Accessibility links

Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қаза болды

Қарағанды облысының картасы.
Қарағанды облысының картасы.

18 наурызда Қарағанды – Балқаш тас жолында Chevrolet Cobalt көлігінің 30 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған екі жолаушы жол апатына ұшырап, оқиға орнында қаза болды. Бір адам ауруханаға жатқызылған.

Оқиға Астана – Қарағанды – Алматы республикалық тас жолында Ақшатау ауылынан шамамен 40 шақырым жерде болған. Алдын ала мәліметке қарағанда, көлік бұрылыста жолдан шығып кетіп, аударылған. Желіде оқиға орнынан видео да жарияланды.

Видео авторы жүргізуші рөлде қалғып кеткен болуы мүмкін деп топшылайды. Бірақ видео астына комментарий жазғандар жолдың тайғақ болғанын алға тартады.

Қарағанды облыстық полициясы жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.

2022 жылы – 2425 адам;

2023 жылы – 2543 адам;

2024 жылы– 2579 адам

2025 жылы – 2,5 мың адам қаза болған.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр елде 36 мыңнан астам жол апаты болған. Апаттан 51 мыңнан астам адам зардап шеккен. Апаттардың көбі Алматы қаласы, Маңғыстау мен Алматы облыстарында болған.

XS
SM
MD
LG