2022 жылғы Қарақалпақстандағы наразылық бойынша 16 жылға сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовқа қосымша жаза тағайындалды. «Мекеменің шырқын бұзды» деп айыпталған Тәжімұратов 5 жылға бас бостандығынан айырылды және "ерекше қауіпті қылмыскер" деп танылды. Сот үкімімен қатаң режимдегі колонияға жіберіледі. Бұл туралы Түрікменстанның адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры хабарлады.
Қордың хабарлауынша, сот үкімін 1 мамыр кешке Науаи қалалық сотының судьясы Дилобар Пардаева оқыған. Құқық қорғау ұйымының айтуынша, 16 жылға сотталған Тәжімұратовтың жазасына нақты қанша жыл қосылатыны белгісіз. Қордың айтуынша, кейбір болжамға сәйкес, сот бірінші үкімдегі әлі өтелмеген жазаға 2,5 жыл қосқан.
Осы қыста қозғалған жаңа қылмыстық іс бойынша сот Науаидағы түрмеде наурыздың соңынан бері жабық өткен. Сотталушының туыстары сот залына кіргізілген жоқ. Ал Тәжімұратовтың мүддесін мемлекеттік адвокат қорғаған.
Белсендінің бауыры Ренат Тәжімұратов бұған дейін Азаттық Азияға Дәулетмұрат түрмеде азапталғанын айтқан, кейін жаңа қылмыстық іс қозғауға негіз болатын оқиғаға әдейі арандатқан.
- Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов — 2022 жылы шілдеде Конституцияға енгізілмек болған түзетулерге қарсы Қарақалпақстандағы наразылық қозғалысының жетекшілерінің бірі.
- 2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты Дәулетмұрат Тәжімұратовты "конституциялық құрылымды құлатуға талпыну", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" және "билікті басып алу мақсатында сөз байласу" баптары бойынша айыпты деп танып, 16 жылға бас еркіндігінен айырды.
- Халықаралық ұйымдар бұған дейін Тәжімұратовтың тағдырына бірнеше рет алаңдаушылық білдірген. 2024 жылы қараша айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобы (Working Group on Arbitrary Detention) Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ісін қарап, белсенді заңсыз ұсталған деп таныған. Өзбекстан билігінен оны босатып, өтемақы төлеуді, азаптауды зерттеуді талап еткен.
- Түрмеде отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың азаптауға ұшырағаны туралы мәлімдемелерін, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарының оны дереу қамаудан босатуға үндеген талаптарын Өзбекстан билігі елеусіз қалдырған.