Accessibility links

Путин: Украина жерінен айырылды деп айту орынсыз

Ресей президенті Владимир Путин «Россия 1» телеарнасындағы «Москва. Кремль. Путин» бағдарламасының жүргізушісі Павел Зарубинге берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленскийдің басып алынған аумақты "Ресей жері" деп тануға болмайтыны туралы сөзін «орынсыз» деп атады.

«Менің бұл мәселеге қатысты ұстанымым мынадай: бұл — олардың жері емес, тарихи тұрғыдан Ресейге тиесілі аумақ... Сондықтан қандай да бір жерден айырылғаны туралы айту, меніңше, орынсыз» деп бейсенбі күні Ресей ақпарат агенттіктері Путиннің сөзін келтірді.

Ол бұл тұста 2022 жылы Украинаның Ресей басып алған аумақтарында өткен, халықаралық қауымдастық мойындамаған референдумның нәтижесін алға тартты. Путиннің айтуынша, сол аумақтың тұрғындары алдымен «мемлекет тәуелсіздігі үшін», содан кейін Ресеймен қайта бірігу үшін дауыс берген.

Путин мұндай мәлімдемені Санкт-Петербургте АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткоффпен келіссөз жүргізгеннен бір күн өткен соң айтылды. Кездесуде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау мәселесі де талқыланған.

Кейін Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков қақтығысты реттеу процесі аяқталуға жақындап келе жатқанын мәлімдеді.

«Қаншалықты жақындағанымызды білмеймін, бірақ процесс осы бағытта жүріп жатыр» деді Ушаков. Оның айтуынша, Путин Уиткоффпен әңгіме барысында қараша айының бірінші жартысында соғысты тоқтату мәселесі бойынша Украина және АҚШ-пен үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін білдірген.

Путин Павел Зарубинге берген сұхбатында Ресейдің Украина мәселесі бойынша үшжақты келіссөзді қайта бастауға дайын екенін растады.

Ресей басшысы дегенмен келісім ұрыс қимылдарын қысқа мерзімге тоқтатумен шектелмей, түпкілікті сипатта болуы керегін айтты. Осылайша Путин уақытша бітім орнату идеясын тағы да қолдамады.

Путин Ресейдің «Украинамен соғысқысы келмейтінін» де айтты.

«Біз қазір де келіссөз жүргізуге және осы күрделі жағдайдан шығудың жолын іздеуге дайынбыз. Бұл — бізге өте жақын халық. Соңғы генетикалық зерттеулер орыстар мен украиндардың бір халық екенін көрсетіп отыр» деді Ресей президенті.

Осы аптада АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездескен Украина президенті Владимир Зеленский де батыс ақпарат құралдарына берген сұхбатында әскери қимылдарды майдан шебінде тоқтатып, жағдайды сол күйінде қалдыру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтты. Алайда ол «ешкім уақытша басып алынған Украина аумағын Ресей жері деп мойындамайтынын» ерекше атап өтті.

Кейінгі уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленскийді Ресеймен соғыса бергісі келеді деп айыптаған. Трамптың айтуынша, Зеленский «Ресеймен келісімге келгісі келмейтіндіктен», ол «АҚШ-тың қарым-қатынас жасауы керек адам емес».

Айдар
​
XS
SM
MD
LG