Accessibility links

Қанды қақтығыс қырғыз және тәжік президенттерінің беделіне қалай әсер етпек?


Қырғызстанның Баткен облысы Мақсат ауылындағы өртенген шекара бекеті алдында тұрған қырғыз сарбазы. 4 мамыр 2021 жыл.
Қырғызстанның Баткен облысы Мақсат ауылындағы өртенген шекара бекеті алдында тұрған қырғыз сарбазы. 4 мамыр 2021 жыл.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс ондаған адамның қазасына әкеліп, елдердің әуелі бір-біріне, одан кейін өз басшыларына деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы даудың шешілмей келе жатқанына 15 жыл болды. Бұған дейінгі қақтығыстар үнемі жергілікті сипатта болып, дұрыс белгіленбеген немесе мүлдем белгіленбеген шекараның екі жағындағы бірнеше ауылға ғана тарайтын. Қақтығыстар әдетте су тарату бекеті, құрылыс алаңы, жол жөндеу, дуал салу секілді жұмыстар төңірегінде өрбитін.

ҚАҚТЫҒЫС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

28 сәуірдегі қақтығыс та тура бұрынғы жанжалдар секілді басталды. Оған тәжіктердің Қырғызстан аумағындағы су тарататын бекетке бақылау камерасын орнатуы түрткі болған. Таудан ағатын су осы бекетте Қырғызстан мен Тәжікстанға бөлінетін.

Басында оқиға қалыпты тәртіппен өрбіді: тараптар бір-біріне ауыр сөз айтты, екі жақтан да шекара маңындағы ауыл тұрғындары жиналды, сосын бір-біріне тас лақтырды. Осыдан кейін шекарашылар келді, оқ атылды.

Кейінгі жылдары мұндай қақтығыстарда қолға қару алу жиілей түскен еді. Бірақ әдетте екі жақтан жергілікті билік өкілдері келіп, дауласқан тұрғындарға басу айтатын, адамдар құлақ асып, ауылына қайтатын. Бірақ 28 сәуірде басталған оқиға бұлай аяқталмады.

29 сәуірде су тарату орталығында атыс болды. Екі жақ та "олар бірінші бастады" деп бір-бірін айыптады.

Осыдан кейін тәжік әскері шекараның бірнеше шақырымға созылған бөлігінде ұйымдасқан шабуыл бастап, Қырғызстанға кірді.

Қырғызстандағы ондаған ауылға пулемет пен миномент оғы жауды. Тіпті зымыран да түсті.

Кей ауылдар маңында Тәжікстанның әскери тікұшақтары байқалды. Ал Душанбе оларды қақтығыс кезінде оқшау қалған азаматтарды эвакуациялау үшін қолданғанын мәлімдеді. Бірақ Қырғызстанның Ортобоз ауылында түсірілген суреттерден шабуыл тікұшақтарының зымырандарын көруге болады.

Қырғыз күштері де шабуылмен жауап беріп, Тәжікстанның бірқатар ауылына оқ жаудырды. Осы кезде Қырғыз әскерінің де қарсы тараптың аумағына өткені хабарланды.

Шекара маңындағы кей атысты есептемегенде, әскери іс-әрекет 30 сәуірде тоқтады. Қақтығыстан 36 қырғыз, 18 тәжік азаматы қаза тауып, 200-ден астам адам жараланды. Ондаған үй мен дүкен қирады, түрлі ғимарат бүлінді. Ондаған мың адам үйін тастап, босып кетті.

Екі тарап та бір-бірінің әскерін күш көрсетті деп айыптады.

Негізгі материалдық шығын қырғыз жеріне келді және Қырғызстан халқы мұны жақсы біледі.

Тараптар жәбір көрсетті деп бір-бірін сотқа бермек, бірақ мұның қандай да бір нәтиже беруі екіталай.

ДАУДЫ ШЕШУ МҮМКІН БЕ?

Қырғызстан мен Тәжікстанның көптеген ұқсастығы бар. Екі мемлекет те таулы аймақта орналасқан, жер көлемі мен халық саны да шамалас. Қырғызстанда 6,5 миллион адам, Тәжікстанда 9,5 миллион адам тұрады.

Тәжікстан Ауғанстан, Өзбекстан, Қытаймен шектессе, Қырғызстан Қазақстан, Өзбекстан және Қытай елдерімен шектеседі. Көршілері халық саны жөнінен де, әскер әлеуеті жөнінен де бұл екеуінен едәуір басым түседі.

Бұл ұқсастықтар бірігіп жұмыс істеуге, жақсы қарым-қатынас орнатуға негіз бола алады.

Бірақ кейінгі қақтығыстан кейін қырғыздар арасында Тәжікстан Қырғызстанды шабуылдады деген көңіл-күй пайда болды. Бұл көңіл-күй екі ел арасындағы осыған дейінгі достық, туыстық қарым-қатынасты үзгендей болды. Қырғыздар дер кезінде жауап бермеді деп өз билігіне де ренжіп отыр.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Тәжікстанға мұндай агрессияны қайталамауды ескерткені хабарланды. Бірақ басқа еш мемлекет бұл дауда Бішкектің немесе Душанбенің жағына шығып, жария түрде мәлімдеме жасамады.

Көңіл айтулардың көбі Қырғызстанға бағытталды. Бішкек бұдан басқа ештеңеден дәмелене алмайды.

Қазіргі мәселе "Мұндай ауыр жағдай қалай пайда болды?", "Шенеуніктердің қайсы кінәлі?" деген сұрақтар төңірегінде өрбіп отыр.

"ОҚИҒАНЫ БОЛЖАДЫ, БІРАҚ АЛДЫН АЛМАДЫ"

1 мамырда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетін басқаратын Қамшыбек Тәшиев пен оның тәжік әріптесі Саймумин Ятимов Қырғызстанның Баткен облысында кездесіп, атысты тоқтату, әскерді қайтару туралы келісімге қол қойды.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиев. 2 мамыр 2021 жыл.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиев. 2 мамыр 2021 жыл.

Тәшиевтің осы қызметке Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаровпен достығы үшін тағайындалғаны жиі айтылады.

2 мамырда Тәшиев Қырғызстанның Тәжікстаннан өтемақы сұрамайтынын, шекарадағы 112 шақырымды демокрациялау туралы келісім 9 мамырда дайын болатынын айтты.

Егер осы келісім расымен жасалса, жақсы жаңалық болар еді. Себебі шекарадағы даудың көбі осы шекараның белгіленбеуінен туып жатады. 970 шақырымға созылған қырғыз-тәжік шекарасының 450 шақырымы әлі демаркацияланбаған.

Бірақ Тәшиев осыған дейін шекара мәселесіне келгенде шикі мәлімдеме жасап көзге түскен еді.

Наурыздың соңында өзбек жеріне барған Тәшиев Өзбекстанмен шекара мәселесі "100%" реттелгенін мәлімдеген. Бірақ қырғыз ауылдарының тұрғындары келісім аясында айырбасталатын жерлерді алудан бас тартып, оның сөзі жоққа шықты.

Тәшиев 28-30 сәуірге дейін шекарадағы жағдайдың ушығып жатқаны туралы ақпарат болғанын айтты. Оның бұл сөзі биліктің қақтығыс боларын білгенін, бірақ оның алдын алу үшін ештеңе істемегенін меңзейтіндей.

Тәшиев 28 сәуірде медициналық көмек алу үшін шетелге кетуін де түсіндіре алмады. Әлеуметтік желіде оның Испаниядағы ұлының туған күніне барғаны айтылып жатыр.

ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ПРЕЗИДЕНТТЕРГЕ ӘСЕРІ

Қырғызстанның жаңа президенті Садыр Жапаров билікке Қырғызстан бұрынғыдан да күштірек болады деген популистік ұранмен келген еді. Оның бұл сөзі ұлтшылдардың көңілінен шықты. Бірақ осы қақтығыстан кейін қырғыздардың жаңа президенттен көңілі қалды.

Жапаров телеарнадан халықты сабырға шақырып, Тәжікстанмен жақсы қарым-қатынасты қайта жандандыруға үндеді. Бұл Қырғызстанның шекарадағы жағдайға көнетінін білдірді. Ол аз болса, Қырғызстан мен Тәжікстанда әскери шабуыл кезінде Рахмон Жапаровтың қоңырауын көтермей қойды деген қауесет тарады.

Жапаров пен басқа да лауазымды тұлғалар қираған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруға міндет алды. Қарызға батқан Жапаровқа бұл сөзінде тұру қиын болмақ. Оның алдында қазір мемлекеттің шетелге қарызын өтеу міндеті тұр.

Қақтығыс кезінде қираған үйлерді, жанармай құю станцияларын, дүкендерді, мектептер мен басқа да ғимараттарды қалпына келтіру үшін Қырғызстан билігі ақшаны қайдан алатынын елестету қиын. Олар халықтың жоғалған малын да өтеуге тиіс. Бұл мәселе әлі талқыланбады да.

Мұның бәрі Қырғызстанның басқа да проблемаларымен тұспа-тұс келді. Елде жұмыссыздық пен инфляция артты, қуаңшылық болып, коронавирус пандемиясы кесірінен экономикалық проблемалар туындады.

Тәжік қарулы күштерінің батыл әрекетіне қарасақ, Тәжікстанның автократ президенті шекарадағы қақтығысты пайдаланып қалғысы келген сияқты.

Тәжік президенті Эмомали Рахмон Тәжікстанның Қырғызстанмен қоршалған Ворух эксклавында. Сәуірдің басы.
Тәжік президенті Эмомали Рахмон Тәжікстанның Қырғызстанмен қоршалған Ворух эксклавында. Сәуірдің басы.

Рахмон жылдар бойы тәуелсіз БАҚ-ты жаншып келеді. Оның отбасы мүшелері әбден байып алған, ал халықтың орташа еңбекақысы 100 долларға да жетпейді.

70 жасқа таяп қалған Рахмон президент өз орнына өзінің үлкен ұлы Рустамды дайындаған және тәжіктер мұны қолдайды деп ойлаған. Ал шекарадағы кейінгі қақтығыс күтпеген жерден қолдауды күшейтті. Бұл оқиға оның Тәжікстанда династия құруын жеңілдете де, жылдамдата да алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG