандықтан осындай шешім қабылданғаны" айтылған. Путин "АҚШ өз міндеттемелерін бұзбай орындауды қалпына келтіргенге дейін" Ресейдің ядролық зымырандар келісіміне қатысуын тоқтатып, бұл туралы Вашингтонды хабардар етуді Ресей сыртқы істер министрлігіне тапсырған.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Мәскеуді зымыран келісімін орындауға шақырып, зымыран келісімін "ондаған жылдар бойы Еуропа қауіпсіздігінің іргетасы болды" деп атаған. Ресей 9М729 зымырандарын орналастырып, "Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" келісімін "көпе-көрнеу әрі сорақылықпен" бұзды деген Столтенберг Брюссельде журналистерге.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Мәскеудің шешіміне НАТО жауабы қандай болады деген сұраққа ол "Біз асықпаймыз, баға беріп, бірге боламыз" деді. Бұған қоса Столтенберг НАТО-ның "Еуропада жаңа ядролық зымыран орнатпайтынын" айтқан.

БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик Антониу Гутерриштің Мәскеу мен Вашингтонға ядролық зымыран келісіміне байланысты келіспеушілікті жақын бірнеше айда реттейді деп үміт артатынын мәлімдеді. Бұл келісім "әсіресе Еуропада бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосты" деді Дюжаррик журналистерге.

БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.
БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.

Путин жарлыққа қол қойған кезде Венада АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің жетекшісі Джозеф Данфорд пен Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов кездесіп жатқан еді.

Келіссөздерді "конструктивті" деп атаған Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде екі генералдың зымыранға қарсы қорғаныс және қару-жарақты бақылау туралы келісімге байланысты мәселелерді талқылағаны айтылған. Герасимов пен Данфорд сонымен бірге Сириядағы ахуалға байланысты пікір алмасып, "оқыс оқиғаларға жол бермеу үшін тұрақты өзара әрекеттің маңыздылығын" атап өтті делінген Ресей әскери министрлігінің хабарламасында.

АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің жетекшісі Джозеф Данфорд (сол жақта) пен Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов. Хельсинки, 8 маусым 2018 жыл.
АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің жетекшісі Джозеф Данфорд (сол жақта) пен Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов. Хельсинки, 8 маусым 2018 жыл.

АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы бірқатар мәселелерге, солардың арасында Мәскеудің Украинаға қатысты агрессиялық саясаты, АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей киліккен деген күдік және Сириядағы азамат соғысына Ресейдің араласуы себепті салқын тартқан. Мәскеу Сирияда жеті жылға созылған азамат соғысында президент Башар Асадқа болысып келеді. АҚШ Асад үкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізіп жатқан көтерілісшілерді қолдайды. Ресей мен АҚШ әскерилері өзара қақтығысып қалмау үшін, Сириядағы жоспарлы әуе шабуылдары туралы бір-бірін ескертіп отырады. Данфорд пен Герасимов бұған дейін де бірнеше рет кездескен. Мұның алдында екеуі маусымда жүздескен болатын.

АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің өкілінің хабарлауынша, Данфорд пен Герасимов Сирия мәселесін талқылаған және "АҚШ пен Ресей арасындағы әскери қарым-қатынасы жайын, Еуропадағы халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайы мен өзге де маңызды тақырыптар" бойынша пікір алмасқан. Жоғары лауазымды шенеуніктер сонымен бірге "АҚШ пен Ресей әскерилер арасындағы жедел қауіпсіздік және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуды" талқылады деп мәлімдеді АҚШ қарулы күштері штаб басшылары біріккен комитетінің өкілі полковник Патрик Райдер.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG